Днепрді үш рет жүзіп өткен батыр

Днепрді үш рет жүзіп өткен батыр

Соғыста қайтпас қайсарлығымен, ерең ерлігімен көзге түскен жауынгерлер аз емес. Соның бірі және бірегейі – Саду Шакіров. 1922 жылы Талас ауданында туылған жауынгеріміз соғыс жылдары 106-шы Забайкалдық атқыштар дивизиасында атқыштар бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. 1943 жылы қазан айында 21 жасар қазақ жігіті, Днепр өзенінің Солтүстік жағалауына Қызыл әскердің өтуінде баға бергісіз ерлік көрсетеді. Ол жау зеңбірегінің астында қалған ротаны Днепрдің сол жағалауынан оң жағалауына салмен өткізіп, оларға жағалаудан бекініс алуына мүмкіншілік ұйымдастырып, өзінің атқыштар бөлімшесімен фашистердің бірінші шебін талқандап, ротаның алдыға жылжуына мүмкіншілік жасаған.

Бұл, Ұлы Отан соғысында қайталанбаған ерлік!

Бірінші рет өзеннің оң жағалауына жете бергенде Саду ағамыздың бөлімшесімен жүзіп келе жатқан салына жау снаряды тиеді. Аспанға көтерілген судан жауынгерлер өзенге құлап, барлығы жаппай оң жағалауға жүзеді. Саду ағамыз жүзіп жүрген ағашқа ілігіп, тез арада жағалауға жетеді. Бұдан кейін екінші және үшінші рет оң жағалауға өту үлкен қатер төндірген еді, алайда қайсар азамат майдандастарын далада қалдырмай, тәуекелге бел буады.

Бір қызығы, рота командирінің «сол жағалауға барып, ондағы жауынгерлерді оң жағалауға өтуін кім бастап келеді?» - деген ұсынысына ағамыз өзі ерікті болып алға шыққан екен. Өйткені, бірінші рет өткенде батыр ағамыз жау снарядының қандай жерге түсіп жатқанын есте сақтап қалған. Фашистер зеңбіректерін нақты орнатып, өзеннің бетін шахматтың тақтасындай схемамен дамылсыз атқылап тұрған. Зеңбіректің осы құпиясын түсінген Саду судың бетінде қандай жерлер қауіпсіз екенін бағалап үлгерген. Осындай зеректігімен ағамыз басқа жауынгерлерді шығынсыз жау бекінген жағалауға алып келген.

Мұнымен мәселе тағы аяқталмады. Жаудың екінші шебінде ДЗОТтар орналасқан екен. Ірі пулеметтен оқ жаудырған фашист ротаның алдыға жылжуына тосқауыл болған. Саду ағамыз бөлімшесімен ДЗОТты жоймақ болады. Бірақ қыран кескі шабуыл нәтиже бере қоймайды. Ал Днепрдің оң жағалауына салмен жүзіп, аман келіп жеткен біздің әскердің жауынгерлері тағы оқ астында қалады. Жауынгерлердің жаппай қырылуына жеткізбес үшін Саду ағамыз тез арада шешім қабылдап, ДЗОТтың үнін өшірмекке бел байлаған. Ол бөлімшесінің төрт жауынгерін бастап жау шебіне жақындайды. ДЗОТқа небәрі 20-30 метрдей жақындап қалғанда жау пулеметшісі оларды байқап қалып оғын Садудың бөлімшесіне бұрады.

Пулемет 100-150 метрдей ату секторын қадағалап, оқ жаудырып тұрады. Осы бір қас қағым сәтте 3-4 метрдей болса да алдыға жорғалауға мүмкіндік туады. Сол сәтті пайдаланып алдыға жүгірген бөлімше командирының аяғына ірі калибрлі оқ тиіп ұшып түседі.

Одан арғысын ағамыз өлім мен өмірдің арасы болды дейді. Есін жиса, пулемет әлі сайрап тұр екен. Аяғы бастырмаған соң Саду жамбасымен жорғалап ДЗОТтың астына барады, алайда көтеріліп граната лақтыруға мүмкіндік жоқ. Ал фашист пулеметімен оң жағалауға жеткен қызыл солдат әскерін қыруда. Өз автоматын пайдалануға да, ал пайдаланған шақта нәтижеге жету мүмкін емесіне жауапты, шешуші сәтте баға бере алып, жамбасына көтеріліп ажал борап тұрған. Дамылсыз атылған оқтан қатты қызып, әппәқ болып тұрған ірі калибрлі пулемет стволын екі қолымен шап беріп кеудесіне қарай басады. «Осындай жағдайды күтпеген фашистің жүрегі ұшып кеткен болар, әйтеуір пулемет атылуын тоқтатып қалды», - дейді ағамыз. Жауынгердің осы маневрын пайдаланып рота жауынгерлері алдағы шептегі фашистің окопын иеленген, толық алдыға жылжыған.

Ағамыздың ерлігінің арқасында нақты сол майдан шебінде Қызыл әскер толықтай жеңіске жеткен. 106 дивизия, Днепрдің оң жағалауына толық бекініс орнатқан. Бекініске жауынгер өз қолымен Қызыл Туды алғашқы болып орнатқан.

«Есімді жисам госпитальда екенмін, аяғым, екі қолым бинттелген. Кеудемде Алтын Жұлдыз жарқырап тұрды» - деп еске алады Саду аға.

«Кеңес Одағының Батыры» Саду Шакіров соғыс жылдарынан кейін Жамбыл облысының Шу ауданына келіп қоныстанып, сол жерде 1976 жылы дүние салған. Ер есімімен Тараз және Талас аудандарында көше, ауыл аттары аталады.

Дайындаған: Анар Мұстафина

Сурет: battle.oruzie.su, rupor-prapora.ru, biografia.kz

A. Mustafina