9 мамыр. Анкарадағы қазақ жастары «Генерал Ертаев» деректі фильмін тамашалады

9 мамыр. Анкарадағы қазақ жастары «Генерал Ертаев» деректі фильмін тамашалады

Түркияның Анкара қаласында Ұлы Жеңістің 69 жылдығы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу күніне және де Ауған соғысының аяқталуына 25 жыл толуына орай «Анкара Қазақ Жастарының» бас қосу жиыны өтті. Жиын барысында белгілі режиссер Сатыбалды Текеевтің «Генерал Ертаев» деректі фильмі назарға ұсынылды.

«Генерал Ертаев» деректі фильмі Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясының тапсырысымен түсірілген болатын.

Жиынға келген жастар Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың өмірі, ерен еңбегі мен ерлігі баяндалған фильмді зор ықыласпен тамашалады. Фильм біткеннен кейін алған әсерлерімен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.

Мұндай басқосулардың шет елде оқып жүрген қазақ жастарының ұлттық, отаншылдық сезімдерін күшейтіп, атажұртқа деген махаббатын арттыра түсері анық.

Ерлан Алашбаев, «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің төрағасы:

- Алдағы келе жатқан атаулы күндерге байланысты өтетін шаралардың басын Бақытжан ағамыздан бастауды жөн көрдік. "Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын" деген. Бұл басқосуды Бақытжандай батыр ағаларымызға деген құрметіміз деп білеміз. Бүгінгі шараны шет елде оқып жатқан қазақ жастары осындай батырларымызды жақынырақ біліп, елге деген патриоттық сезімі арта түссін деген ниетпен ұйымдастырып отырмыз. Бұндай іс-шаралар әлі де өз жалғасын таба түседі деген үміттеміз.

Мырзахан Байжанұлы, Гази университетінің докторанты:

- Баршаңызға белгілі биыл Ауған соғысының аяқталғанына 25 жыл. 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері ауған территориясын тастап шықты. Одан бөлек 1992 жылы 7 мамырда елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан қарулы күштері құрылды. Тұңғыш қорғаныс министірі болып Сағадат Нұрмағамбетов атамыз тағайындалды. Және  9 мамыр – Жеңіс күні. Бүгін осындай атаулы күндерге байланысты бас қосып отырмыз. Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев ағамызға арналған деректі фильмді тамашаладық. Ауған соғысының тарихы, Бақытжан ағамыздың өмірі, бәрі де толық метражды фильмнің өне бойында көрініп тұр. Бақытжан ағамыздың бір ерекшелігі, сол қасірет ішінде жүріп қасиетті, киені, мейірімді ұмытпағанын, барша жауынгерлердің әкесіндей болғанын көріп, білдік. Жастарымызға ерекше рух берді. Елден жырақ жүргеннен кейін кімнің болсын көкейінде сағыныш жүреді. Отаншылдықтың не екенін шетте жүргенде түсінесің. Бүгінгі жиын елге деген, Отанға деген патриоттық сезімімізді арттыра түсті деп нық сеніммен айта аламыз. Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Ертаев сынды батырларымыз халықтың ұлы махаббатына ие болған тұлғалар. Бұл кісілерді біз қадірлеп, насихаттай беруге тиіспіз.

Жиыннан фоторепортаж:

Анкарадан арнайы Массагет үшін: Шерхан Талапұлы

Сурет: Шерхан Талапұлы, www.inform.kz

Н. Айдархан