Мен қазақ қыздарына қайран қалам – 3

Мен қазақ қыздарына қайран қалам – 3

Түркі, оның ішінде қазақ даласында әлемді таңдандырған абзал аналар мен үкілі қыздар аз болған жоқ. Әйгілі Кирдың басын алып, патшалық құрған Тұмар ханым, Шығыс әйелдерінің патшайымы Тұрқан қатын, Шыңғыс ханды бұлтартпаған Қоңырат қызы Бөрте ханым, Низами ғашық болып жыр арнаған Қыпшақ қызы Әппақ сұлу, бүкіл Ұлы жүздің анасына айналған Домалақ ананың қасиетті есімдерін білмейтін қазақ жоқ. Біз сіздерге дәл осындай дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген аналарымыз бен апаларымыз, қолға қару алып жауға шапқан қазақ қыздары туралы баяндаған болатынбыз. Бүгін сол тізімді тағы да жалғастырып көрмекпіз...
Назым. Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен біре XVІІІ ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отанын қорғаған. Назым қыздың есімі мен ерлігі бүгінге дейін аңыз болып айтылады.
Есенбике. Үйсін Қаратай батырдың қызы, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы, XVІІІ ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысқан жауынгер.

Айтолқын. Абылай ханның қызы. XVІІІ ғасырдағы соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен.
Жандәлі. Найман тайпасынан шыққан батыр қыз. Қазақ-жоңғар шайқасында ерлермен бірге соғыс алаңына шыққан.
Айбике. XVІІІ ғасырда өткен атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздар қолын басқарған ержүрек әйел. Ол қазақтың батыры, ағасы Қабанбайға Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы жоңғар жасақтарының жорық жайын біліп, жеткізіп отырған.


Ақбикеш. XVІІІ ғасырдағы жойқын соғыстарды алыстан көретін қырағы қыз екен. Руы Алшын. Ол соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын қазақтарға хабарлап отырған. Қаратау өңірінде "Ақбикеш мұнарасы" деген ескерткіш бар.
Ботагөз. Есет батырдың қызы. 1742 жылы әкесі Орынборға кеткенде елін қалмақ шауып, жылқысын қуып әкетеді. Намысты ойлаған Ботагөз 150 сарбазды бастап барып, жауын тұтқындап, жеңіспен оралған.

Сапар. Әкесінің аты Мөтең, руы Табын. Кейбір деректерде есімі Сапура деп келеді. XVІІІ ғасырдағы Е. Пугачев көтерілісінде аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда "Көктемір", "Көрінбес" деген атпен дәріптелген қаһарман қыз өзін Е. Пугачев ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісті  одан әрі жалғастыруды үндеген. Бұл туралы ғалым Н. Бекмаханова "Легенда о невидимке" деген кітабында жазған.
Бақты. Әкесі батыр болған текті жердің қызы. Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. ХІХ ғасырдың орта кезінде Бақты қыз батыр әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресіп, барлаушылық қызмет атқарады.


Қойсана. XVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген. Тарақты Байғозы батырдың қызы. Сардар Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы. Ер Ағыбайға екіқабат кезінде елінің жылқыларын қуып кеткен барымташыларды қуып жетіп, аттан түсіріп, байлап әкелген. Ауылға келген соң қарақшылар басшысы "бізді аттан түсірген әйелдің күші емес, оның ішіндегі баланың күші" деген екен. 
Қыз Данай. Кіші жүз қызы, Таз руындағы Төремұрат батырдың әйелі. Жасында сүймеген адамға еріксіз қосылған Данай сұлу, өз ерлігімен Төремұратқа қосылады. Кейін бұл батыр жігіт түркімендер қолына түсіп, соғыста қаза табады. Қыз Данай тұтқыннан қашып шығып, қиындықпен еліне жеткен екен. Атақты күйші Құрманғазының Қыз Данайға арнаған бірнеше күйі бар.

Ақбикеш ана. Найманнан шыққан Бағаналы елінің қызы. Арғын Әйдерге сұлтанның әйелі. Жылқайдар руының анасына айналып, ел басқарған, Мырза Ақбикеш атанған екен. Өзі перзент көтермеген соң, еліне төркіндеп барып, жақын сіңлісі Мақпалды ерлік, батырлық істерімен қалап алып, өз еріне әкеліп қосады. Осы анадан тараған жеті ұрпақтан кейін 500-ден астам шаңырақ тараған.
Айғыз Көшкінбаева (1876-1918). Азамат соғысына қатысқан, Аягөз ауданының тумасы. Сергиопольдегі қорғанысқа қатысып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп, тамақ тасыған. Колчак әскері Айғызды азаптап өлтірген. Осыған байланысты жазушы Қ. Исабаев "Айқыз" атты роман жазып шығады.

Мәншүк Мәметова Жиенғалиқызы. 1922 жылы Оралдағы Орда ауданында туған. 1943 жылы соғыста ерлікпен қаза табады. Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһарман қыз, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова туралы мына жерден оқыңыздар.
Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы. 1924 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданында дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 1944 жылы Псков облысында қаза болады. Құралайды көзге атқан мерген, Кеңес Одағының батыры туралы мына жерден оқисыздар.
Мәншүк пен Әлияның аңызға айналған ерлігі туралы өлең-жырлар, дастандар жазылған, фильмдер түсірілген.

Ләззат Асанова (1970-1986). Қазақ елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында жан қиған ержүрек бойжеткен. Он екіде бір гүлі ашылмаған ару 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Отаны үшін нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, қанқұйлы жендеттер қолынан қаза табады.
Жүректері "Отаным, отбасым, ар-намысым" деп соққан қазақ қыздарының есімдері мәңгілік жадымызда сақтала бермек. Олардың ізін жалғастыратын қазақтың қарагөздері аман болсын!

Оқи отырыңыз:

"Мен қазақ қыздарына қайран қалам" - 1

"Мен қазақ қыздарына қайран қалам" - 2

Әлемді өзгерткен әйелдер - 2

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева 

Сурет: vk.com