Әнуар Нұрпейісов 8 наурыз мерекесімен құттықтайды

Әнуар Нұрпейісов 8 наурыз мерекесімен құттықтайды

Әнуар Нұрпейісов аналар мен қыз келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтайды. Сонымен қатар, Massaget.kz актердің бұл мерекені қалай қабылдайтыны және анасы мен сүйіктісіне қандай сыйлық жасайтыны жайлы пікірін білген еді.

- Әнуар, 8 наурызды қандай мереке деп білесіз?  

- Мен үшін бұл өте үлкен мереке. Бұл мереке мен үшін әрдайым көктемнің шығуымен ассоциацияланады. Бұл көктем мерекесі біздің аса қадірлі де құрметті аналарымызды, әжелеріміз бен қарындастарымызды шын жүректен құттықтайтын күн. Біз, ер адамдар, тек қана бір күн емес, жыл бойындағы 365 күн бойы оларды құрметтеп, сыйлап өтуіміз керек деп ойлаймын. Бірақ дәл осы күн – күндердің ішіндегі ерекшесі.

- Бұл мерекеде қыз атаулыға қандай сыйлық жасайсыз?

- Бұл күнде әрине, дәстүр болып қалыптасып кеткендіктен, гүл шоғын сыйлаймын. Қыз баласы әрқашан да сұлу болғысы келеді, сондықтан оларға сыйлық ретінде косметика сыйлағанды жөн көремін. Оның өзінде тек қана табиғи бұйымдар сыйлануы керек.

- Сіздің өзекті тақырыптарға арнайы видео түсіретініңізді білеміз. Видео-құттықтау бола ма бұл жолы?

- Шынымды айтсам, қазір Олимпиадада керемет өнер көрсетіп, қола медаль алған Денис Тен туралы видео түсіріп жатырмыз. Сол себепті видео-құттықтауға қол тимейді, ал екіншіден, мұндай мейрамда аналарымыз бен әжелерімізді, қарындастарымызды видео түсіріп, емес, шынайы өмірде құттықтағаным дұрыс деп ойлаймын. Бірақ мұнда да кесіп айту қиын, оны да 8 наурыз күні көре жатармыз. Әзірге құпия болсын.

- Сүйіктіңізге немесе анаңызға есте қаларлықтай қандай сыйлық жасадыңыз?

- Сыйлықты көп жасадым, бірақ есте қаларлықтай деп айтатын сыйлықтар аз. Соның ішінде бала кезімде, ұмытпасам 4 сынып оқушысы кезімде әжеме ағаштан ойып орындық жасап сыйлаппын. Еңбек сабағында орындық жасап үйреніп жүргенде болған жай еді. Міне, есімде қалғаны сол.

- Ал енді құттықтауыңызды айтсаңыз болады...

- Ең біріншіден, өзімнің анамды, әжелерімді, жеңгелерім мен қарындастарымды құттықтағым келеді. Бұдан кейін Қазақстанның барша әйелін осы мерекемен құттықтаймын. Меніңше, адам баласына ең керегі денсаулық, одан кейін махаббат және де бақыт. Міне, осы үш тілек болса, қалғаны өздігінен келеді деп ойлаймын. 8 наурыз мерекесі құтты болсын!

Сурет: өңделген 

А. Құлтай