Қыздар: «Есімде қалған 8 наурыз»

Қыздар: «Есімде қалған 8 наурыз»

8 наурыз мерекесі – біреулер үшін аса қуанышты күн, біреулер үшін жалғыздығын сезінетін күн, енді біреулер үшін сезімін білдіретін күн. Бұл мереке әркімге әрқалай әсер етеді. Қыздар қауымының пікіріне құлақ түрейік, естелігі арқылы ақтарған сырының астарына үңілейік. 

Нұршат Жомартқызы: Шамамен 8-9 сынып оқитын шағымыз. Бір жігітпен сөйлесіп жүргем. Мен оны енді-енді тани батаған кезім, ол мені ұнататын. Біз сынып болып кешкі отырыс ұйымдастырдық, басқа мектепте оқитын ол қонақ боп келіп, сыныптағы қыздардың барлығына бір-бір раушан гүлден, ал маған үлкен гүл шоғын алып келген. Сыйлығы, әрине, ұнады. Біраздан соң мені вальске шақырды, екеуміз биледік. Бірақ... маған оның әтірінің иісі ұнамай қалды да, мен оны ұнатпай кеттім. Содан кейін мүлде сөйлеспей кеттік, ал ол әлі күнге дейін себебін білмейді. 

Дана Маратова: Былтыр топтағы жігіттер құттықтамағанға ренжіп жүргенбіз. Журналистика қыздардан құралған факультет дейді ғой. Тобымызда 5 ұл, 18 қыз. 7 наурызда жігіттердің ешқайсысы сабаққа келмеді. Біз ренжідік, ашуландық. Шалынған қоңырауларға жауап бермедік. Алайда кешкісін олар бізге үлкен концерт қойып, гүл мен шар сыйлады. Қазір сол кездегі ренішімізді айтып күліп аламыз. Кейбір белсенді қыздар вконтакте, фейсбук желілерінде өкпе-ренішке толы ұзын-сонар пост та жазып тастаған еді. 

Мадина Әбдіманапова: Мені ұнататын бір жігіт болатын. 8 наурыз күні таңертең сағат 7-лер шамасында телефоныма қоңырау шалды. Ұйқылы-ояу қалыпта не айтқанын ұқпадым да, телефонды қоя салдым. Қайтадан хабарласқанда есімді жинай бастадым, есік алдына шықшы деген екен. Барсам, үлкен рамкаға менің портретімді қолмен салған сыйлық әкеліпті. Оны аса ұнатпайтын болсам да, таңертеңгілік көңіл-күй сыйлағанына риза болып, күні бойы көңілді жүрдім. Сыйлығы үйде әлі күнге сақтаулы тұр. 

Гүлсезім Әйтімова: Бізге жаңадан сынып жетекші келген болатын. Мейрам уақыты таяған соң ұлдардың бізге қандай сыйлық жасайтыны туралы әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Бірде мұғаліміміз бен сыныптас ұлдардың сөзін құлағымыз шалып қалды. Бізге концертке билет әпермекші екен. Қуанып жүрдік. Сөйтіп жүргенде олар біздің біліп алғанымызды сезіп қойды. Сонда да сыр білдірмеді. 

6 наурыз. Сабақ біткен соң мұғалім бізді шақырып алды. Мереке жайлы айтар деп қуана жетіп барған едік, мұғаліміміздің көңіл-күйі жоқ. Жан-жақтан не болды деп сұрап, абыр-сабыр болдық. 

"Менің ұлдарым қыздарыма тосын сый жасаймыз деп, директорға ұсталып, сөгіс алыпты. Енді бәрінің ата-анасын мектепке шақырып, шара қолданбақшы. Ренжімеңдер, қыздарым", – деп көзіне жас алды. Біз ұлдарға жанымыз ашып, көңіл-күйіміз түсіп кетті. Содан соң мұғалім: «Қыздар, кабинетіме келіп кетіңдерші»,– деп бәрімізді алып барды. Барсақ, ұлдар тосынсый жасап бізді күтіп алды. Әдемі үстел, тәттілер, шарлар. Бәрін өздері істеп, бізді қуантпақ болыпты. Мұны көрген біз қуаныштан көзге жас алдық. Жоспарларының бізге мәлім екенін білген соң, өтірік айтып, бізді алдамақ болыпты. Осылайша, актерлік шеберлігі басым сыныптастарым мен ұстазымыздың бізге жасаған тосынсыйы сәтті өтті. 

Томирис Есқали: 8 наурыз кезінде сіңілім екеуміз жыл сайын әкемізге "апа мен әжеге" сыйлық алайықшы деп жалынатынбыз. Бір жолы апа (анам) жұмыстан кеш келетін болған соң, өзімізше сыйлығымызды жасырып, дайындап отырдық. Кенет әжем мені дүкенге жіберді. Келсем, апам үйде, сыйлығы қолында. Мен жыладым. "Неге сыйлықты менсіз беріп қойдыңдар?"– деп, жылап, қырсығып, жер тепкіледім. Апам қашанғы шыдасын?! Осылайша сыйлық беру рәсімі маған "таяқ сыйлаумен" аяқталды. 


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар