Әлем елдері 8 наурыз мерекесін қалай тойлайды?

Әлем елдері 8 наурыз мерекесін қалай тойлайды?
Фото: www.lifehack.org

Алғаш рет 1911 жылы «Халықаралық әйелдер күні»  Австрия, Германия, Дания мен Швейцария сынды 4 елде ғана тойланған.  

Ресейде бұл мереке бірінші рет 1913 жылы аталып өтті. Оның өзінде мерекені тойлау барша мемлекет шеңберінде емес, тек Санкт-Петербург қаласы аймағында ғана орын алған.

1914 жылы аталған мереке нақты 8 наурыз күні Австрия, Дания, Германия, Нидерланд, Ресей мен Швейцария секілді түрлі елдерде тойлануы негізінде «Халықаралық әйелдер күніне» айналды. 

Бірінші Дүниежүзілік Соғыс басталған кезде Еуропа мереке тойлауды ұмытты. Алайда, Ресейде большевиктердің билікке келуінен бастап «Әйелдер күні» толыққанды мерекеге айналды. Саясаттанушылар мен тарихшылардың айтуынша, бұл азаматтарды діни мейрамдардан алшақтату мақсатында жүзеге асырылған екен. Еуропалық социалистердің проваславтық шіркеуге қарсы идеологиясының нәтижесі болса керек.

Ал аталған мерекенің ресми «Халықаралық әйелдер күніне» айналуы 1975 жылға сәйкес келеді. Осы жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы «Халықаралық әйелдер жылы» деп тағайындаған болатын.

Кеңес Одағының құрамында болған уақытта қазақ мәдениетіне еніп үлгерген мерекені біз де асыға күтетін болдық.

Ал енді көктемнің алғашқы мерекесі әлем елдерінде қалай тойланатыны туралы ақпаратқа назар салыңыз, оқырман.


Германия

Бұл елде 8 наурыз демалыс күні болып бекітілмеген. Мұнда Польша еліндегідей аталған мерекенің социалистік негізі бар. Мысалы, Шығыс Германияда әйелдер қауымының арнайы мерекесін тойлау басталған кездері Батыс Германия ол туралы әлі естімеген болатын. Батыс және Шығыс Германия біріккенннен кейін ғана мереке барша ел аумағында тойлана бастады. Алайда, кірме мереке ойдағыдай аталып өтпейді. Көпшілік немістер мамыр айында өтетін «Аналар күнін» әлдеқайда асыға күтеді.

Польша

Бұл күні поляк жігіттер нәзік жандыларға арнап жаңа бүр жарған көктем гүлдерін сатып алады. Дегенмен, көпшілік мерекені коммунистік негізіне бола атап өтпейді және бұл күн ресми демалыс деп жарияланбаған.

Сондықтан, мерекеге айтарлықтай көңіл бөлінбейді.

Литва

Аталған мереке Литва елінде тек орыстар көп шоғырланған аймақтарда ғана аталып өтеді. Германия мен Польшадағыдай ресми статусқа ие емес.

Вьетнам

Әйелдер мерекесі Вьетнам елінде жылдар бойы тойланып келеді. Оның атауы ғана өзге болған. Мереке әпкелі-сіңлілі Чынгтарды еске алу деп аталған. Бұл жауынгер қыздар елді Қытай шапқыншылығынан қорғауға ат салысқан. Олар жау қолына түспес үшін суға секіріп өлген көрінеді. Кейін Вьетнамда социализм орнағаннан кейін ел тұрғындары 8 наурыз мерекесін атап өте бастады.

Франция

Францияда да 8 наурыз жөнді аталып өтпейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында ғана бірен-сараң еске алынады. Мұнда да мамыр айында өтетін аналар мерекесі - аса маңызды мереке. Нақты 8 наурыз мерекесін тек осы елді мекен еткен коммунистер ғана тойлайды. Бір қызығы, Аналар күнінің жас қыздарға еш қатысы жоқ. 

Италия

1946 жылдан бері Италия елінде мимоза гүлі 8 наурыз мерекесінің символына айналған. Осы шешімге орай қазіргі таңда әйелдерге құшақ-құшақ мимоза гүлін сыйлау әдетке айналған. Италиялық арулар арасында бұл күнді ер адамдарсыз өткізу салты қалыптасқан. Олар 8 наурыз күні құрбыларымен бірге көңілді кеш өткізгенді жөн санайды.

8 наурыз мерекесі әр елде әрқалай аталып өткенмен, оларды байланыстыратын бір ерекше сезім бар. Ол – нәзікжандыларға деген махаббат. Ендеше, барша әйел затын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтауды бастап кетейік. 


А. Оралқызы