«Атамыз Аташтың сүйегін іздеп таптық»

«Атамыз Аташтың сүйегін іздеп таптық»
Фото: Руслан Бердиев

Бердиев Аташ Өтетілеутегі 1920 жылы Гурьев облысы, Жилокосинское ауданы, Жаңажол колхозында дүниеге келген. Әкесі Өтетілеуұлы Берді, шешесі Оспан, өзінің он ер баласы болған. Ашаршылық заманда Тойлыбай, Қойшыбай, Қайшыбай, Құмар, Мыңтұрған, Қазтұрған атты балаларынан айырылады, тірі қалған төрт баласының үшеуі соғысқа кеткен.

Үлкен ұлы Байтан 1913 жылы туған, 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, елге қайтар шағында соғыс басталып, содан хабарсыз кеткен. Одан кейінгі баласы Бекбосын 1922 жылы туған. Ол 1941 жылы 4 қаңтарда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылынан әскерге аттанған. Осы екі атамыздан ешқандай хабар болмады. Отызыншы жылдарда халықты есеңгіреткен ашаршылықтан ел еңсесі енді көтеріліп келе жатқанда тұтқиылдан соғыс өрті төнгені мәлім.

Ел ішінде қолына қару ұстай білген азаматымыздың барлығы жаппай майданға алынды, солардың қатарында жас жігіт Бердиев Аташ та болды. 1942 жылы 7 қаңтарда соғысқа аттанды, ол кезде небары 21 жаста еді. Соғыстың нағыз қызған кезінде өзі сияқты жас сарбаздар тиелген жүк пойызымен майдан шебіне жол тартты. Артында әкесі Берді, шешесі Оспан және жалғыз інісі Ізтұрған қалды. Сол кеткеннен жас сарбаздан хабар болмады.

Ізтұрған інісінің балалары атасы Аташтың сүйегін іздеуден талмады. Әскери комиссариат арқылы іздеп, интернетке жазып, Ресей архивтерінен іздестіре бастадық. Нәтижесінде 16 айдан соң хабар келді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп келгендей қуандық. Бұл біздің әулет үшін керемет жаңалық болатын. Атамыз Аташ Ресей еліндегі Санкт-Петербург (Ленинград) қаласында, Мга селосында, Карбусель ауылында кескілескен айқаста ерлікпен қаза тапқаны белгілі болды. Қазір Киров ауданында, Новая Малукса зиратында 1589 нөмірмен көшіріліп жерленген, бірақ ресейлік архивтің хабарлауынша мемориалдық тақтаға аты жазылмаған болып шықты. Атырау қаласы Ардагерлер ұйымы және төрағасы (Х.Резуанов) арқылы хабарласып 2014 жылы сәуір айында мемориалдық тақтаға атын жазғыздық.

Әкесі Берді мен анасы Оспанға осы үш ұлымен аман қауышу жазбапты. Олар ұлдарын зарыға күтумен өмірден өтті. Бердиев Аташ шағын дайындықтан өткен соң 1942 жылы 1 қыркүйекте жасақталған Волховск майданында қатты жараланып, госпитальге түседі. Жарасы толық жазылмастан қайта ұрысқа аттанады. Ол кезде Ленинград қаласы 1941 жылдың 8 қыркүйегінен бастап қоршауда болатын. 1942 жылы 10 қазан күні 4-ші гвардиялық атқыштар корпусында қайта соғысқа кіріседі. 1943 жылы 1 қаңтарда ВГК 3 резервтік армияда, 1943 жылы 1 ақпанда 54-ші армияда 1943 жылы наурызда Волховский майданы 8-ші армияда болды. Өмірінің соңғы кезеңінде 122-ші танктік бригадысында кіші сержант болған. Ленинградты қоршаудан азат ету кезінде совет әскерлері қасық қаны қалғанша шайқасады, осы кескілескен шайқаста Карбусель деревниясында Бердиев Аташ 1943 жылдың 28 наурызында ерлікпен қаза табады...

Мемориалдық тақтаны көруге бізге шақырту хаты келді. Санкт-Петербургке жолға дайындалып Аташ атамыз жерленген жерге пойызбен аттанып кеттік. Жолда 4 күн жүрдік. Бізді администрация орынбасары Игор Эдуардович күтіп алып, Бас администратор Станислав Казимировичпен таныстырды. Сол жерден соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен бірге автобусқа отырғызып Новая Малукса бауырластар зиратына алып барды. Атамыздың аты жазылған тақтай көзімізге оттай басылды, сол жерде табылған 20 белгісіз солдат мәйітінің жерлеу рәсімі жасалды. Келгендерді құттықтап сөз сөйледі, бізден басқа Алматыдан, Қырғызстаннан келген бауырларымызбен кездестік. Атамыздың басына бағыштап құран оқып, туған жерінен апарған топырағымызды, жусанымызды салдық. Атамыз жерленген жерінен топырақ алып қайттық. Ардагерлермен естелік суретке түстіп, ата жазылған тақтаны суретке түсірдік. Кетерде жергілікті тұрғындар жақсы лебіздерін арнап, бізді көліктерімен қимастықпен шығарып салды. Міне, осылайша көптен ойда жүрген Санкт-Петербург сапарымыз бас-аяғы он күнге созылып, ойлағанымыз орындалып, рухани қоржынымызды толтырып, риза көңілмен елге оралдық. Атамыз бауырларым келді деп бір аунап жатқан болар деп білеміз. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген халық мақалы еріксіз ойға оралады. Алдағы уақытта Байтан және Бекбосын аталарымыздан бір хабар болар деп сенеміз.

Жолдаған: Руслан Бердиев

@. @assel_assanova