Әлем елдеріндегі әйелдер мерекесі

Әйелдер мерекесі әлем елдерінде әрқилы тойланады. Бір елдерде аналар күні, енді бір елдерде қыз-келіншектер мерекесі, тағы бір елде тағысын тағы мерекелер бар. Әйтсе де осылардың ішіндегі әйгілісі - 8 наурыз халықаралық әйелдер күні.

Халықаралық әйелдер күні алғаш 1911 жылы төрт елде – Дания, Швейцария, Австрия және Германияда тойланды. 1912 жылдан бастап әйелдер күні әлемнің әр елінде кең көлемде мерекелене бастады.

Бұл мерекенің тарихы осымен ғана басталмайды. Тарихы осы екен деп дөп басып айту да қиын. Себебі 8 наурыз мерекесіне қатысты түрлі болжамдар баршылық. Оның біріншісі - 1857 жылы Нью-Йорк қаласының бір топ тоқыма­шылары 8 наурыз күні еңбекақының төмендігіне қатысты шеру ұйым­дас­тырып, көшеге шыққаны. Бір қызығы, бұл оқиға сол кездегі бірде-бір ақпарат құралында жазылмаған. Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, 1857 жылыдң 8 наурызы жексенбі болған. Ал сол кездегі күнтізбе бойынша жексенбі күндері мүлде шеру өткізілмеген. Сондықтан бұл нұсқа жаңсақ болуы да мүмкін.

1910 жылы неміс коммунисі Клара Цет­кин Копенгагенде (Дания) өткен әйелдер фо­ру­мында тұңғыш рет 8 наурызды "Халық­аралық әйелдер күні" деп атау туралы бас­тама көтерген. Бұл бастаманың астарында әйелдер құқығын қорғау үшін шеруге шығу, қарсылықтарын білдіруі мәні жатты. Бірақ бұл күні әйелдер төңкеріс жасап, наразылығын танытқан шеру болған емес. Ал 8 наурызды халықаралық мереке дәрежесіне Клара Цеткиннің құрбысы Александра Колонтай көтерген деген деректер де кездеседі.

ХХ ғасырда адамзат тарихында айтулы оқиғалар аз болмады. Сұрапыл соғыс та, ғылыми төңкеріс те, мәдени жаңғыру да, барлығы-барлығы жаңа кезеңге қадам басты. 8 наурыз мерекесі де бірден халықаралық сипат алмай, біраз жылдар бойы аздаған елдерде тойланып келді. 1921 жылдан бастап мерекені атап өтетін елдер саны арта бастады. 1975 жы­лы КСРО мемлекетінің өтініші бо­йынша, БҰҰ-ның қарарымен 8 наурыз ресми түрде Халықаралық әйелдер күні ретінде белгіленді.

8 наурыз халықаралық әйелдер күні деп аталғанмен, әлемнің барлық елінде тойлана бермейді. Себебі өзге елдерде "Аналар күні", болмаса аруларға арналған ұлттық жеке мерекелері бар. Көбіне кезінде КСРО құрамында болған елдер бұл күнді айрықша тойлап, нәзік жанды аруларға тілек айтып, сый-құрмет көрсетеді.

Бұл мереке кей елдерде өзгеше де аталады. Яғни ресми түрде тойлайтыны бар, бейресми атап өтетін елдер бар. Мәселен Үндістанда 8 наурыз күні Халықаралық әйелдер мерекесі емес, Холи мейрамы тойланады. Бір-біріне әртүрлі бояу қосылған су құйып, көңіл көтереді. Ал әйелдер күнін қазан айында тойлайды және ол он шақты күнге созылады.

Иранда да 8 наурыз әйелдер күні емес, "Фәтима ана" туған күні тойланады. Ал Гондураста әйелдер күні 25 қаңтарға белгіленген.

8 наурыз мерекесі Еуропаның көп елдерінде тойланады. Әйткенмен біршама елдерде бейресми түрде өтеді. Мереке қарсаңында демалыс берілмейді. Айта кетер болсақ, Сербия, Босния және Герцеговина, Хорватия, Чехия, Венгрия, т.б. елдердің күнтізбесінде бұл мереке жоқ. Тек бейресми түрде атап өтіледі.

Африка құрлығында Ангола, Замбия, Уганда, Камерун, Буркина-Фасо, Гвинея-Бисау, Кения, Эритрея және Мадагаскарда ғана мемлекеттік көлемде тойланады. Камерунда тойланғанмен, демалыс берілмейді. Мадагаскарда мереке қарсаңында әйелдер ғана демалысқа шығады. Аталған өзге елдерде демалыс беріледі.

Оңтүстік Америка құрлығында Бразилия, Гайана, Сальвадор, Суринам, Чили, Никарагуа мен Венесуэла елдерінде тойланады. Бірақ демалыс берілмейді. Өзге елдердің (Боливия, Эквадор, Аргентина, Уругвай, Парагвай, Перу, т.б.) күнтізбесінде 8 наурыз мерекесі жоқ.

8 наурыз - кей елдерде ресми демалыс күні. Ал бір елдерде тек нәзік жанды арулар ғана демалуға рұқсат берілген. Енді бір елдер атап өткенмен, демалыс күні болып саналмайды. Мысалы, көрші Қытайда 8 наурыз ресми мереке емес. Дегенмен бейресми атап өтілетін мерекелер қатарында. Бұл күні елде әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күні саналады.

Қызыл түс - демалыс күні болып саналатын елдер

Қызғылт-сары түс - әйелдерге демалыс беретін елдер

Сары тұс - атап өтілгенмен демалыс күні болып саналмайды

Бөлісу: