Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Арнайы жобалар / 9 мамыр 2016 / "Байтақ елдің бақытын Шекарада күзеткен..."

"Байтақ елдің бақытын Шекарада күзеткен..."

Қаһарлы қан майданда қарумен қатар қаламын және қойын дәптерін қолынан тастамаған тұлғалар жетерлік. ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңін жаттап, өздері де іштен шыққан дауылды жырларын қағазға түсіруден талмаған.

Соғыстың азапты күндеріне қарамастан, жыры мен мұңын, хаты мен жырын табылған нәрсеге, кейде тіпті түк табылмағанда, жейдесін жыртып, оған қанымен жазған жанкешті жазушылар мен ақындар да болды. Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Тоқаш Бердияров, Мұзафар Әлімбаев, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Жұмғали Саин сынды атақты ақындар сұрапыл соғысты өз көзімен көріп, ішінде жүргенде де, кейбірі қайта оралғанда да жырына қосты. Сол жалынды жырлардың ғаламторда жарияланбаған нұсқаларын оқып, жігеріңізді жаныңыз.

Қолтаңба

Сен де көрдің Берлинді,
Мен де көрдім Берлинді.
Мұңын ұқтым мен оның,
Тілін ұқтым мен оның.

Сонда Унтер ден Линденге
Ізім түсті, ол рас.
Шпрееге менің де,
Жүзім түсті, ол рас.

Бранденбург қақпасын
Ашқанның да бірімін.
Алаңының ақ тасын
Басқанның да бірімін.

Рейхстагқа анықтап,
ЖАздым аты-жөнімді.
Қарағанда парықтап,
Соным дұрыс көрінді.

Сонау кеште, сол таңда,
Қалды менен қолтаңба.
Сейітов деп қол қойдым,
Қорқаулардан қорқам ба?

Сол қолтаңба дайып сел,
Өшпегенін тілеймін.
Өз орнынан тайып сәл,
Көшпегенін тілеймін.

Сағынғали Сейітов

Аттанарда

Кәрі дүние шайқалды тағы да бір,
Торлады бұлт күн көзін, басты ауыр зіл.
Жарақты жау жалмауыз ажал-сынды,
«Келсін маған» деп менің алдымда тұр.

Кеттім. Қауіп дүниесі еншім менің,
Садағыңмын қасиетті Отан сенің.
Қанды жорық жолына бірге аттаншы,
Жарып шығар кеудемді өлеңдерім!

Нығыз баса табанды, сұр шинельмен,
Шықтым жолға достар көп қасыма ерген.
Сенің Шолпан жұлдызың сөнбесін деп,
Қысқа ғана қоштастым туған елмен.

Жеткіз жылдам Майданның даласына,
Оқ пен оттың қаулаған арасына!
Ақса қаным анамдай мені өсірген, –
Шипа болар Отанның жарасына.

Жеткіз мені! Қарсы алсын өрт пен жалын!
Саған, жолдас қолбасшы, жалынамын,
Кескілескен айқаста бір сынайын,
Кердең басқан көшеде ақын жанын.

Жеткіз! Отан қауіпте, тез барайын,
Тез барайын, фашистен кек алайын.
Түндей қара жүрегін тура тіліп,
Қанжарымды қанына бір малайын.

Қас жауымды мұқатпай қарсы шауып,
Тоғыз ажал, тұрса да тоқсан қауіп.
Жанды азаға, жүректі жауға тоспай,
Жата алмаспын үйімде ләззат тауып.

Қош, туған жер! Көрермін келсем тірі,
Жүзің ыстық,не деген қойның жылы!
Топырағыңмен жабарсың жас денемді,
Болсам егер құрбанның мен де бірі.

Қош, достарым! Ұяда жастан өскен,
Кездесерміз майданда бел-белестен.
Қош, елдегі замандас, үлкен-кіші,
Не жақсы, не бір кезде жаман дескен.

Ер партиям, ана боп сен тербеттің,
Блім бердің, өсірдің, мен ер жеттім.
Саған төнген қауіпке қарсы аттанып,
Ақ жолында өлуді арман еттім.

Жұмағали Саин

Тоғызыншы май

Күнім ғой бұл аңсаған,
Сағынышпен шаршаған.
Жерімізге гүл шықты,
Тәнімнен кеше тамса қан.

Жау құтырған күндерде,
Жата алдым ба үйде мен.
Не көрмеді бұл денем,
Снаряд – қасқыр сүйреген.

Қанды құйын қу соғыс,
Қарғаған сені барша жан.
Қаһарман қатал ұлы орыс,
Қамалда тұрды қоршаған.

Ақ кірпігін Алатау,
Көтеріп кәрі бабадай.
Қаһарлы түнде жақты алау,
Шырт-шырт жанды қарағай.

Шала-пұла қоштасып,
Шартарапқа қарамай,
Майданға тарттық! От шашып,
Аққандай бұлттан найзағай.

Қалмаған екен тот басып,
Амангелді мылтығын.
Алатаудан оқ шашып,
Аламан жауға ұмтылды.

Қыршылып оққа жер үсті,
Жүрсек те кейде жаралы.
Ант еткеміз жеңісті,
Әділет совет адамы.

Дихан Әбілев

Танкистерге салют

Күнді көзден батырып,
атқан таңды қарсы алған,
Батырлардың батыры
Мұздай темір құрсанған
Танкистерге салют!..
Салют!..
Салют!..

Өрт жалынға күймейтін,
Тұңғиыққа батпайтын,
Тауға да бас имейтін,
Болат тұлпар баптайтын
Танкистерге салют!..
Салют!..
Салют!..

Достың жанын балқытып,
Жау жүрегін мұз еткен,
Байтақ елдің бақытын
Шекарада күзеткен
Танкистерге салют!..
Салют!..
Салют!..

Хамит Ерғалиев

Дайындаған: Әсел Асанова
Фото: Өңделген
Қосылған күні: 05 мамыр 2016, 16:12

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.