9 мамыр. Айтжамал әжейдің еңбегі

9 мамыр. Айтжамал әжейдің еңбегі

Мұқанова Айтжамал Берікбосынқызы 1928 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы Көкжыра ауылында дүниеге келген. Әкесі Берікбосын молда, анасы Тәйімбетқызы Қайыржан ісмер болған.

Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.

Батыр жұртым сол жылдарды өткерді,
Сонда да сен жақсы көрдің, жек көрдің.
Қара емендей қатып қалған әжеңді,
Кейінгі ұрпақ батыр емес деп көргін! - деп Мұқағали ақын айтқандай, сұрапыл соғыс жылдары бәрінен бір-бір батыр жасапты.

Ол сол бір сұрапыл жылдары аянбай еңбек етті. Күн батқанға дейін өгіз жетектеп жер жыртады, одан тұқым тасиды, қарттар дорбаны іліп алып, сол тұқым бидайды себеді. Күзде қол орақпен тары орып, үкіметке өткізеді. Сондай-ақ масағымен бидайды жинайды, қыстай бау лақтырады. Еңбек етіп жатырмыз дейді, бірақ жалақы болмайды. 7 жастағы балалар мия жұлады, бір адам бос отырмайды, тынымсыз қайнаған еңбек, бел жазбайсың. Балалы әйелдер де, балаларын орап алып еңбектенетін. Ауылдасы Тәменмен бірге қамыс шабатын, ол кісінің құлағы естімейтін, бірақ өгіздің құлағына қарап, «кісілер келе жатыр» дейтін.

- Оны қайдан білдің? - десе, «Мен саңырау ма, жоқ әлде сен саңырау ма?» деп күлетін. Орыстың байлығы картоп, шөңкеге картопты қайнатып қоректенетін, қамысқа үйге шәй, киімдер айырбастап алатын. «Боже мой!» деп орыстар кішкентай қызға жандары ашып, шәйін беріп күткен болады. Картоптан басқа түктері жоқ. 5 шана қамысқа апасы Қайыржанға әдемі етік әкеп беріп, бір үйдің ауыртпалығын қаршадай қыз өзі көтеретін. Шалдарда дұрыс аяқ киім де жоқ, сиырдың бас терісінен шарқай жасап, таспа өткізіп, байлап киеді. Қыста шарқаймен жүрген сол шалдардың сүйегі қандай асыл, денсаулықтары қандай мықты десеңші. Тәргілеу кезінде жер астына тыққан апасының күмістенген ағаш төсегі болатын, апасы соғыс кезінде соған жататын. Алашасы, сырмағы, 4 жастығы болды. Тәркілеу кезінде қаншама байлық судай шашылды.

Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қалған қыз-келіншектер мен балалардың тартқан азабы, жеңісті жақындатуға қосқан үлестері аз емес. Өте ауыр жұмыстар атқарды, соғыс ерте есейтті.

Айтжамал Берікбосынқызы «Күміс алқа» иегері, «Алтын алқа» иегері, Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Жан жары Мұқанов Манап Күршім совхозында ең алғаш қазақ жігіттерінің арасынан суырылып шығып, шофер мамандығын игергендердің бірі. Осы салада жемісті еңбек етіп, «Үздік шофер» төс белгісімен марапатталған. Турашыл, өткір, ақпейіл мінезімен көпшілік арасында сыйлы болған. Ол кісі дүниеден ерте өтіп, үйдің тіршілігі, тұрмысы тек Айтжамал апаның мойнына қалды.

Тұңғыштары Ризабек Талғардың ауыл шаруашылық техникумын бітірген, электрик. Келіні Күлән жоғарғы білімді, Өскеменде заң колледжінде ұстаз. Немерелері Жадыра ШҚМУ-да ядорлық физика факультетінде 4 курс студенті, грантта оқиды. Қанағат, Қарлығаш деген немерелері жоғарғы білімді, мамандықтары - инженер эксперт. Қанағат Ресейден магистратураны бітірген.

Кәдірбек Манапұлы – жеке кәсіпкер. Мұқановтың наны деген атау сапалы дәмді нанның кепіліндей. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хаты және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған медальмен марапатталды, облыс, аудан әкімдерінің мақтау қағаздарын бірнеше рет алды. «Аграрный Казахстан», «Алтайдың інжу-маржаны» кітаптарында еңбектері жазылған. Келіні Күлзикен жоғарғы білімді, экономист. Серікбек, Мәңкеш-Манап атасы өзі көтеріп маңдайынан иіскеген, тұңғыш немерелері. Жоғарғы білімді, майор, әскери тергеуші, Астанада тұрады. Әскери полицияның 10 жылдығы арналған медальмен марапатталған. Серікбектің жолдасы Гаухар да жоғарғы білімді, Астанада сот актілерін атқару департаментінің бас маманы. Шөбересі Сұлтанбек үздік оқушы, әжесін өте жақсы деген бағаларымен қуантып отырады, Жансая атты ерке шөбересі бар. Берік атты немересі – ШҚО жер комитетінде бас маман.

Айтжамал апа қара шаңырақ иесі кенже ұлы Білімбектің қолында тұрады. Арай деген немересі Семейдің радиотехника колледжін қызыл дипломмен бітірді. Маржан немересі жақында тұрмысқа шықты, жоғарғы білімді. Апасы Айтжамалға тартқан әнші. Күйеу баласы Еділ – мұғалім. Шыңғыс деген сүйікті немересі Өскеменде студент.

Қызы Нұрғайни Күршім аудандық кітапханасының директоры, 2014 жылдың «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясының иегері. Немересі Мақпал апасына тартқан мықты әнші, облыстық француз әндері байқауында екінші орын алған, аудандық «Жас өнерпаз-2012» номинациясының жеңімпазы. Музыка мектебінде фортепианодан сабақ береді, жоғарғы білімді.

Майра, Гүлнәр деген қыздары Семей жақта тұрады. Майра Жедел жәрдемде жұмыс істейді. Гүлнәр ағасы Кәдірбектің жолын қуып жолдасы Айтқали екеуі жеке кәсіпкер болмақшы, наубайхана салып жатыр. Ерғали, Ернұр, Назерке деген немерелері бар. Ерғали мен Жұлдыздан Дарын деген шөбере сүйіп отыр. Ернұр Ақтауда әскери қызметкер. «Үздік шекарашы жауынгер», «Шекара қызметінің үздігі» медалімен, көптеген Мақтау қағаздарымен марапатталған. Ернұрдың жолдасы Айсұлу жоғарғы білімді мұғалім. Әлинұр атты шөбересі бар. Назерке Семейдің радиотехника колледжін бітірген, Риддерде Қазпоштада оператор. Әсет күйеу баласы шахтада жұмыс істейді.

Кенже қызы Роза жоғарғы білімді, орталық кітапханада кітапханашы. 1986 жылы желтоқсан оқиғасына катысқан қарапайым қаһарман. Күйеу баласы Сейілжан жоғарғы білімді. Темірлан, Әділжан деген немерелері бар. Темірлан аудандық «Жас Қанат» байқауында Жомарт Әміренов атындағы Гран Приді жеңіп алған әнші. Таэквондодан жасыл белбеу иегері. Семей қаласында өткен жарыста 3 орын алған. 11 сыныпта оқиды, екпінді. Ал Әділжан биыл 1 сыныпқа барады.

Айтжамал апа осы бала-шаға, немере-шөберелеріне жиі қонаққа барып, ортасында мәре-сәре болып жүрген ардақты ана. Жас кезінде бейнет көрсе, енді зейнетін көріп отыр, осы бақыты баянды болып, Алла одан ары көркейте берсін!

Жолдаған: Нұрғайни Мұқанова

Сурет: Нұрғайни Мұқанова, usiter.com

Ф. Абилова