Мереке күні не киеміз?

Мереке күні не киеміз?
Фото: amur.kz

Көктем  жаңару кезеңі. Өзгеретін табиғат қана емес, біз де өмірімізді өзгертетін арман мен күшке кенелеміз. Көктемдік жақсы бастама 8 Наурыз мерекесінен бастау алады. Осы күні барлық бойжеткен қыздар және әйелдер мерекеге сай киінгісі келеді. Әрине, мерекеге сай ең қолайлы киім  көйлек. Көйлек  нәзіктік, мінсіздік және әйелдік символы. 

Әйелдер мерекесінде әдемі көріну үшін осы көйлекке тоқталамын деп нақты шешім қабылдау үшін бірнеше кеңес ұсынамыз:

Өзіңізді ыңғайлы сезінетін көйлек үлгісін таңдаңыз. Егер көйлегіңіз өте сәнді болып, алайда киген кезде өзіңізді ыңғайсыз сезініп, жанға жайлы болмай тұрса, ойланбастан бас тартыңыз. Жүрегіңіз қалаған көйлек қана сәнді әрі табиғи көрінеді.

Көйлекті таңдарда өзіңізді ашатын түске ден қойыңыз. Егер таңдау кезінде көйлек түсіне күмәндансаңыз, әмбебап түсті таңдаңыз. Мысалы, қара немесе қызыл көйлек. Бұл түстер барлық түспен жарасады. Мұндай жағдайда сізді ерекше етіп көрсететін аяқ киім мен қосымша аксессуарлар таңдаңыз. Ауа-райына байланысты көйлектің сыртынан киетін біртүсті пальто немесе жамылғы-плащ дайындап қойыңыз.

Тәжірибе жасап көруден қорықпаңыз. Себебі көктемгі мерекеде жақындарыңыз бен достарыңызға өзіңізді жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік туып тұр. Жаңа киім үлгісін байқап көріңіз. Көктем басталуымен ашық түсті киім киюден бас тартпаңыз. Ашық әрі нәзік түсті киімдер қыздарды әрқашан сәнді етіп көрсетеді.

Сонымен қатар белдемше мен жейдені үйлестіріп кисе де болады. 2016 жылы ұзын әрі жеңіл матадан тігілген салтанатты белдемшелер сәнде. Әрине, классиканы да ұмытпаған жөн. Қарындаш белдемше, қарапайым жейде және ірі әшекей өте әдемі көрінеді.

Қазір қазақша үлгідегі киімдер сәнге айналды. Заманауи түрде тігілген, қазақша оюлармен өрнектелген бешпет, жамылғы, көйлек немесе әшекейлерді үйлестіріп киюге болады.

Егер мереке күні достарыңызбен сыртқы киім шешпейтін жерге баратын болып шешсеңіз, көктемді бейнелейтін суреттері бар немесе ашық түсті әдемі сыртқы киім таңдаңыз. 

А. Жапатова