БҚО-да майдангерлерге 150 мың теңгеден әлеуметтік көмек беріледі

БҚО-да майдангерлерге 150 мың теңгеден әлеуметтік көмек беріледі
Фото: kapital.kz

Алдын ала мәліметтер бойынша, Батыс Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 71 жылдығы мерекесіне орай биыл жергілікті бюджеттен 10810 адамға 143 миллион теңге бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлағандай, өткен жылы 11169 адамға 152,7 миллион теңге төленген.

Биыл Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары 150 мың теңгеден алады. Сонымен қатар Ленинград құрсауында болғандарға, фашистік концлагерьлер мен геттолардың кәмелетке толмаған тұтқындарына, кеңес әскерінде болған жалдамалы қызметкерлерге 20 мың теңгеден (Орал қаласында 60 мың теңгеден), соғыста қаза тапқан жауынгерлердің  қайтадан некеге тұрмаған жесірлеріне 20 мың теңгеден (Оралда 15 мың теңгеден), қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына 15 мың теңгеден, соғыс кезінде тылда еңбек еткендерге 10 мың теңгеден (марапаты барларға 15 мың теңгеден) берілмек.

Сонымен бірге соғысқа қатысушылар мен соларға теңестірілген тұлғаларды (фашистік лагерьде тұтқында болғандар, Ленинград құрсауы тұрғындары) коммуналдық қызмет ақысынан толықтай босату үшін оларға ай сайын 5 АЕК көлемінде (10605 теңге) әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы