Массагет тілшілері 8 наурызда аналарына не сыйлаған?

Массагет тілшілері 8 наурызда аналарына не сыйлаған?
Фото: Vertinvest.ru

Массагет тілшілері 8 наурыз мерекесінде анасын қалай қуантқаны оқырмандарға қызықты болар деген оймен үш сұрақты сауалнама жасаған едік.

1. Анаңызға берген алғашқы сыйлығыңыз?

2. Сыйлық жасау үшін ақшаны қайдан алатын едіңіз?

3. 8 наурызға сыйлық тартуда қандай қызықтар болды?

Олардың берген жауаптары бір-біріне ұқсас, себебі барлығының балалық шағы бір кезеңде болған еді.

Өмірбек Сансызбай:
1. Әкемнің қолында өсіп, ата-апа тәрбиесінде болдым. Анамды көрмегенмін. Сондықтан сый жасап көрмеппін. Кішкентай кезімде апамды ауызша құттықтайтынмын. Есейе келе сый жасай бастадым.

2. Мектеп кезінде 8 наурыз жақындағаннан үйдегілер тамағыңа беретін тиын-тебеннің басын құрайтынмын. Сол ақшаға келетін сыйлық алатынмын.

3. Мереке мен сый жасауда қызықтар көп. Оның қай-қайсысын айтсаң да қызық. Студент кездегі сыйлық жасау айрықша есте қалған. Біз топта 20 қыз, 5 ұл болдық. 22 қыз, 1 ұл оқыған топтар да болды. Ұлдарға көп күш түсетін.

Әсел Асанова:
1. Бастауыш сыныпта үйдегі барлық нәзік жандыларға қолдан ашықхат жасап сыйлаушы едік. Ес білгелі берген алғашқы сыйлық сол болса керек. Анам «сабағыңды жақсы оқып, айтқан тілді алып жүрсең, мен үшін одан артық сый жоқ» дейтін. Наурыз басталғаннан күндегіден көбірек бестік алуға тырысатынмын.

2. Кейде әкемнен сұраймын, кейде мектепте тамақ аласың деп берген ақшаны жұмсамай, жинап жүріп, сыйлық жасайтынмын.

3. Әкеміз ешқандай романтикаға жоқ адам болды, ата-әжемізбен бірге тұрған соң да келіншегіне сыйлық әкелуге ұяла ма екен, білмеймін. Біз оған анадай сыйлық алайық, мынадай тосынсый жасайық, анамды концертке алып баршы деп әрең көндіруші едік.

Гүлжанар Берік:
1. Ашық хат пен кішкентай кәдесый тарту еткенмін. Ол кезде сәнге айналған еді. Ол әлі күнге дейін сөреде тұр және сол күні мерекелік дастарқан жаятынмын. Бұл дастарқанның негізгі тағамы жеміс салаты болатын. Соны дайындағаныма анам аса риза болушы еді.

2. Дүкенге жұмсағанда артылған ақша, үйге келген қонақтардың бергендері, тауып алғандарың бар – барлығын қосып, сый жасайтынмын.

3. Ұнамайтын сыйлықты өзіне қайтарып беретін жаман қылығым бар еді, парталасым раушан гүл қалыбындағы әтір сыйлағанда, "Мен әтір себінуге әлі кішкентаймын" деп ренжіп алмай қойғанмын. Одан кейінгі сыйлықтары да иесін таппай қалды-ау сол.

Аслан Қажиев:
1. Бастауыш сыныбында оқыған кезім. Анама ең алғаш рет гүл мен шоколад сыйлағанмын. Сыйлықты алуын алдым да, үйге келіп берер кезде қатты қысылып, ыңғайсыздандым.

2. Әпкеммен мейрамның қарсаңында үнемі келіспей жүретінмін. Ол 8 наурыз тура тақалғанда анамның өзінен ақша сұрайтын, "Маманың өз ақшасына алдың ғой, сенікі сыйлық емес немесе сыйлық жасайтыныңды әдейі білсін деп жасайсың" дейтінмін. Негізі менің де алатын сыйлығымның ақшасы сол анамның қалтасынан шығып тұр. Бірақ, білдірмегендей болайын деп, қаржыны жақындағанда емес, 1 ай бұрын жинайтынмын.

3. Менің туған күнім – 9 наурызда. Сондықтан, "міндетті түрде 8 наурызда ерекше сыйлық жасасам маған да қымбат бірдеңе алып береді ғой" деген есеппен, сыйлық жасауды ұмытпайтынмын. Анама "бір күн шыдағаныңыз үшін рақмет, 8 күні туғанда ұяттан өлер едім" деп, қалжыңдап айтып жүруші едім. Бірақ, менің туған күнімді күн сайын қонақ шақырмай 8 күні тойлап кеткен кездер болды, өкінішке орай.

Ақтоты Жапатова:
1. Анама берген ең алғашқы сыйлық  – қолдан жасалған ашықхат.

2. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде тек ашықхат беретінбіз. Өсе келе сыйлық жасасақ, ақшаны әкемнен алатынбыз.

3. Анамның жұмысы үйден тапсырыспен торт пісіру болғандықтан, ол мейрамға дүкеннің тортын жегісі келіп, алдын ала айтып отыратын.

Томирис Есқали:
1. Ең алғашқы сыйлығым қолдан жасалған ашықхат шығар. Мектепте еңбекке баулу сабағында жасайтынбыз. Өзіме сыйлықтың бір элементі қолдан жасалған болғаны ұнайды. Сондықтан, қанша жерден ақшаға сыйлық алсам да, қасына міндетті түрде еңбегім сіңген бір нәрсе беремін. Бастауыш сыныптарда ашықхат бердім, кейін торт пісіретін болдым.

2. Ата мен әкеден сұрайтынбыз. Мен бала кезімде апам мен әжемнен бөлек, барлық жеңгелеріме сыйлық алатынмын. Кейде сабаққа барарда "тамақ ал" деген ақшаны жинап алсам, кейде атадан ақша сұрап алатынмын. Бірде әкемді көндіріп, әже мен апаға әшекейлердің жиынтығын сыйлағанбыз. Қызық болды.

3. Бір күні қолдан ашықхат жасадық. Қағаздың бетіне апа, әже деп тігіп, кейін түрлі түсті қағаздармен сәндейтінбіз. Менің жеңгеме сыйлаған ашықхатымда "тәте-апа" деп жазылған еді. Сөйтсем, ол тәте және апа емес "тәтәй апа" деген екен. Үйдегілердің бәрі біраз уақыт күліп жүрген.

5-сыныпта өзімше торт пісірмек болдым. Бәрін дайындап, пешке салдым. Иісі бұрқырап шығып жатыр. Бірақ, тортым көтерілмепті. Күйіп барады, шығарып қарасам әлі піспеген. Неге десеңіздер, Томирис "аспаз" тортының басты құрамы – ұнды қосуды ұмытып кеткен екен.

Ал сіз бұл сұрақтарға қалай жауап берер едіңіз, оқырман?

@. @assel_assanova