Байқаудың жеңімпаздарын құттықтаймыз!

Байқаудың жеңімпаздарын құттықтаймыз!

Құрметті массагеттік оқырман, 8 наурыз қарсаңында сүйікті аруларымызға арнап блог жазудан байқау жариялаған болатынбыз. Белсенді блогшыларымыз әдемі сөзбен көмкерілген тілек-құттықтауларын жарыса жазды. Ендігіде сол блогтардың бағасын беріп көрелік.  

Ж. Тұрапбек есімді қолданушымыздың «Айдай Керім» деп аталатын блогы қарапайым түрде жылы сөзбен құттықтау ретінде жазылыпты. Салынған суреттері де көз тартатынын айтпай өтуге болмас. Блог алты адамның қолдауын тауыпты (баға бойынша).

Ендігі кезек Жако. қолданушымызға келсін. Нағыз ер азаматтың құттықтауы деп те осы блогты айтсақ болады. Осындағы барлық аруды құттықтағысы келген Жаконың суреттегі сыйлықтарын әдемі емес деп кім айта алады? Бірақ қолданушымыз байқауда тек бір ғана аруды құттықтау керек деген ережені елемегені үшін байқаудан алынып тасталды. Десек те, оның блогы 14 адамның қолдауын тауыпты.

Аскар Хамиденовтың блогы Ақбота есімді аруға арналыпты. Тіпті өлең де арнап ақындық өнерінің бар екенін де білдірген ол «Қарулары кемел ой, терең білім, Арулары аман бол Массагеттің!» деп жырлапты. 20 адамның қолдауын тапқан блогшымызды арқаға қақсақ, айып емес.

Нұрдәулет Жеңістің Анар ханымға тілеген тілегі шын ниеттен екені көрініп тұр. Оның блогын 7 адам қолдаған екен. Десек те бұл қолданушымызға жаңалық енгізуден қорықпаңыз дегіміз келеді.

Амангелді Сейтханның әзілге толы тілегі Замира атты аруға арналған. Десек те «Замира, сұлу қызсың кірасавицә, (Сұңғақ бойлы, фигураң лощадица))))))» деген сөздерді қалай қабылдарымызды білмей күлдік те қойдық. Әрине, әзілмен жеткізген тілегі елден ерекше болғанын жасырмайық. 25 адам қолдаған блог үздіктер қатарынан көрінуі мүмкін. Бірақ әрмен кеттік...

Базаралы Ұлықпанның «Айнара кыз» атты блогы нағыз ғашықтық серенада! Жігіттің қызға арнаған әрбір сөзі әзіл мен романтикаға толы. Тіпті бір айтысып отырғандай болғаны да рас. Блог тоғыз адамның қолдауын тауыпты.

Батыр баланың блогы Айгерім қызға арналыпты. (Ескерте кетейік, ару қызымыз Айгерімге бұл байқауда екі бірдей тілек жазылды!) Бұл тілек 7 адамның қолдауын тапқан.

Мейрамбек Ермұханбетұлының Мейіргүл сұлуымызға жазған тілегі салмақты. Өлеңі де, қара сөзбен жазған тілегі де керемет. Десек те, қолдаушылар саны 5-еу ғана.

Nurbek атты қолданушымыз Жансая атты аруымызды шын ниетімен құттықтауды жөн көріпті. Онымен қоса оның суреттерін қосып видеоқұттықтау жасапты. Әрбір қыз мұндай сыйлық үшін кереметтей әсер алатынын естен шығармайық.

Бигелді Темірдің байқаудан сырт жазған Көктем гүлі атты жазбасын да атап өтуге болады. Себебі онда ән де, жылы сөз де, романтика да бар. Бұл жазба да Анар ханымға жазылған екінші құттықтау тілек. Нағыз жігіт дәл осылай өз жүрегінің дүрсілін естірте алмақ. Жарайсың, Бигелді!

Сонымен, Аскар Хамиденов "Массагеттің ең сұлу аруына" атты блогы үшін - 1 орынға ие болып отыр! Сыйлық ретінде осынау кітаптарды табыстаймыз!

2 орын Айгерім сұлуымызға "8 наурыз мейрамымен Айгерімді құттықтаймын!" атты блогын жазған Батыр бала есімді қолданушымызды лайық деп таптық.

пр

Ал үшінші орын Амангелді Сейітханның "Лайкты басуға лайықты жазба" атты блогына беріледі.

Міне, көктемнің алғашқы мерекесінде осындай дүбірлі жарыс өтті. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Аналарымыз бен әжелеріміз, ару қыздарымыз аман болсын!

Бүгін Массагет өкілі жеңімпаздармен электронды почта арқылы хабарласып, сыйлық иелерінің мекен-жайлары туралы ақпарат алатын болады. 

А. Құлтай