Қанша үйде сөніп қалды оттар... (Соғыс туралы өлеңдер)

Қанша үйде сөніп қалды оттар... (Соғыс туралы өлеңдер)
Фото: alekseyevsk.ru
Естен кетпес Ұлы майдан сол тұста өмір кешкен ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Биыл сұм соғыстың аяқталғанына 76 жыл. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Олар ел үшін, Отан үшін қан майданда қайыспай қарсы тұрды, қайсарлық танытты, жау оғына ерлікпен кеудесін тосты. Алда келе жатқан Жеңіс күніне орай соғыс туралы өлеңдердің тағы бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.

Соғыстан қайтқан солдаттар 

Соғыстан қайтқан солдаттар 
Жаутаңдап қарап дала тұр, 
Көз жасын сүртіп жаңа бір. 
Хабарсыз ұлын сұрауға, 
Жолыңды тосып ана жүр. 
Қанша үйдің ұрлап адамын, 
Қанша үйде сөніп қалды оттар. 
Көрдің бе ұлын ананың, 
Соғыстан қайтқан солдаттар? 

Кешікпей жарым келер деп, 
Төрінен сайлап орынды. 
Батысқа қарап елеңдеп, 
Ару жүр тосып жолыңды. 
Көтерді бәрін ауырдың, 
Азамат болып арды ақтар. 
Көрдің бе жарын арудың, 
Соғыстан қайтқан солдаттар? 

Кетерде солдат жарының, 
Ішінде қалған ана жыл. 
«Көкемді айтпай танырмын», - 
Деп бір сәби бала жүр. 
Қайрылмай қалай кетесің, 
Хабарсыз қалай ол тоқтар? 
Көрдің бе оның көкесін, 
Соғыстан қайтқан солдаттар? 

Сырбай Мәуленов 
 
Әкелер мен ағалар
 
Әр жыл сайын әлдеқайдан бір құпия жел есер,
әр жыл сайын түн қойнында әлдекімдер кеңесер.
Жиырма миллион!
(нольдері көп демесең) 
қағазды да қайыстырмай жазылар сан емес ол.
Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман, – 
сонау жылы қайтпай қалған майданнан
әкелер мен ағалар.
Жо-жоқ, қате!
Қайтпай қалған жоқ олар:
Тоғызыншы май сайын сол Ер халық
күнбатыстан бұлт секілді торланып – 
қалың гуіл түнгі аспанға тарайды; 
ең биікке шығып ап
қырық миллион көз-жұлдыз боп қарайды
ұрпақтардың тірлігіне қызыға,
содан кейін окобына-сызына
Қайта құла-ған шақта
солқылдайтын секілді Жер бір түрлі – 
жапырақтың көзіне жас іркілді...
Жиырма миллион ұлы Армия, ұлы рух
көтеріліп қайтадан
әр жыл сайын бір-ақ түнге тіріліп,
орман болып түннің желі шайқаған
түйіледі қырық миллион жұдырық
тірі қалған жауларына.
Түн тымық,
түнгі самал алыс қырда тімтініп,
іздеп жүріп «туысқандар моласын»
оятады түгел бәрін.
Сол асыл
Ер жігіттер – әлемді алған атағы – 
сарт-сұрт етіп сапқа тұрып жатады.
Содан кейін...
«Отбой» алып бір тұстан
жолдарымен қырқысқан,
жиырма миллион көлеңке боп шұбалып,
курант ұрып, түн ортасы болғанда
нені қорғап өлген болса, сол маңда
табысады бәрі-бәрі.
Сонсоң әлгі көп халық
бара жатыр Бас алаңды бетке алып.
Жиырма миллион Ерлік, Қайрат, Құдірет
әр жыл сайын бір рет,
партизаны арба жегіп кәрі атқа
қатысады Жеңіс түнгі парадқа.
Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман – 
сонау жылы қайтпай қалған майданнан
әкелер мен ағалар.
Жо-жоқ, мүлде қайтпай қалған жоқ олар:
әр жыл сайын Тоғызыншы май түнгі
салтанатқа қаруларын қайта ілді,
қарауытып жауып өзен, жағаны
түні бойы дүбір тасты жарады...
ертесіне тірілердің парады.
Ал, біздің үй...
ерке қыз бен тентек ұл
шат-күлкіге кенеледі иен-тегін.
Ескішілдеу шешем – есті болса да,
әкеміздің өлген күнін сол санап
Тоғызыншы май сайын – 
Сары майға пісіреді шелпегін.

Жұмекен Нәжімеденов

Соғыстың соңғы көктемі

Соғыстың соңғы көктемі 
Жасылмен бояп қойған ба?! 
Жап-жасыл таудың бөктері 
Қырлар да, мынау ойлар да, 
Жап-жасыл болып көктеді. 
Соғыстың соңғы көктемі. 
Көп болды, жасыл тауларға, 
Жап-жасыл бұлттар шөккелі. 
Әкелді шуақ бар маңға, 
Соғыстьң соңғы көктемі. 
Соғыстың соңғы көктемі, 
Көп болды нұрын төккелі. 
Жап-жасыл анау аспан да, 
Аспан да, сірә, көктеді. 
Бойына таудың асылып, 
Шұғыла тұрды, көк меңі. 
Қызғанып, гүлін жасырып, 
Қылтанақтар да көктеді. 
Соғыстың соңғы көктемі. 
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы, 
Орманның жасыл шекпені. 
Қуанта, бірақ, алмады, 
Сонау бір үйді шеттегі, 
Соғыстың соңғы көктемі...

Мұқағали Мақатаев



Солдат Шинелі
(Советтер Одағының Батыры Қадыран Туғанбаевқа)

Уа, сұр шинель, сұрапыл кезеңдерде,
Өрт кешіп талай хутор, селендерде,
Жасқанбай жауған оққа қарсы ұмтылып,
Сен кешкен жүздік дүлей өзендерде.

Тобырсып тобығымнан сорғалап су,
Сіресіп сыртында мұз,
Бұрқырап бу,
Жат жерлікті жапыра ілгері озып,
Кезекті ердің үстіне орнаттық ту.

Кейде жаудың сыртына кеттік өтіп,
Төкседе оқ боранын нөсерлетіп,
Жел қағып желкілдеген етегіңді
Минаның жарқыншағы жатты тесіп.

Жерім жоқ бас сауғалап, жан қорыған,
Кейде "тіл" алып қайттық жау орынан,
Жүзім суық,
Түсіндей сұрғылттанды,
Көзімде түн күзетіп жол торыған.

Көзіне батыл қарап сұм ажалдың,
Сескенбей мен әрқашан алға бардым,
Солдаттық көкрегіме қалқан боп сен,
Жүрегімді қатерден қорғап қалдың.

Жүргенде намыс отын оқпен көсеп,
Болдың сен әрі жастық, әрі төсек,
Көзге ұйқы тығылса қар үстінде
Қалғыдым етегіңді астыға төсеп.

Автоматты төсіме қысып жардай,
Жата кетсем бүрісіп бойым жазбай,
Денемді сен қыздырып сала бердің,
Жардың жібек көрпесін жамылғандай.

Уа, сұр шинель, сұрапыл кезеңдерде,
Жүзерміз әлі талай өзендерде,
Жат жерлікті жайратып, азаттықтың
Тігерміз туын талай селендерге.

Ворошиловград, 1943

Әбу Сәрсенбаев


Солдат Сандырағы 
Сұлулықтың оқ атып тұнбасына, 
Соғыстардың айналған сырласына. 
Қолбасшының бір өзі байтақ Ресей 
Қару-жарақ жарасқан тұлғасына. 
Зұлымдықтан сомдалған тірі ескерткіш, 
Тұра қалған обадай қыр басына. 

Ай тұтылмай аспанда, 
Күн тұтылмай 
Жын қоғамда жүр дейсің кім құтырмай ? 
Туған ұлы күнінде қолбасшының 
Зеңбіректер атылсын үні тынбай. 
Той жасаймыз тау халқын түгел қырып, 
Шырқалатын сан ғасыр ұмытылмай. 

Солдаттармыз жол салған тыңнан етіп, 
Құлын даусы шыңғырсын шыңға жетіп. 
Қолбасшының туған күн құрметіне, 
Шешен халқын шаламыз құрбан етіп.

Ұрпақ сүйіп, 
Толтырған төлге өңірін, 
Шешендердің шегелеп көрге өмірін. 
Грозныйды жаман ба сыйға тартып, 
Қолбасшының ауласақ өр көңілін?! 

Солдаттармыз 
Туысын, туғандарын, 
Пәрмен берсе аямай қырған бәрін. 
Heгe, ендеше, қырмаймыз 
Тау жайлаған Шешен халқын, 
Ғасырдың құрбандарын! 

Кең дүниені мазалап жалықтырмай, 
Қан ұрттатып жүрсек те тарықтырмай. 
Қолбасшының туған күн құрметіне, 
Халық қырмай бола ма, халық қырмай?! 

Өмір - құлын болса егер шапқылаған,
Ресей - қасқыр санынан тартқылаған.
Аз ұлыстар нысана болса егер де, 
Ресей - алып зеңбірек атқылаған. 

Ұлыстарды торкчидай шырылдатқан,
Ұлыларды даланың құмына атқан. 
Ресей - алып диірмен, 
Халық-бидай 
Тартылғанда үн болып шығып жатқан.

Рафаэль Ниязбек
Ж. Жұмағұлов