Соғысқа қатысқан Абайдың ұрпақтары

Соғысқа қатысқан Абайдың ұрпақтары
Фото: «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы бүгін Ұлы Жеңіс күніне арналған «Отан үшін от кешкен Абай ұрпақтары» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырды.

Сол бір сұрапыл соғыс жылдары Қазақ халқы өз Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. КСРО-ның милиондаған әскерімен бірге, қазақ жауынгерлері де Ұлы Отан соғысына аттанып, батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске жетуге елеулі үлес қосты.

Ұлы Отан соғысынa семейлік жауынгерлер де үн қосты. Сол аяулы азаматтардың бір тобы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпақтары. Олар Отанды зұлым жаудан қорғап, қан майданда ерлік көрсетті, көбі туған елге қайтып оралмады. Жалпы алғанда Абай ұрпақтарынан соғысқа 9 адам қатысқан. Олар: Мағауия немерелері – Ишағы, Берекехан мен Жошыхан, Ақылбай немересі – Ғабдісләм мен Әлихан, Мекайіл немересі – Құзайыр мен Әлішер, Ізкәйіл ұлы – Тоқташ, Тұрағұл немересі – Алпаш.

Шараның негізгі мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Отан үшін жан қиған, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, сол аяулы азаматтардың бір тобы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпақтары екенін таныту. Соғыстан оралған, қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерлігін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу.

Студент жастарға мұражайдың жетекші ғылыми қызметкері Н.Өмірбекова «Ұлы отан соғысына қатысқан Абай ұрпақтары» атты баяндама оқыды.

Ұлы Жеңіс халқымыз үшін тарихта мәңгі қалатын күн. Отанды зұлым жаудан қорғап, қан майданда ерлік көрсеткен ардагерлеріміз қаншама. Сол ержүрек азаматтарымыздың бір тобы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпақтары. Ұлы мерекеге орай Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында «Отан үшін от кешкен Абай ұрпақтары» атты көрме ашылды.

Ұйымдастырушылар Ұлы Отан соғысының ардагерлері сияқты отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойына патриоттық сезімді сіңіре білу, соғысқа қатысқандардың ерен ерліктерін есте сақтауды мақсат еткен.

Көрмеде мұражайдың ғылыми қорында сақталған Ұлы ақынның соғысқа қатысқан ұрпақтары туралы деректер, фотосуреттері, соғыс даласынан жазған хаттары көрермен назарына ұсынылды. Абай ұрпақтарының ерлігі туралы жазылған мақалалар, кітаптар қойылған. 

Ұлы Отан соғысындағы ұлы жеңісіміз достықты шыңдаған, бірлікті жырлаған, ел дауысы болып шақырған жеңіс. Ел үшін, жер үшін жандарын қиған ата-әжелеріміздің, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпақтарының есімдері қазақ тарихында алтын әріппен жазылып, ешқашан ұмытылмайды.

Г. Берік