9 мамыр. Келіншектің көз жасы

9 мамыр. Келіншектің көз жасы

Оқырманымыз Қарашаш Тыллабаеваның жолдаған естеліктерін қабыл алыңыздар.

1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының зардабы халықтың жанын жаралап кетті. Немістердің ылаңы осы күнге дейін ел есінен кетпей, жаңғырып тұр.

Жау жағадан алғанда Отанды қорғауға талай боздақтар аттанды. Сондай жігіттердің бір тобы Тамды ауданынан 1943 жылдың жазында 500 бала болып аттанған. Сол жауға қарсы көкіректерін тосып бара жатқан ерлердің арасында менің атам Тілләбай да болған.

Қызылқұм шөлі шексіз жатқан кең дала. Оның Тауелібай деп аталатын жалпы атауында да сыр бар. Құм жалдардың бір шеті таулармен астасады. Ол тауларда Менделеевтің кестесіндегі барлық байлық бар дейді. Алтын мен уранды айтпағанның өзінде басқасы да жетіп артылады.

- 500 бала болып соғысқа кеттік, - дейтін атам өз әңгімесінде. – Мен «Ақтау» колхозында түйе бағатынмын. Жетім өсіп, жалғыз шешеме қамқор болып енді ес жия бастаған кезім. Бір үйден 3-4 жігіт соғысқа кетті. Біреудің жалғызы да сол қатерге бара жатты. Қыңыр деп аталған ауылдан 20 бала ұрысқа кетіп едік, содан тек екеуміз ғана аман оралдық.

Атамның әңгімесі мұнымен бітпейтін. Сол соғысқа кетіп бара жатқан жігіттерді шығарып салған адамдардың қарасы жер қайыстырыпты. Аудан орталығы Тамдыдан аттанған боздақтарды жыламай шығарып салу мүмкін болмаған. Атамның қолтығына Оңайбике әжем туған жердің топырағынан бір шөкімін орап, тігіп беріпті. Осы сені қорғайды десе керек.

- Бір жігіттің үйленгеніне 20 күн болған еді, - дейтін атам сосын өз сөзін жалғап, - сол жігіттің келіншегі осы топта көп жылады. Жаңабаевтар отбасынан 3-4 бала кетті. Түйеге мініп, қалғандары жаяу-жалпы Аяққұдық деген ауылды бетке алып жүріп кетті. Одан әрі пойыз келетін Кермене деген бекетке барады. Әскери комиссарияттың алды адамға толды. Онсыз да аштық ауылды аралап жүрген болатын. Жұрт барын сол боздақтардың аузына тосып, қалғанын жолдорбаларына салып жатқанын көресіз. Әлгі келіншектің аты Күнбике екен. Жаңа қосылған ері Тоқтасынды қимай жылап жатқан жайы жан ауыртады. Басқалар да қарап жатқан жоқ, мұңаймаған адам қалмаған.

Күнбике аудан орталығы Тамдыдан асып тау ішіндегі ауыл Қыңырдан, одан әрі Кедер деген жерден асып, боздақтар кетіп бара жатқан керуеннен қалмады. 20 шақырымды мына жерде жаяу басып өтті. Тоқтасын да оның жанынан қалмай, жұбатып әлек. Келіншектің көз жасы тыйылмай қойды. Басқалар да мазасызданып, мұң басқан жанарларын сулайды.

Түйелі керуен ұзай берді. Бір кездерде шаршап жығылған келіншек Тоқтасыннан ажырап, жер құшып қала берді. 500 бала сапында болған жас жұбайы өзін әрең ұстап келеді.

Сол кеткеннен атамдар Аяққұдықты басып өтіп, Керменеге де жеткен. Самарқанға дейін барып, сол жерде айлап соғысқа дайындалыпты.

Күнбикенің көз жасы бәрінің есінде қалып қойған сыңайлы. Жігіттердің бәрі Тоқтасынға қамқорлық көрсеткісі келеді. Ол да жарын қимай, жанын жегідей жеп жүрсе керек.

Қырғын соғыс ешкімді аямаған. Қолына қару алған атамдар немістерді көрсе арқаланып, өлімнен жасқанбай жауға шауыпты.

Оңайбике әжем әулие кісі еді дейді. Атамның қолтығына тігіп берген топырағы баласын жат жерде жау оғынан қорғап қалыпты. Екі рет жарадар болған. Бірде аяғын жанаған оқ жамбасынан тисе, енді бірде бүйірін снаряд жарқыншағы ойып түсіпті. Сонда да аман қалған. Әскери дәрігерлер таңырқап, атамның қалай тірі қалғанына ауыздары ашылыпты.

Сонда қарша бораған оқ жауынының астында шанамен санитаршы иттер келіп атамды алып кетіпті.

Келіншектің жұбайы Тоқтасын сол соғыста аман қалмады. Келіншектің жылайтындай да жөні бар екен.

Жарадар болып елге қайтып келе жатқан Тілләбай атам жауға кеткен есесін қалайда қайтарсам деген оймен мазасызданыпты. Тоқтасынды шағарып салған Күнбикенің зары әлі көз алдында. Енді сол келіншекті көрсе, не деп жауап береді. «Тоқтасыным қайда қалды?» десе бұл жер шұқымайды ма?

500 баланы қалай шығарып салса, жарадар болып елге оралған атамды Тамды тұрғындары дәл солай қарсы алыпты. Бірінші жарадар болып елге оралған біздің атамыз екен.

Оңайбике әжеміз түс көріпті. Қасында қоңсы отыратын Жақыпбай деген шалдың Жарылқасын деген баласын да түсінде көргенін айтқан. Соны айтқанда шал байғұс сене қоймапты. Қыңырдан кеткен 20 жігіттің ішінде тек Жарылқасын мен менің атам ғана аман келген соғыстан. Сонда Жақыпбай қарт әжеміздің маңдайынан сүйіпті әулие екенсің деп.

- Бір келіншек елден бөлек жүгіріп келеді екен, - дейді атам, - Тоқтасын қайда, Тоқтасын?!

Елге деген сағынышын арқалап келе жатқан жаралы жауынгер оны әудем жерден таныды. Білді де, не деп жауап берерін білмей тоқтап қалды. Қос балдағына сүйеніп үнсіз қалшиып қатыпты.

- Тоқтасын госпитальда жатыр...

- Ол не деген сөз, аман ба өзі?

- Аздап жарақаттанған, келіп қалады ертең-ақ.

- Жаным! – деп өз ерін көргендей Күнбике аяғы ақсақ Тілләбайды құшақтап жылап жіберді. – Келетіні рас па, алдамайсың ба, қашан шығады жолға, немістер жеңілді ме?

Көп сұрақтың астынан шыға алмай қалған атамыз басқа адамдардың маңына жақындап келгенін де сезбей қалыпты. Өз анасы анадай жерде құстай ұшып келеді екен дейді.

Күнбикені амалсыз алдағанын атам мазасызданып айтып отыратын. Бақытсыз болып қалған жас келіншек кәрі қайын атасы мен енесін бағып талай жылды өткізіпті. Жолға қарап, соғыс даласынан келген «Қара қағазға» сенбей, екі көзі төрт болған деседі. Атамнан қайта-қайта сұрап, Тоқтасынын сағынып жүргенін жасырмайтын.

Ел болып құдажолы дұғасын жасағанда «Тоқтасыным келеді, сендер неге бата жасап жатсыңдар?» деп елдің мазасын алыпты байғұс келіншек.

Тұрғындары түгелдей қазақтар болған Тамды тарихын таразылағанда сол 500 бала соғысқа кеткен 1943 жыл амалсыз ойға оралады. 500 бала дегенше келіншегі еңіреген Тоқтасын еске түседі. Жаны ауырған атам байғұс келіншектің көз жасын өле-өлгенше ұмыта алмай кетті. Қайыстай болып қатып қалған қара келіншек қарғыс атқыр соғыстың қасіретіне мойымай барынша шыдап бақты дейтін. 

Жолдаған, автор: Қарашаш Тыллабаева, Степногорск қаласы

Сурет: esmeralda.kazjur.kz

Оқи отырыңыз:

Педагогикалық қызметтің маңызы мен ерекшелігі

Студенттік өмір туралы шығарма

Атам мен әжеме алғысым шексіз

Білімді қайда барса алдынан алтын тартылады

Ж. Исакаев