9 мамыр. "Аңсар" квартеті: "Жеңіс күні құтты болсын!"

9 мамыр. "Аңсар" квартеті: "Жеңіс күні құтты болсын!"

Ұлы мереке Жеңіс күніне орай, Алмас Алтынбеков, Мақсат Мақұлбеков, Тимур Тілеуқабылов пен Төлеген Рахымбаев сияқты жас өнерпаздардан құралған "Аңсар" квартеті отты жылдарда қолға қару алып, жауға қарсы тұрған, бүгінде ардагер атанған ата-әжелеріміздің құрметіне ән салады.

"Аңсар" квартеті:

"Әрқайсысымыз үшін Жеңіс күні ерекше күн. Бұл мереке болмысы басқа мерекелерден тым бөлек, тым биік. Сұрапыл соғыс талай тағдырға балта шапты, жеңіс үшін талай жандар өмірін қиып, қыршын кетті. Бұл мереке талайлардың қанымен, талайлардың көз жасымен келген. Әрине, біз ол қиындықтарды көзбен көрген жоқпыз. Қилы жылдар туралы тек ардагер апа-аталарымыздың естеліктері мен нақыл-әңгімелерінен ғана білеміз. Қарап отырсақ, ардагерлеріміздің саны жылдан-жылға сиреп бара жатыр. Тіпті, жартысы да қалмаған. Сондықтан да ардагерлерімізді ардақ тұтып, құрмет көрсетуіміз керек. Ән қоржынымыздағы үш әнді қуана-қуана шырқап бердік. Бұл әндерді шырқаған сайын бойымыз үлкен рухқа толады. Ұлы мереке Жеңіс күні құтты болсын! Ата-әжелеріміз аман болсын! Елімізде бейбітшілік туы мәңгі желбіресін!"

 Солдан оңға қарай: Алмас Алтынбеков, Тимур Тілеуқабылов, Мақсат Мақұлбеков және Төлеген Рахымбаев

"Аңсар" квартеті Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Алмас Алтынбеков, Мақсат Мақұлбеков, Тимур Тілеуқабылов және Төлеген Рахымбаевтардың бастамасымен 2011 жылы құрылды. Отандық сахналармен қатар, квартет Түркия, Иордания елдерінде өнер көрсетті. Квартет ән қоржынында халық әндері мен сазгерлерінің шығармаларымен қатар, әлемге әйгілі классикалық туындылар бар. 

Massaget