Байкен Әшімовтің өмір жолы

Байкен Әшімовтің өмір жолы
Фото: ashimov.com

Байкен Әшімұлы Әшімов есімі тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де таныс. Майдангер, қоғам қайраткері, 1970-84 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1984-85 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болды. 1977 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды.

Байкен он бес жасқа толғанда анасы Сақып пен атасы Қабдолла ұлдарының аштық жайлаған ауылда қалғандығын жөн көрмей, елден алыс кетіп, өмір жолындағы белестерін бағындырғанын қалайды. Сөйтіп, Байкен туған ауылы Шабақбаймен қоштасып, жолға шығады. Бұл кезең - елді аштық жайлаған 1932 жылмен тұспа-тұс кез еді. Ол Көкшетауға дейінгі 150 шақырым жолды бірнеше күнде жүріп өтеді.

Байкеннің бақытына орай, Көкшетаудағы балалар үйінде туысқаны Есбай Сүлейменов директор болады. Ол жас баланы өзі үйіне қондырып, ертесіне Петропавл қаласына бағыт алған поездға салып жібереді. Есбайдың айтуы бойынша, Петропавлда оның жерлесі Абдулаис Жұмабаев тұрады екен. Байкен сол кісіні іздеуге аттанады. Көп қиналмай, Абдулаисты да табады. Ол сондағы техникумдардың бірінде сабақ береді екен. Байкен Әшімов соның көмегінің арқасында техникумға оқуға түседі. Оған жатақханадан орын беріліп, күніне 800 грамм нан мен бір мезгіл ыстық тамақ ішу бақыты бұйырады. Аштықтан кейінгі бұл кезең оған жұмақтағыдай көрінеді...

ФЗО-да оқу күнде болады. Демалыс деген атымен жоқ. Оқудан соң паровоз депосында жұмыс жасайды. Бір ауыз орысша білмейтін Байкен басында қатты қиналады. Кейіннен орыс жігіттермен тілдесе келе орысша үйреніп алады. Жарты жылдан соң біршама біліп, тілдесе алуға дәрежесі жетеді. Біртіндеп сөйлесумен қатар, жазуды да көштен қалмай үйрене бастайды.

Жас Байкеннің есінен отбасы бір сәт шыққан емес. Олар тірі ме екен? Не істеп жатыр екен? – деген сұрақтар ойынан кеткен жоқ. Ол отбасы туралы алғашқы хабар-ошарды 1933 жылы Петропавлге келген ауылдасынан естіді. Бұл кеткен соң ауылындағыларды жаңа құрылған Булаев ауданындағы «Возвышенский» совхозына жұмысқа алдырған. Жоқшылық, еңбек ақысының төленбеуі, қатаң басшылық пен ертеңгі күнге деген сенімсіздік көп адамдардың туған жерін тастап кетуіне себеп болған. Бәрі де өмір сүрудің жолын іздеген. Байкен туыстарының хал-жағдайын кездескенде көріп, ішінен қан жылады. Не де болса, бастысы – тірі екен! Ол бір айға берілетін азық-түлік саудасы кезінде бір килограмм қант, екі аптаға жететін картоп, бір килограмм алты жүз грамм нан сатып алып, барлығын қаншама айлар бойы сағынған анасына берді. Оның туысқандары 1936 жылы туған ауылына оралды.

Байкен Әшімов ФЗО-дағы оқуын аяқтап, паровоз жөндейтін маман болып шықты. Алайда оған мамандығы бойынша жұмыс табылмады. Ол оған өкінген жоқ. Одан ары оқуын жалғастырып, мықты маман болуды мақсат тұтты. Бұл мақсатын училище басшылығы да қолдады. Нәтижесінде Петропавлдан аса алыс емес Ленин ауданындағы (қазіргі Есіл) Покровка ауылындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Осында үшінші курс оқып жүргенінде, аудандық комсомол комитетінің саясат бөлімін басқаруға шақырады. Қызметте жүріп, көп ауыл мен елдімекендерде болады. Адамдармен қалай тіл табысуды жете меңгереді.

1938 жылы Байкен Әшімовтің өмірі күрт өзгерді. Оны әскер қатарына шақырды. Жылдам әскер жасақтау шарасы нәтижесі бойынша Байкен Украинаның Черниговский ауданындағы Нежин қаласынан бір-ақ шықты. Әйгілі генерал Рокосовский басшылық жасайтын корпустағы мергендер полкінің қатарын толықтырды. Әскери оқу-жаттығу жиындарында шыңдалып, ширай түсті. 1939 жылы Германия Польшаға шабуыл жасап, Екінші дүниежүзілік соғысты бастағанда, осы Киев округінің әскері Батыс Украина мен Батыс Беларуссия жеріне аттанды. Байкен Әшімов бұл әскери операциялардың басы-қасында жүрді. Дегенмен қызыл әскер де, поляк әскері де соғысу туралы нақты бұйрық алған жоқ. Ол соғыс тұтанып жатқан өлкедегі әсер құрамында Львов, Дрогобыч, Польшаның Пшемысль, Черновцы қалаларын басып өтті. Жергілікті тұрғындар Қызыл әскерді зор қошеметпен қарсы алды.

1939 жылдың қараша айының соңында Кеңес-фин соғысы басталды. Байкен Әшімов әскери борышын өтеп жатқан әскер жасағы Архангельскіге аттанды. Әскери жаттығулар мен соғыс тактикалары басталып, әйгілі «Маннергейм линиясын» басып алу мақсаты қойылды. Алайда шабуылды бұлар емес, Ленинград әскери округінің сарбаздары бастады. 1940 жылдың 12 наурыз күні Финляндия жеңіліс тапқандарын ресми түрде мойындады. Нәтижесінде солтүстіктегі соғыс қимылдары тоқтатылып, Байкен Әшімов әскери борышын өтеп жатқан жасақ Кеңес-поляк шекарасындағы Новогрод-Волынский қаласына оралады. 1941 жылы жасаққа қуанышты хабар жетіп, 1938 жылы әскерге келгендер еліне қайтатындығы белгілі болады. 10 маусым күні Байкен құжаттары мен жол билетін алып елге бет алады. 18 маусым күні елге аман-есен оралады. Арада төрт күннен кейін Ұлы Отан соғысы басталады...

Соғыстың алғашқы жылдарын Байкен Әшімов елде өткізді. Бұл уақыт – оның өміріндегі ерекше кезең. Казгородтағы орта мектепте әскери дайындық пәнінен сабақ берген Байкен өміріндегі басты тұлға Бақытты кезіктірді. Оныншы сыныпты жаңа бітірген қыз өзгелерден ақылымен де, көркімен де ерекшеленді. Бақыттың бір жымиып күлгені Байкеннің жүрегіндегі махаббат отын тұтатты. Олар енді ғана танысып, сезімдерін жаңа білдіргенде Байкенді екінші рет әскерге шақыртып, 1942 жылдың шілдесінде солтүстік-батыстағы майданға аттандырды. Ал оған дейін Харковьтағы әскери училищеде дайындықтан өтті. Қарашаның қақаған суығында майданға келіп, командирдің саяси көмекшісі болды.

Байкен барған рота өзге роталармен бірге Калужка облысындағы Спас-Деменск қаласы маңындағы Сучан жерінде майдан жүргізді. Ол осындағы майданда алғаш рет майдан даласына шықты. Байкен «Ел сенімі – ең қымбатың» деген кітабында соғыстың сұрапыл күндерін еске алады. Әуеде неміс ұшақтары, жердегі ми батпақ Байкен барған ротаның соғыс жүргізуіне көп кедергісін тигізеді. Қорғаныста жүрген жаяу әскерге ас-су жеткізу мен медициналық көмек көрсету қиын болады. Бірнеше күнде рота әскерінен 40 %-ы ғана қалады. «Біздің сарбаздар соңына дейін шайқасып, ерлікпен майдан даласында ұрыс жүргізді» - деп жазады Байкен кітабында.

Үш айдан кейін Байкен Әшімов 87-ші атқыштар бригадасына командир болды. Бригада Ашхабадта құрылғандықтан, олардың көпшілігі түрікмендер болды. Кейіннен бұл бригада 76-шы атқыштар дивизиясы болып жасақталды. Осында Байкен саяси бөлімді басқарып, майдандағы жорығын жалғастырды. 1943 жылы дивизия Батыс майдандағы кескілескен шайқасқа қатысып, маршал Г.К.Жуков бастап шыққан әскермен Ельни қаласының азат етілуіне қатысты. Бұл қала немістердің Смоленскіге бағыт алған жолындағы басты соғыс күші жинақталған орын болды. Қала екі рет немістердің, екі рет Кеңес әскерлерінің қолына өтті. Қаланы жаудан азат етуде Байкен бастаған дивизия асқан ерлік көрсетіп, «Ельнинской» құрметті атағымен марапатталды.

Соғыс сұрапылы оңай болмады. Бұл туралы Байкен Әшімовтің полковник В.В.Уткин жайлы жазған естелігінен-ақ байқауға болады. «1918-1920 жылдар аралығында өткен Азамат соғысы кезінде Василий Васильевич әскер қатарында болып, ерлігімен көзге түскен сарбаз болған екен. Ұлы Отан соғысында да В.В.Уткин жауға бірінші шапты. Ылғи алда жүрді. Сөйтіп жүріп, Смоленскі маңындағы Ружино елдімекеніндегі шайқаста ауыр жарақат алды. Мен көмекшім екеуміз полковникті майдан алаңынан алып шығып, артта қалған емдеу орнына жеткізбек болдық. Алайда өзеннен өткізбек болып жүргенімізде, Василий Васильевич қолымызда қаза тапты. Cол күні полковникті дивизияға жеткізіп, барлық дивизия асқан құрметпен В.В.Уткинді Любимово ауылы маңына жерледік.

1944 жылдың шыжыған шілдесінде бірінші Беларусь майданында біздің 76-шы атқыштар дивизиясының бір бөлімі 47-ші әскер құрамында Польша шекарасына басып кірді. Дивизия батыс Буг арқылы үш жүз шақырым алға жылжыды. Вельки, Малый Град, Осувка, Мермамполь, Ситник және өзге де қалалар жау қолынан азат етілді. Сондай-ақ, дивизия Бяла-Подляска қаласын жай тырнағынан құтқарды. 1944 жылдың 14 қыркүйегінде дивизия Варшавадағы Висла өзенінің батысында орналасқан Прага қорғаныс қамалына шабуыл жасады. Дивизияға Вестерплятте атындағы Польша бірінші танк бригадасы мен Тадеуш Костюшко атындағы бірінші жаяу әскер көмекке келді».

«Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріне берген сұқбатында Байкен Әшімов: «Мен майданда қазақ сарбазының абыройын төмендеткен жоқпын деп ойлаймын. Қасық қаным қалғанша күрестім. Сол ерліктерім үшін Сталиннен екі рет марапаттау хатын алдым. «Қызыл жұлдыз» орденімен, Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Польшаның «Вертути миллитари» орденімен марапатталдым. Поляктардың бұл ордені Варшава қаласын азат етуде асқан ерлік көрсеткен жауынгерлерге берілді».

Көптеген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Байкен Әшімовтің немересі Лаура Сейдалина Әшімова атасы туралы мұрағаттағы ақпараттарды, марапаттарын, майдандағы бұйрықтары мен тың деректер тапты. Олардың қатарында 1943 жылдың 24 желтоқсанында алған «Қызыл жұлдыз» орденінің марапаттау қағазы да табылды. Онда Байкеннің ерлігі жайлы төмендегідей жазылыпты:

«Майдан даласында жолдас Әшімов нағыз саяси маман екенін көрсетті. Жұмысын жоғары деңгейде орындап, уақытылы ақпаратпен қамтамасыз ете білді. Ол барлық соғыс тәсілі мен ұйымдастыруы барысында дивизиямен ақылдаса жүріп, дұрыс шешім қабылдай білді.

Жолдас Әшімов – нағыз ер, нағыз саяси қызметкер. Қиын сәттерде жауынгерлердің рухын көтеріп, жау оғынан жасқанбады. Әсіресе, Старый Буда, Ляхово мен Бобровода өткен шайқастарда ерекше көзге түсті.

Байкен Әшімов – адал, ер мінезді саяси қызметкер. Ленин-Сталин партиясы мен Социалистік Отанның адал ұлы ретінде Ельнин дивизиясы құрамында ерлігі мен жұмысындағы асқан шеберлігі үшін Отанымыздың «Қызыл жұлдыз» орденіне лайықты деп танимыз!».

«Саяси бөлімнің басшысы, полковник Уткин»

1944 жылдың 4 қазанында Байкен Әшімов 47-ші әскер бұйрығымен ССР Жоғары Кеңесінің тапсырмасын сәтті орындағаны үшін І дәрежелі Отан орденімен марапатталды. Орденнің марапаттау қағазында төмендегідей хат жазылды:

«Өз ісіне асқан жауаптылықпен қараған жолдас Әшімов асқан ерлік те көрсете білді. Саяси қызметкер ретінде жүріп ғана емес, майдан даласында офицерлер мен жауынгерлерге дұрыс соғыс тактикасын жүргізуге кеңес бере білді. Сарбаздарды сәт сайын рухтандырып тұрды. 12.09.1944 жылы Прагадағы шайқаста жолдас Әшімов ауыр жарақат алып, ауруханаға жөнелтілді...»

Украина мен Польшадағы кескілескен шайқастар туралы Байкен Әшімов өз естелігінде талай деректер жазып кетті. Оның ішінде өзінің жарақат алуы да бар.

«Украина мен Польша жеріндегі майданға біздің дивизияны Виталий Арсенович Долгополов бастап барды. Жарақат алғанымда майданнан сол кісі алып шығып, Варшавадағы емдеу батальонына жіберді. Соғыс біткеннен кейін полковник Виталий Арсенович Батыс Украинаның Львов қаласында тұрды. Маған «Батыс Бугтан Вислаға дейін» кітабын жолдады. Онда соғыстағы оқиғалар мен очерктер топтастырылған екен. Ал кітаптың алғашқы бетіне: «Байкен Әшімұлы Әшімовке! Батыс Бугтан Вислаға дейінгі Польша жерін азат етуге қатысқан құрметті майдандас досыма. 76-шы атқыштар дивизиясының басшысы В.А. Долгополов. 20.IV.1985 ж.».

Байкен Әшімов 9 ай госпитальда жатып, Жеңіс күнінен кейін елге оралды. Ол снарядтың жарқыншағымен жараланған еді. Арада қанша жылдар өтсе де Байкен майдандас достарымен ара қатынасын үзген жоқ. Бір-бірін іздеп, хат-хабар алмасып тұрды. Бірде Байкенге ленинградтық майдандасы Михаил Крапивинмен хат алмасу мүмкіндігі бұйырды. 70 жылдардың басында ол Қарағанды ауылдық обкомында бірінші хатшы қызметін (Бір кездері Хрущев бастамасымен облыста екі комитет жұмыс жасаған: ауылдық және өнеркәсіптік) атқарып жүрген болатын. 1963 жылдың 28 наурызында Байкеннің «Правда» газетінде «Кадрмен жұмыс бойынша лениндік жұмыс жүйесін қатаң бақылау» тақырыбында мақаласы жарық көрді. Мұны оқыған Михаил Крапивин Қарағандыдағы досына хат жазды.

«Б. Әшімов жазған мақаланы ұзақ қарап, ойландым. Себебі Ашхабадта құрылған 76-дивизияда бірге майдандас болған Байкен Әшімов есімді досым болатын. Варшавадағы шайқаста ауыр жарақат алған ол госпитальға жатқызылған еді. Одан кейін көріскеніміз жоқ. Ол керемет, жайдарлы жан болатын. Егер сол капитан Б. Әшімов болсаң, менімен хабарға шыққайсың».

Байкен де Крапивинге хат жазды: «иә, мен сол Әшімовпін». Қуанған Михаил қайта хат жазды: «Ура! Ура! Ура! Қандай қуаныш! Мен сені таптым, Байкен! Сенің хатыңды оқып, қуаныштан көзіме жас келді. Саған үлкен рақмет! Мен сенімен мақтанамын, мақтан тұтамын. Сучан батпағында сені көргенде-ақ үлкен қызметкер болатыныңды білген едім...».

Байкен Әшімовтің майдандағы әр жолдасымен арадағы таныстығы естелікке толы болды. Бахыт Әсетовамен Мәскеуге барған сапарында майдандас достарының көбімен жолықты. Олардың қатарында бұрынғы 47-ші әскердің басшысы, кейіннен «Знание» қауымдастығында жұмыс жасайтын Николай Николаевич Живовпен, майданда саяси қызметтес болған Борис Иванович Бондаревпен кездесті. Түрікменстанда Бахчи Атаев және Ахмед Ахундовпен жолықты. Кейіннен Атаев оған фотосуреті мен хатын жолдады. Онда төмендегідей сөздер жазылған:

«Аса құрметті Байкен Әшімұлы! Ашхабад қаласындағы өнер мұражайында суретші В.Н.Заичкиннің соғыстың сұрапыл жылдарын бейнелеген 100-ге тарта картинасы бар. Олардың қатарында сіздің де портретіңіз бар. Сізге көшірмесін жолдап отырмын. Есіңде болса, суретші Заичкин біздің дивизияға 1943 жылдың қазан айында келген болатын. Құрметті менің досым! Саған шын жүректен зор денсаулық, қажымас қайрат, мол бақыт тілеймін. Сәлеммен генерал-майор Б.А.Атаев».

1994 жылдың күзінде Украина елі фашистерден жұртының азат етілгеніне 50 жыл толуын кең көлемде атап өтті. Байкен осы іс-шараға шақырту алды. 1944 жылы 76-атқыштар дивизиясы Украинаның көптеген қалаларын жау қолынан азат еткен болатын. Оның қатарында Ковель Волынь облысы да бар еді. Сол шайқаста Байкен Әшімов мақтау хатына ие болған: «Капитан Байкен Әшімов! Батыс Буг пен Ковель жерін азат етуде соғыс техникасы мен тактикасын ұйымдастыра біліп, немістің тас қамал қорғанысын бұзуға барынша ат салысқан сізге жолдас Сталин алғысын білдіреді!». Киевке Қазақстаннан барған делегация құрамында генерал Сағадат Нұрмағамбетов те болды.

Сағадат Нұрмағамбетов пен Байкен Әшімов мығым достық қарым-қатынаста болды, ойлары бір жерден шығатын. Өзінің естелік кітабында Сағадат туралы да айта кетеді. «Сағадат – қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі. Ол жастай майдан даласына аттанып, ерлік көрсетті. Ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Соғыс аяқталғаннан кейін Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов әскери жүйеде қалды. М.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түсті. Кейіннен полк командирі, дивизия штабында басшы, Орта Азия бойынша әскери округ командирінің орынбасары, Кеңес әскерінің Оңтүстік тобының алғашқы орынбасары болды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары кім Қорғаныс министрі болады деген сұрақ туындады. Алғашқылардың бірі болып Сағадат Нұрмағамбетов есімі аталды. Таңдау да әділ болды. Сағадат бай тәжірибесі мен бар жиған-терген білімін ел қорғаныс саласының дамуына салды. Ержүрек майдангер, қоғам қайраткері, «Халық Қаһарманы» Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов қазақ халқының арда ұлы, мақтан тұтар азаматы...»

...Байкен Әшімов 2010 жылдың 5 ақпанында сүйікті жары және досы Бахыт Әсетовна қайтыс болғанына 19 күн толғаннан кейін 92 жасында бақилық болды.

9 мамыр – Байкеннің асыға күтетін қастерлейтін мерекесі болды. Қуанышымен де, қайғысымен де есінде қалды. Ол әскери киімін киіп, медальдарын тағынып, Панфилов паркіндегі мәңгілік алауға баратын. Гүл шоқтарын қоятын. Сол таңда қалада түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, теледидардан Қызыл алаңдағы әскери парад көрсетілетін. Байкен барлығын қалт жібермейтін. Бұл күнді үлкен тыныштық пен еске алу күні деп бағалайтын. Жеңіске жеткендеріне шүкірлік ететін. Ұлы Отан соғысында миллиондаған адамдар қаза тапты. 25, 30, тіпті 50 миллион болуы да мүмкін... Ал олардың отбасы қандай қасірет күндерді бастан кешірді десеңші! Жетім қалған, аш-жалаңаш қалған халықтың қарасы артты... Қаншама жас қыршын кетті... Арман-мақсат, тілектері өздерімен кетті...

Соғысқа қатысқан әрбір жанның ортақ Жеңісінен бөлек, өз жеңістері де болды, - деген-ді бірде Байкен. Көпшілігінің бұл өміріндегі ерекше оқиға еді. Ал Байкен Әшімов үшін, ол – өзінің Жеңісі...

P.S. 2014 жылы Алматыдағы Төлебаев 119 көшесіндегі Байкен Әшімов тұрған үйге ескерткіш тақтасы орнатылды. 5 желтоқсан күні Жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында Байкен Әшімов атындағы мешіт ашылды. Кірер есіктегі қара мраморға үш тілде алтын әріптермен «Байкен мешіті 2014 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша салынды» - деп жазылған. 

Ө. Сансызбай