9 мамыр. Тыл жұмысында

9 мамыр. Тыл жұмысында

"Баласы атқа мінгенде, анасы тақымын қысады". Бастарын бәйгеге тіккен арыстай азаматтар оқ жауған майданға аттанғанда, елде қалған шиттей бала-шаға, қаусаған кемпір-шал қолдарына күрек алып, олар да бар күштерін сарп етті. Майдан қарумен күрессе, тыл еселі еңбекпен сұм соғысқа қарсы тұрды. 

"1944 жылы колхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды" дейді тарих. Бесіктен белі шықпай жатып, ауыр еңбекке араласқан бөбектердің балалық шағы мен әйелдердің әйелдік бақытын тәрк еткен сұм соғыс олардың өмірін басқа арнаға бұрып жіберді. Шаңырақтың төрінде аяққа оратылған немерелерін айналып-толғанып отыратын шағында, қақаған қыста тоңып, аптап ыстықта терлеп-тепшіп белдері шойырылып күрекке күшін салған қайран қариялар мен әжімді әжелер бүгінгі ұрпақ үшін аңыз. Ең соңғы демін "Қарғыс атқыр соғыс бітсінші" деген тілекпен алған тыл жұмыскерлерінің жеңіске жетер жолдағы үлестерін сөзбен жеткізу әсте, мүмкін емес.

Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні талмастан, қажырлы еңбек етті. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ге дейін ұзартқан. Әрбір адам 2-3 адамның істейтін ісін атқарып, маңдай терлерімен Отан соғысының тарихын жазып жатты. 

1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының “Құрман” колхозының егіншісі Шығанақ Берсиев  1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасады.

Шығанақ Берсиев

Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 га-дан 172 ц. күріш өнімін алып, ол да әлемдік рекорд орнатты.

Ыбырай Жақаев

1941 жылдан бастап, әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауыл шаруашылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны қатаң жазалап отырды. Сонымен бірге, 1942 жылдан бастап, колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім  қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан, халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.

Қалың халық Отанға, жақын жандарына деген ыстық ықыластарының арқасында ауыр еңбекті атқару үшін күш тапты. Жеңіске деген үкілі үміт қана көкейлерге сенім ұялатып, жүректерге ертеңгі күннің бейбіт елесін септі...

Сурет: tarih.spring.kz

М. Оңғарова