Массагеттен мәзір: "8 наурыз" салаты

Массагеттен мәзір: "8 наурыз" салаты

Аяулы қыз-келіншектеріміздің, қарлығаш әпкелеріміз бен қылықты жеңгелеріміздің, алтын жүректі аналарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің мерекесі 8 наурыз қарсаңында тағы да бір мәзірімізді ұсынбақпыз. Мұндағы басты ингрединет – махаббат дер едік. Шынайы махаббатпен жасалған кез келген тағам асқазаннан да, жүректен де орын табады. Ұсынылған салат арқылы жақындарыңызға мерекелік сый жасайсыз деген ойдамыз. Олай болса, іске сәт!

 

Құрамы:

3 картоп

2 жұмыртқа

краб таяқшалары

жүгері

қызанақ, қияр

1 кесе күріш

аскөк, ақжелкен, тұз

 

  Картопты қайнатып, ұсақ үккіштен өткіземіз.

 

  Жұмыртқаны да дәл солай қайнатып, үккіштен өткізу керек.

 

  Енді краб таяқшаларын ұзын әрі ұсақ етіп тураймыз.

 

  Қиярды да дәл краб таяқшаларының көлеміндей тураңыз да, қызанақты қалдырып қойыңыз.

 

  Енді тәрелкеге бір жуан, бір жіңішке шыны аяқтарды орнатыңыз, арасында 2-3 сантиметр орын қалсын.

 

  Мұның себебі енді түсінікті болған шығар, алдымен күрішті, одан кейін картопты шыныны айналдыра қойып шығамыз.

 

  Одан кейін қиярды, краб таяқшаларын, артынан жұмыртқаны саласыз. Соңында тағы да картопты қоясыз.

 

  Енді шыныаяқтарды суырып аласыз. Бізде 8 саны пайда болды. Салатты жинақтаймыз.

 

  Енді оның сыртын майонезбен жақсылап жабамыз.

 

  Жүгеріні суынан тазартып алып, салатты безендіруге кірісеміз. Ақжелкен мен аскөкті де турап, қызанақтан гүл жасаймыз.

Салат дайын! Тағамды араластырғанда тұз қосуды ұмытпаңыз. Асыңыз дәмді болсын! 8 наурыз мерекесімен!

Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева