Ардагерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтау науқаны

Ардагерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтау науқаны
Фото: баспасөз қызметі

Жаңы жылдың қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы «9М» қайырымдылық жобасының аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтау акциясын ұйымдастырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Бұл акция аясында «Болашақ» қауымдастығының мүшелері ардагерлерді құттықтап, оларға мерекелік азық-түлік себеттері мен тегін медициналық көмек алуға арналған сертификаттарын табыс етті.

Қазақстандық 5000-нан астам ардаргерлердің 900-ге жуығы Алматы қаласында тұрады. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны жыл сайын өте азайып келеді, сондықтан өскелең ұрпақтың алғысы олар үшін барлық марапаттан қымбат.

«Біз, Қазақстанның жас ұрпағы, бізге осындай бейбіт өмір сыйлағаныңыз үшін сіздерге шексіз алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда біздің борышымыз - осы тыныштық пен тұрақтылықты сақтап қалу және сіздердің ерліктеріңізді кейінгі ұрпақтарға айтып жеткізу», - деп өзінің құттықтау сөзінде Алматы қаласындағы «Болашақ» қауымдастығының директоры Қымбат Бейсекина атап өтті.

Құттықтауды қабыл алған ардагерлердің ішінде Нәбиева Мінаура, Малышев Дмитрий, Ахметов Қанапия сынды Ұлы Отан соғысының қатысушылары бар.

Мінаура Нәбиева (туған жылы - 1922 ж.) Солтүстік-батыс және 2-Белорус майдандары шайқастарына қатысқан. Соғыс кезінде екі рет жараланып, екіншісінде снайперлік оқ екі аяғына да тиіп, ауыр жарақат алыпты. Ауруханадан шыққаннан кейін, оқуға барып келесі қызметін радиопрожекторист ретінде атқарған. Мінаур әжей соғыстан кейін 25 жыл көлемінде Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында кинохроника редакторы қызметін атқарған.

Сонымен қатар, Мінаур Мағзұмқызы шахматты керемет ойнайды екен, тіпті, бір рет Леонид Брежневтің өзімен бір партия ойнапты.

Дмитрий Малышев (туған жылы - 1922 ж.) соғыста танкистің қызметін атқарған. Малышев мырза «Багратион» операциясына, Украина, Белоруссия, Польша, Молдова, Румыния және Венгрия мемлекеттерін босатуға және 1-Белоруссия мен 2-Белоруссия майдандарына қатысқан. Сонымен қатар, Дмитрий Малышев 1945 жылғы Мәскеудегі жеңіс парадының қатысушысы болып табылады.

Ахметов Қанапия (туған жылы - 1924 ж.) Ұлы Отан соғысының Ленинград майданында пулеметтік взвод командирі болып қызмет атқарған және Украина, Польша мен Оңтүстік Германия территорияларындағы шайқастарға қатысқан. Жеңісті Прага қаласында қарсы алыпты. Соғыстан кейін Қазақстан ОК Компартиясының үгіт-насихат жүргізуші бөлімінің орынбасары, партия жұмысшысы, партияның Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы, партияның Алматы өнеркәсіп обкомының идеология жөніндегі хатшысы, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) проректоры және Қазақ дене шынықтыру институтының ректоры қызметтерін атқарды. 1970 жылдардың ортасынан бастап еңбек демалысына шыққанға дейін Алматы энергетикалық институты кафедрасының жетекшісі қызметін атқарды.

Акцияны жүзеге асыру үшін қажетті қаражатты «Болашақ» қауымдастығының мүшелері бөлді. Сонымен қатар акцияның демеушісі - «Алматы» интегративті медицина орталығы. Акция серіктесі - ТОО «Хлебовъ» наубайханасы.

«9М» жобасы - 2012 жылы «Болашақ» қауымдастығы ҰОС ардагерлерінің ерліктерін насихаттау және үлгі ету мақсатында ұйымдастырған жоба. Әр жыл сайын жоба аясында ҰОС ардагерлеріне және еңбек майданының қатысушыларына, әсіресе жалғыз басты, мұқтаж жандарға материалдық және медициналық көмектер көрсетіліп отырады. «9М» жобасын әрдайым стипендиаттар мен белсенді жастар қолдап отырады.

Қ. Бүйенбай