Әлем 8 наурыз мерекесін қалай тойлайды?

Әлем 8 наурыз мерекесін қалай тойлайды?

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі 8 наурызды әлем халқы түрліше атап өтеді. Бірі еліміздегідей ерекше көңіл бөліп, оларды қуантуға асықса, екіншілері бұл мерекені елемейді. Олай болса, бұл мерекені өзге мемлекеттердің қалай атап өтетінін біле жүріңіздер.

Германия


Неміс халқы 8 наурызда демалмайды. Бұрындары Шығыс Германия бұл мерекені атап өтіп, нәзік жандыларды құттықтайтын. Ал Батыс Германия бұл мереке туралы ештеңе білмейтін. Екі Германия біріккеніменен, 8 наурыз мерекеcі кең көлемде тойланбайды. Германияда мамыр айында «Аналар күні» атап өтіледі. Бұл күні ақ жаулықты аналар мен әжелер үй шаруасынан босатылады. 

Польша


Поляк халқы немістер сияқты бұл күні демалмаса да, кеңес дәуірінен келе жатқан 8 наурыз мерекесін ұмытқан жоқ. Бұл күні поляк ер-азаматтары нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, бәйшешек, қызғалдақ сияқты көктем гүлдерін сыйлайды.

Литва


Бұл елде 8 наурыз мерекесі мемлекеттік мәртебеге ие болмағандықтан, мереке орыс тілді аймақтарда ғана атап өтіледі. Литвада бұл мереке туралы ортақ пікір жоқ. Бірі бұл мерекені кеңестен қалған дәстүр десе, бірі әйел затына ерекше көңіл бөлетін мереке деп ойлайды. Литвада 8 наурыз мерекесі көктем мезгілінің бастауы болып табылады. Бұл күні әйел азаматтарға ерекше құрмет көрсету қажет. Бірақ нәзік жандыларға бір жылда бір рет қана көңіл бөлмей, жылдың әр күнінде жылы сөздер айтып, гүл шоқтарын сыйлау қажет.

Вьетнам


Әйелдердің мерекесі бұл елде 200 жылдан астам уақыт атап өтіледі. Бұл мереке ертеде «Чынг апалы-сіңлілерін еске алу күні» деп аталатын. Чынг апалы-сіңлілер соғыс кезінде вьетнам халқының бостандығы үшін күрескен болатын. Жеңістен соң, оларды еске алу күні 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне ауысты. Бұл күні әйел азаматтарға игі тілектер айтылып, сый-құрмет көрсетіледі.

Франция


Франция елінде 8 наурыз мерекесі мемлекеттік мәртебеге ие болмағандықтан, бұл мереке кең көлемде атап өтілмейді. Бұл күн ресми түрде демалыс болмағандықтан, француз халқының қыз-келіншектері игі тілектерді естумен шектеледі. Көп жағдайда бұл мерекені орыс тілді аймақтарда тұратын жандар мен коммунистер тойлайды. Француздар «Аналар күнін» мамыр айында, «Әжелер күнін» наурыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.

Италия


Италия халқы 8 наурыз мерекесіне бейресми мереке болғанына қарамастан, аса мән береді. Алайда, бұл мерекені нәзік жандылар ер азаматтармен қатар атап өтпейді. Италия сылқымдары төл мерекелерін өзара мейрамханалар мен кафелерде тойлап, бір-біріне сый-кәделер тарту етеді. Кешкі уақытта ойын-сауық мекемелеріне әйел азаматтар тегін кіре алады. 1946 жылдан бері бұл мерекенің нышаны мимоза гүлі болып табылады. 8 наурызда әйел азаматтарға сары түсті мимоза гүлдерін сыйлау үлкен дәстүрге айналған.

Болгария


Болгарияда 8 наурыз мерекесі ұлттық мереке болып саналмайды. Алайда, әйелдерді құттықтау дәстүрге айналған. Болгар халқы бұл мерекені кеңес дәуірінің жаңғырығы деп қабылдайды. Әйелдерге жылы лебіздер айтылып, кәде сыйлар табысталады. Бір қызығы, бұл мерекеге әйел азаматтар ерекше мән беріп, бір-бірін құттықтап жатады.

Түркменстан


Түркмен елінде 8 наурыз мерекесін атап өту Кеңес Одағынан келе жатқан жыл сайынғы дәстүр. Алайда, 2001 жылы сол кездегі Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязов 8 наурыз мерекесін тойлауға тосқауыл қойды. 21-22 наурызда атап өтілетін Ұлыстың Ұлы Күні Наурыз мерекесі Түркменстанда «Көктем және әйелдер күні» болып бекітілді. 2008 жылы Түркменстанның Сапармұрат Ниязовтан кейінгі президенті Гурбануглы Бердымұхамедов Еңбек туралы заңға өзгеріс енгізіп, 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне әуелгі мәртебесін қайтарды.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: shzclog.com, вк желісінен

Қ. Бүйенбай