Ардагерлер сөйлейді: Әкіжанов Байзулла #5

Ардагерлер сөйлейді: Әкіжанов Байзулла #5
Фото: bnews.kz

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Әкіжанов Байзулла Әкіжанұлы

Басы

Ұшайын деп жатсам, Ту-16-мен ұшуды үйрететін болды. Бір кездері менде мынадай жағдай болған: осы Ту-16 ұшағымен ұшып келе жатып моторым жанып кеткен. Бір жағына қонайын десем төбешік, екінші жағымда кемелер жиналған Алтын Мүйіз (Золотой Рог) деп аталатын орын. Бұл жерге қонуға мүлдем болмайды. Төбешіктің арасымен амалын тауып ұшып, өз аэродромыма келіп қондым. Полк командирі «Жарайсың!» деп мақтаған. Сол үшін Ту-16-ны қайта оқытатын болды. Одан сәтті өтіп, Воздвиженкаға алмастырды. Сынақ тапсырдық, бәрі ұшып жүр, ал мен ұшпадым.

Парашют қызметінің басқармасы «Секіру керек» деді. Ал маған секіруге болмайды ғой, менің аяғым ауырады. «Ендеше, Ту-16-мен ұшпайсың» деді. Мен екі рет келіспедім, полк командиріне барды. Ол мені шақырып алды. Командир Пискунов та жағымсыз адам болатын. «Ұшуға қорқасың ба?» – «Сізге бұлай деп кім айтты?» – «Неге секірмейсің?» деп сұрады. Мен «Өз өмірімді құр матаға тапсырғым келмейді, мен алты рет секірген екенмін, маған осы да жетеді» дедім. Ол «Секіріңіз» деді. «Жоқ» деп едім, «Болды, бар енді» деп шығарып салды. Содан мені қайтадан транспорттық авиацияға жазды. Бірақ оның орнына Ту-4-ке жіберді. Штурмандарды үйтетіп жүрдім. Содан мені ВВС Тынық мұхиты флотына жіберді. Ол жерде де штурмандарды үйретіп жүрдім. 1960 жылы дивизия командирі Антонов «Әкімжанов, демалысқа шығасыз. Келген соң, отряд командирі боласыз. Келісесіз бе?» деді, келістім.

Демалыстан келсем, Антонов қызметінен босатылыпты, оның орнында Кеңес Одағының Батыры Пресняков отыр екен. Ол өз адамдарын жақсы көретін, сол себепті, отряд командирі етіп, басқа біреуді қойды.

1960 жылы әскерден 1 200 000 адамды қызметінен босатты. Ол кезде мен 30 жаста болатынмын. Алматыға келіп, азаматтық авиацияға барғым келген. Бірақ бұл жерде орын болмады. Менің мінездемемде «Талапты, командир секілді ұйымдастырушылық қабілетке ие» деп жазылған. Бұл жерде шабуылдайтын ұшақтармен ұшады екен, ал маған қарапайым ұшақтарды жүргізу керек. 2-бөлімнің басшысы мені сол себепті алмай қойды. Сөйтіп мен кітапханаға бардым. Алған жалақым 152,50... Бұл жерде жұмыс жасап жүргенде, Елена Николаевна Шмелева есімді қызметкер болатын. Маған «Сіздің келгеніңіз қандай жақсы?! Мына жердегі қыздардың бәрі сыланған. Сізге қырын салып жүрмесін» деген. Бұл сөзден қорыққан мен пәлесінен аулақ деп шығып кеттім. Бұрынғы партизан Шариповпен кездестім, бұл кезде ол Білім беру министрі болатын. Кездесуде «Сауда министрлігінде басқару бөлімінің орынбасары болғың келе ме?» деп еді, «Қазір болса да, келісемін» дедім. Бір аптадан кейін мені шақырып алды да «Сенің білімің жоқ екен ғой, оқу керек» деді. «Менің техникалық орта білімім бар» дегеніме «Техникалық орта біліміңе түкіргенім бар, институтқа түс» деді.

Содан қаржы-экономика факультетіне түстім. Кешке оқып, күндіз жұмыс жасайтын болдым. Бірдеңе етіп аяқтадым. Осы уақытта Орталық байланыс агеттігі ашылып жатқан, сол жерге жұмыс істеуге бардым. Бұл жерде мен экономист қызметіне орналастым, бөлім басшысы болдым. Бірақ басшыға ұнамайтын едім, себебі барлық құжатқа мұқият қарап отыратын едім. Ұшақ санын, оған отыратын адам санын күнде санап отыратынмын. Ал ол «Бұл сіздің қызметіңіз емес, біздің міндетіміз билет сату» деді. Кассада билет жоқ, олардың қайда кетіп жатқанын білу керек қой. Сол үшін жұмыстан шығып кеттім.

Анда-мында жұмысқа шақырды, кейін ардагерлер комитетінің төрағасы мені шақырды да «Маған ұшқыш керек» деді. Бұл жерде мен кадр бөлімінің меңгерушісі болдым. Осы жерден зейнеткерлікке шықтым. Бір күні Республикалық ардагерлер комитетінің төрағасы келіп «Тыныштық іздедің бе, ақсақал? Біріккен комитеттің төрағасы бол» деді. «Не үшін? Зейнеткерліктен қысқартып жүрмей ме? 300-ден артық алуға болмайды ғой» деп едім, «Маған көмекші керек» деді, келістім. Он алты жыл комитет төрағасы болып сайланып келдім. 1989 жылы зейнеткерлікке шықтым.

– Рақмет, Байзулла Әкімжанұлы. Сізге сұрағым бар еді. Ил-2 ұшағы қалай? 
– Бұл ауыр көлік қой. Моторы брондалған, радиоторы, ұшқыш кабинасы... Бірақ өте төзімді ұшақ. Ұшу кезінде маған ұнаған. 
– Ал Ил-10 ше? 
– Ол бұған қарағанда жеңілдеу және жылдамдығы қатты. Ил-10 соғыстан кейін құрастырылды ғой, жойғыш ұшақтарға қарағанда тез ұшатын. Ұшақтың маған бір ұнағаны – 300 оғы снаряды, 1500 ШКАС оғы, 600 кг бомба, артында УБТ-сы бар еді. Қуат сақтауы Ил-2-ге қарағанда он есе артық. Себебі, моторы мықты. 
Біз оның көмегімен көкте шыр айналып ұшатынбыз. Шеруде ұшуымызды айтсаңшы, тырналардай тізіліп, әдемі самғайтынбыз. 
– Сіздің ұшқышыңыз кім еді? 
– Жилюков. 1990 жылы Мәскеуде кездесіп ек. Мейрамханада отырып, қонақүйге келе жатып, сөзге келіп қалғанбыз. Маған ренжіген-ау. Содан бері хабарласпайтын болдық. 
– Майданға шығу үшін сіздерге 100 грамм беретін бе еді? 
– Беретін. 
– Соғыстың соңғы күндерінде полкте қандай көңіл күй орнады? 
– Керемет! Соғыс біткенде бөлім командирі Ковалев Василий Тихоновичке «Енді не істейміз?» деп едім, «Бұрынғыдай ұша береміз» деген. 
– Сіз қандай марапаттарға ие болдыңыз? 
– "Ерлігі үшін" медалімен марапатталдым, "Қызыл жұлдыз" орденін алғанмын. 
– Ұшқыш «Ерлік үшін» медалін алғаны қызық екен. 
– Комэсктың шешімі болатын. Мені полктегілер Ер Кацо деп атайтын. Соғыстан кейін де солай атайтын болды. Әлі есімде, 1985 жылы бір майдандас досым «Кацо, Кацо» дей беретін. Ал ұлым «Кацосы несі?» деп аң-таң.
– Полкіңіздегі ұшқыштарды қалай бағалайсыз? Барлығы жақсы ұшатын ба еді? 
– Жоқ, әрине. Ковалев Василий Тихонович жақсы ұша қоймайтын. Кривонос Алексей Леонтьевич, Коля Кузнецов, Кеңес Одағының батыры Иван Сыров есімді азаматтар керемет ұшқыш болатын. Оларға қарап, мен бой түзейтінмін. 
– Сіз алыс авиация командирі Новиковпен ұшып жүрдіңіз. Ол кісі қандай еді? 
– Өте қатал, бірақ еркіндікті білетін. Бірде маған қазақтарды қауіпті деп айтқан. Ол алты жасында Қазанда абақтыда отырған екен, сол жердегі тұтқындарды алып жүретін күзетші адамдар қазақ болған екен. Содан кейін қорқып қалған-ау. 
– Сіз жазаланған адамның інісі болдыңыз, бұл жағдайды еске түсіретін сәттер болды ма? 
– Ия. Бірде біздің дивизия 1 мамыр, 10 тамыз, 7 қарашада салтанатты сапқа қатысатын болды. Ал мен үнемі қосалқы құрамда отыратын едім. «Неге мен қосалқылардың қатарындамын?» деп сұрағанымда «Сен оңға, солға ұша аласың, бұл екінің бірінің қолынан келмейді» деп жұбата салатын. Бірақ шындығында бұл сылтау екенін білетінмін. Себебі мен «халық жауының» інісі болатынмын. 
– Соғыстан кейін майдандастарыңызбен кездестіңіз бе? 
– Кездестім де, жат жазысып та тұрдық. Полкте қыздар да болатын.Ольга Петровна Кривоноспен хат жазысып тұрдым. Бізде майдан сапында болды, кейін Кривоносқа тұрмысқа шықты. Катя Семешкуро, Федор Пересыпин, Паша Настенко, Миша Максименкомен хат жазып тұратынбыз. Көбімен кездесіп те тұрдым. 
– Рақмет, Байзулла Әкімжанұлы. 

Г. Берік