8 наурыз қарсаңында қандай фильм көруге болады?

8 наурыз қарсаңында қандай фильм көруге болады?

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні барша нәзік жандының мерекесі. Кейбіреулері өзінің екінші жартысынан сыйлық күтеді. Енді бірі құрбыларынан. Ал біреулері мерекені жақсы фильм тамашалап өткізгенді қалайды. Назарларыңызға нәзік жандылар хақында түсірілген фильмдердің топтамасын ұсынамыз.

Сонымен тамашалайық…

«Эрин Брокович», 2000. Басты рөлде - Джулия Робертс.

1

Өзін және балаларын жоқшылықтан құтқаруға барын салған жалғызбасты әйел жөнінде түсірілген тамаша кино туынды. Бірбеткей мінезінің арқасында Эрин ақыры жұмысқа орналасып, бір ірі компанияның күмәнді әрі қауіпті ісін өз қолына алады. Ол өз мамандығының хас шебері болмаса да, оған адамдар арасында тез тіл табатын қасиеті әрдайым көмекке келеді. Осы фактінің арқасында Эрин шындыққа көз жеткізеді.

Өткір әзіл, қанатты сөздер мен адам бойындағы сирек мінездердің ашылуы осының бәрі де осы фильмде топтасқан.

Басты рөлді сомдаған Джулия Робертс өзіне жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде орындап шыққан. Оның өз рөліне беріліп ойнағандығы соншалықты, көрермендерге экрандағы оқиғаның шынайы өмірде болып жатқандағыдай әсер сыйлайды.  

Бұл фильм сіздердің де көңілдеріңізден шығады деп сенеміз...

«Черная книга» («Қара кітап»), 2006. Басты рөлде - Кэрис ван Хаутен.

2

Ұлты еврей, әнші әйелдің бастан кешкен оқиғалары суреттеледі: жанұясынан айырылу, сатқындық, адамдардың екіжүзділігі және т.с.с. Қиыншылықтың бәріне төзе білген ол тек қана алған қарай жылжып, бақытты өмірі жолында күресін бір сәтке де тоқтатпайды.

Бұл еркектердің бойынан да табыла бермейтін мінезі бар қайсар, ақылды және пысық әйелдің басынан өткерген өмірі жайындағы туынды. Фильмнің өзі әрқилы сәттерден тұрады, бұл жерде адамның басына келмейтін жауыздық пен қатігездіктің түр-түрі көрініс тапқан. Осыны көрген көрермен мұндай әрекеттерден жиіркеніп, тек қана жақсылыққа ұмтылуға тырысатыны анық.  

«Малышка на миллион» («Миллионға бағаланған балақай»), 2004. Басты рөлде - Хилари Суэнк.

3

Мэгги – әр күнін бір оқиғамен байланыстырған, алайда басты арманы боксшы болуды қалайтын қарапайым даяшы қыз. Ол өзінің қажырлы еңбегі мен талпынысының арқасында арманына қол жеткізеді. Бірақ...

Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін өз көзіңізбен тамашалаңыз. Айта кетерлігі, бұл фильм бізге арамызда еркек мінезімен, батылдығымен және де сарқылмас күшімен жетістікке жеткен әйелдердің бар екендігін көрсетіп, оны тамаша сценарий көмегімен баяндайды.  

«Дьявол носит «Prada» («Шайтан «Prada» киеді»), 2006. Басты рөлдерде - Мэрил Стрип, Энн Хэтэуэй.

4

Университетті жаңа ғана аяқтап, журналистикаға алғаш қадам басқан жас маман (қыз) сән әлеміндегі жаңалықтарды жаһанға тарататын басылымға қызметке орналасады. Бірақ бірінші күннен бастан қиындықтарға тап болған ол өз жұмысының қаншалықты қиын әрі басшылықтың қатал екендігіне біртіндеп көз жеткізе бастайды. Дегенмен ол қысқа уақыт аралығында жас екендігіне қарамастан қиын жағдайлардың оңай шешімін тауып, басшыларының көңілінен шыға біледі.

«Шайтан «Prada» киеді» - ең сәнді әрі жоғары деңгейде түсірілген, мән-мағынасы тұрғысынан әлі күнге дейін өз өзектілігін жоя қоймаған фильмдердің бірі саналады.

Келе жатқан 8 наурыз құтты болсын! 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: film.ru, thefashionestworld.com

Б. Қосмағамбет