Наурыз мейрамын жаңа сипатта тойлаудың мəні

Наурыз мейрамын жаңа сипатта тойлаудың мəні
Фото: massaget.kz

Жыл басы – Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өту қоғамда кеңінен талқыға салынуда. Ұлыстың ұлы күнін жаңа тұрпаттағы жалпыхалықтық мерекеге айналдыру – ұлттың ауызбіршілігін нығайтып, ұмытыла бастаған қазақылық қасиеттерімізді қайта тірілтуге септігін тигізеді. Ең бастысы, бұл бастама өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге.

Таяуда халықаралық "Түркістан" газетінің жанындағы "Алдаспан" пікірсайыс алаңы "Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтудің мəні" атты тақырыпта келелі кеңес өткізді. Іс-шараға ҚР мəдениет жəне спорт министрлігі, Алматы қалалық мəдениет жəне архивтер басқармасы өкілдері, сондай-ақ, елімізге белгілі тарихшы, этнограф ғалымдар қатысып, ой бөлісті.

Наурыз мейрамын жаңа сипатта тойлау хақында келелі ойлар айтылып, түрлі ұсыныстар түсті. Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлап жүрміз?, қалай тойлауымыз керек? - деген сұрақтар талқыланды.

30 жылда Наурыз мейрамының жалпыхалықтық сипатын қалыптастырып үлгердік пе?

"Түркістан" газетінің бас редакторы Жаңабек Шағатай мəртебелі отырысты ашып, Наурыз мейрамын жаңа сипатта тойлау жайында өз ұсыныстарын айтты.

- Наурыз мейрамы еліміздің əр өңірінде əртүрлі тойланып жүр. 30 жыл болса да жалпыхалықтық сипатқа ие бола алмай келеді. Бəріне ортақ ұстаным, идея болса деймін. Сондықтан бүгін белгілі мамандардың басын қосып, осындай отырыс ұйымдастырып отырмыз. Біз газет арқылы «Əр өңірде Наурыз парктері ашылса, онда ұлттық салт-дəстүрлер көрсетілсе, жас жұбайлар некелерін қиса, сəбилердің тұсауы кесілсе» деген ұсыныс жасадық. Тіпті, жыл сайын «Денсаулық», «Қазақстан» деген пойыздар кең байтақ жеріміздің түкпір-түкпірін аралайды. Сол сияқты осы мереке қарсаңында «Наурыз» пойызы алыстағы ағайынды аралап, ұмытылмас шара өткізсе, не кедергі? Əрі ол пойыздағы топтың ішінде əншілер, өнер қайраткерлері, спорт саңлақтары болса, ел-жұртпен қауышып, əсерлі кездесу ұйымдастырса, мерекенің маңызы арта түспей ме?! Ал Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтуге байланысты сіздерде қандай ұсыныс бар? Мейлінше емен-жарқын түрде ортаға салып, ой бөліссеңіздер, мархабат, - деп отырысты бастады.

Наурыз қандай мейрам?

Алғаш болып сөз алған жазушы Уақап Қыдырханұлы Ұлыстың ұлы күні жайлы өз зерттеулерін негізге ала отырып, Наурыз мейрамының сипатына тоқталды.

- Əр халық өзінің аңызы бойынша, Наурызды өздеріне қарай икемдеп, бейімдеп əкетті. "Қазақ" газетінің 1914 жылғы 22 наурыздағы санында Əлихан Бөкейхановтың "Əлем күнтізбесінің тарихы мен мазмұны" атты мақаласында наурызды алғаш тойлаған Бабыл (Вавилон) мемлекеті дейді. Алаш қайраткері бұл мақаласында күн мен түннің теңелуі, жылдың басы наурыздан басталған дейді. Ал тағы бір мəлімет көздерінде, ертеде парсы патшалары тағына бір күн өзінің жақсы көретін құлдарын, кедейлерді отырғызған.

Жазушы Наурыз мейрамының сипатын 7 түрлі сипатын ерекше атап өтті. Мұны инфографика арқылы ұсынуды жөн көрдік.

Наурыз – қасиетті мейрам

1926 жылы Кеңес үкіметінің шаласауатты «сыңарезу саясаты» Наурыз мейрамын ислам дінінің сарқыншағына балап, тойлауға басы бүтін шектеу қойғызған. Десек те, 1988 жылы бірқатар ұлт зиялылары Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге Наурызды тойлау жөнінде мәселе көтеріп, хат жазып жүріп, ақыры төл Жаңа жылымыз өз халқымен қауышқан болатын.

Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан ақсақал қайта оралған қасиетті мерекенің құтын қашырып алмайық, - дейді. Наурыздың жалпыхалықтық сипаты қалыптасуына ұлт болып үлесімізді қосуымыз керек.

- Біз, шынында Наурыз мейрамының қасиетін қашырып алғандаймыз. Өлгенді тірілтіп, өшкенді жаңғырту оңайға түскен жоқ. 1986 жылғы жастардың намысы мен екпінімен келген тəуелсіздіктің арқасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қайта келді. Бірақ неге осы

мерекені тарихи мəнінен айырып, науқанға айналдырып жібердік? Өкініштісі сол, көп жерде «өткіздік» деген белгі үшін ғана қалай болса, солай атап өтеді. Көшеде бауырсақ тарату деген не? Олай болмайды. Наурыз мерекесін жалпыхалықтық деңгейге шығару - бұл дəстүрлі жəне идеологиялық мəселе. Бұған бүкілхалық, мемлекет болып ат салысуымыз керек. Алдымен мемлекеттік тіліміздің мерейін асыру керек. Одан кейін, ауылдағы халықты жұмыспен қамту қажет. Үшіншіден, салт-дəстүрден ажырап қалдық. Соны жаңғырту керек, - дейді.

Наурыз ба, әлде Ұлыстың ұлы күні ме?

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. "Наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағынаны береді. Тарих ғылымдарының кандидаты, професор Самат Өтениязов Наурыз бір кездері діни ұғымға еніп, шейіттердің мерекесі деген түсінік болғанын да алға тартты.

- 1992 жылы Түркияда болған кезімізде, бізге наурыз дегенді мүлдем айтуға тыйым салды. Себебі Наурыз – шейіттердің мерекесі деген түсінік қалыптасып кеткен көрінеді. Тек жаңашылдық, Көктем мерекесі деп айтуға ғана мүмкіндік берді. Содан бір-екі жылдан кейін Түркия бүкіл түркітілдес ұлттарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

Мен Наурыз кезінде театрландырылған көріністер мен ысырапшылдыққа қарсымын. Біреулер сыртымыздан бетін шымшып: "Қазақтар дəл осы күні үйленген бе?!" деп күлген кездер де болды, - дейді.

Наурыз сөзінің өзінде де тарихи астар жатыр. Әлімғазы Дәулетхан ақсақалдың айтуынша, Ұлыстың ұлы күні деген дұрысырақ көрінеді.

- Біздің бүгін Наурыз мейрамы деп жүргеніміз – Ұлыстың ұлы күні. Наурыз кейін парсы мəдениетінің ықпалымен келген атау. Ұлыс – халық. Демек, Ұлыстың ұлы күні деген атауды қайта сіңіру керек, - деді.

- Расымен, парсы сөздері біздің қолданысымызда көп кездеседі. Еуропада латын тілі қандай рөл атқарса, орта ғасырда парсы тілі де дәл солай маңызға ие болған. Себебі қазақтың алғашқы жазушысы Мұхаммед Хайдар Дулати өз шығармаларын таза парсы тілінде жазған.

Кезінде парсы мәдениетінен алшақтау үшін күрес те жүрді. Ташкентте басылған "Түркістан уәләяты" газеті қазақша және өзбекше шықты. Бұл парсы тілінен алыстау үшін, мәдениетінен қол үзу үшін жасалды. Әлі алыстата алмай келеді. Себебі тарихи құжаттардың, хаттардың көбі парсы тілінде жазылған. Сондықтан парсы тілінен қашсақ та құтыла алмаймыз, - деп сөзін жалғады тарихшы Самат Өтениязов.

- Мәшһүр Жүсіп Наурыз – айдың аты емес, жылдың басындағы күннің аты. Оны айдың атына қазақ халқы айналдырды. Неге айдың атына айналдырдық? "Наурыз" негізінен парсы сөзі. «Наурызнама» деген де парсы сөзі. Сол парсы сөзін қабылдап, байырғы түркілер өзімізге енгізді. Наурыз – жылдың басындағы күннің аты. Қазақшаға аударғанда "ұлы күн", "жаңа күн" деген мағына береді. Ал енді "ұлыс" деген сөз парсы тілінен "жыл" деп аударылады. Демек, "Ұлыстың ұлы күні" "жылдың басындағы бірінші күн" деген мағынаны береді, - деп айта кетті этнограф Тәттігүл Қартаева.

- Наурыз - кейіннен қосылған сөз болғанмен, Ұлыстың ұлы күнімен етене байланысып кетті. Сондықтан айтыс тудыратындай дүние емес, - деді Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты, тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенова.

Көрісу – дәстүрдің озығы

Еліміздің батыс өңірі 14 наурыздан бастап көрісу мейрамын қарсы алады. Ал өзге өңір жұртшылығы үшін бұл мереке таңсықтау. Десе де бұл мерекенің қазақ тарихында ертеден бар екені мәлім. "Амал күні", "Көрісу күні" деп аталатын бұл мереке жайлы түрлі деректер мен аңыз-әпсаналар бар. Негізінен "Амал мерекесі" тек батыста ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болғанға ұқсайды.

Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті. Өйткені, бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылылық тілеп, алғыс айтылады.

Амал мерекесінің бүгінгі қоғамдағы маңызы жоғары. Бірлік пен татулықты ту еткен мереке – қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Тарихшылар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы көрісуден басталған да дейді.

- Қазақ даласын түгел араладым. Бір нəрсе іздедім. Бірақ не нəрсе іздегенімді өзім де білген жоқпын. Оңтүстігіміз, солтүстігіміз, шығысымызға да бардым. Бірақ мен жоғымды батыстың даласынан таптым. Отпантауға бардым. Сол жерден іздегенімді таптым да, көкірегім жылады, ботадай боздадым.

Біз көп нәрсені жоғалттық. Қайта жандандырумыз керек. Отпантаудың басына шықсам, жүз бүркітші тұр. Еріксіз көзіме жас келді. Барлығы табиғи. Қамшы өретіндер, домбыра жасайтындар да бар, бүркітшілер бірінен бірі өтеді. Атбегілер, аттың түрлі əбзелдерін жасайтындарды да тез табасыз. Мұны көріп қалай қуанбайсың?! Мəдениет жəне спорт министрлігінің басқа шаруасында жұмысым жоқ, "кешегі көрісу күнін қалпына келтірейік, бүкілхалықтық дəрежеге көтерейік" деген ұсынысын қос қолдап қолдаймын, - деді ҚР еңбегі сіңген қайраткер, ақын Қасымхан Бегманов.

Наурыз мейрамын қанша күн тойлау керек?

Ұлыстың ұлы күнін қанша күн тойлайтынымыз бірізге келген жоқ. "Алдаспан" пікірсайыс алаңы ұйымдастырған отырыста бұл сұрақ та көпшілік назарынан шет қалмады. Тарихшы, этнограф мамандар әртүрлі пікір айтты. Бірі – 7 күн десе, бірі 3 күн жетеді деген ойларын ортаға салды. Бір жылдары 9 күн тойлау деген де идея айтылған.

- Қазақта 7 саны – қасиетті сан. Сондықтан Наурызды 7 күн тойласақ деген ұсыныс айтқым келеді. Наурызды 7 күн тойлап, жетінің бəрін байланыстыра келе, ғылыми жүйеге түсірсек деген ұсынысым бар, - деді Қасымхан Бегманов.

- Бірнеше жыл бұрын «Қазақтың көне заманнан келе жатқан дəстүрлі сөздері, ұғымдары, категориялары» дегенбес томдық энциклопедия шықты. Наурызды бірнеше күн тойлау туралы сөз болды ғой осы жерде. Сол энциклопедияда Наурызға байланысты арнайы он шақты бет берілген. Сонда «Наурызнама тойы» деген ұғымға анықтама беріледі. «Наурызнама тойы – Наурыз мерекесіне қатысты негізгі ұғымдардың бірі. Əдетте, ел ішінде аса бай, дəулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуін наурызнама дейді. Наурызнама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды». Бүгінгі үлкендер, ақсақалдар осы дəстүрді қолға алып, қайта жалғастырса деген ойдамын, - деді ҚР Орталық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон.

- Наурыз мерекесін қанша күн тойлау керек дегенге келсек, сол үш күннің өзі (21, 22, 23 наурыз) жеткілікті. Оны жеті күн тойлау керек деген пікірге қосылып, не қарсы шыға алмаймын. Ал енді Наурызды айлап тойлау деген дұрыс емес деп есептеймін. Отыз күні ойын, қырық күн тойын жасады деген қазақта сөз болғанмен, дәл солай болғаны неғайбыл. Қалай десек те, ел еңбек етуі керек. Бір ай той тойлап жүрсек, жұмысымыз қайда қалады?, - деді тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенова.

Наурызды қашан тойлау керек?

Ұлан-байтақ қазақ жерінің ауа райы әртүрлі. Оңтүстікке көктем ерте келсе, орталық пен солтүстікте қыстың қаһары кете қоймайды. Сондықтан көп жерлерде бұл мейрам сәуір айында тойланып жатады. Осы бір тойлау уақытын да дәл белгілеген дұрыс па? Бұл сауалға да жиналған этнограф, тарихшы мамандар өз пікірлерін айтты.

- Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы үйсін Төле бидің заманында Наурызды тойлау өзінің шыңына жеткендігін жазады. Нағыз Ұлыстың ұлы күні қалпына келді деп айтады. Өйткені, бейбітшілік бір заман болса керек. Жаугершілік кезде тойлау мүмкін болмаған. Сол кезде қазақ халқы Сырдың бойында отырды. Наурыз сол кезде тұтас халық болып бір мезетте тойланды. Күн жылынғанда тойлауға жағдайлары болған. Ал Қарағандыдан ары қарай наурызда тойлау мүмкін емес. Мұның жолын әлі іздестіру керек. Жалпыхалықтық сипат қалыптастыру қажет, - дейді əнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай.

Ал этнограф Тәттігүл Қартаева Наурыздың уақытылы тойланғанын жөн санайды.

- Қазақтар Наурызды, яғни жаңа жылды бірнеше күн тойлаған. Сол бірнеше күннің өзін біз бір ай деп айтамыз. Бұл – қазақтың əсірелеп, теңеп айтуынан туындаған. Қазақта «30 күн ойын, 40 күн тойын тойладық» деп айтып жатамыз. Сонда 30-ды 40-қа қосып, 70 күн тойланған той болған жоқ. Бірақ 5-6 күнге созылған тойымызды ерекше етіп өткіздік. Бәрін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырдық.

Оңтүстік қазақтары наурызды көктемде қарсы алған. Ал солтүстік пен шығысқа көктем кеш келеді. Кеш келсе де наурызды уақытылы қарсы алған. Табиғаттың заңдылығына қарсы шықпаған. Мұндай деректер Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларында кездеседі. Қыстауда тұрып наурызды тойлаған. Ал қазір біз сəуір айында, төлдің аяғы ширап қалған уақытта Наурыз мерекесін тойлап жүрміз. "Наурыздың 22-сінен сəуірдің 22-сіне дейін бір ай Наурыз тойланады екен" деп өзіміз дәстүр шығарып алдық. Наурызды сəуір айында тойлауды тоқтату керек. Уақытылы тойлануы тиіс, - деді.

Наурызда уызды ұлықтасақ...

Наурыз десе, есімізге ең алдымен наурыз көже оралады. ҚР Орталық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон ханым бұл мейрам қарсаңында уызды да ұлықтасақ дейді.

- Наурыз келсе, мал төлдеп, қорамыз қозы-лаққа, бұзауға толады. Кішкентайымда әжем уыз пісіретін. Бәрімізге бөліп беріп, малымыз төлді болсын деп айтатын. Бүгінде сол уызды әбден ұмытқанбыз. Тек наурыз көже ғана емес, уыз көже де болған. Уызды символға айналдыруға болады. Тіпті уызды идеологиялық тұрғыдан насихаттасақ артық болмайды, - дейді.

- Бәріміз уыз жеп өстік. Қорадағы екі-үш сиырдың біреуі бұзаулағанда сүр етке қосып асып беретін. Ал қазіргі қалалық жағдайда уызды қайдан табамыз? Кімнің сиыры бұзаулайды деп күтеміз бе? Бұл жағы қалай болар екен?, - деді осы тұста Ерлан Төлеутай.

- Мәселе уызды іздеуде емес, символға айналдыруда. Дәмін татуға шақыру керек. Наурыздың бір бренді ретінде болатын дәрежеге көтеруге болады, - деді Ғалия Теміртон.

азыбектің Наурызы" қай наурыз?

Наурыз мейрамы төңірегінде басы ашылмаған, бір жүйеге келмеген дүниелер көп. Кей кезеңдерде күнтізбе дұрыс болмағандықтан, наурызды қыркүйекте тойлаған кездер де болған. Жылдың әр уақытына ауысып отырған. Бұл жайында əл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаева айта кетті.

- Наурыз мейрамына қатысты дау-дамай көп. Оның ақ-қарасын жаһандану үрдісі енбеген, инновация келмеген, сол Наурыздың қаймағы бұзылмаған кезде өмір сүріп, соны көзімен көргендердің жазып кеткен қолжазбалары ғана шешеді.

Ертеректе парсы абыздары күнтізбені дұрыс есептемегендіктен, наурыз жылдың әр мезгіліне ауысып отырған. болған. Бірақ ол күнтізбе дұрыс болмай, халықтан салық жинайтын уақыт дұрыс шешілмегендіктен, күнтізбені қайта жасау қолға алынған. Ол күнтізбені жасауға бірнеше жұлдызшылармен бірге Омар Хайямның өзі де қатысқан. Омар Хайямның "Наурызнама" атты қолжазбасының түпнұсқасы Германияның Дрезден кітапханасында сақтаулы тұр. Қазақ тіліне аударылғанына бірнеше жыл болды, бірақ біз соны дұрыс насихаттай алмай келеміз.

Екінші басты бағыт қып алатынымыз – ол қазақтың жұлдызшыларының қолжазбасы. Біздің ХІХ ғасырда өмір сүрген Қазыбек атты басты есепшіміз болған. Батыс өңірде "Қазыбектің Наурызы" деп айтады. Неге? Ол атақты жұлдызшы, есепші болған. Наурызға байланысты жазып кеткен қолжазбасы бар.

Үшінші – Абайдың "Наурызнама" жайлы қолжазбасы. Біз жаңа "Наурыздама" деп жазған Абай дедік. Біздің ұланғайыр жерімізде диалектілер, аймақтық ерекшеліктер көп. Бір өңірде "наурыздама", енді бірінде "наурызнама" дейді. Бірақ екеуі де – бір наурыз. Наурыз көженің өзінің әр аймақта әртүрлі аталуы кездеседі. Алакөл қазақтары, шығыс қазақтары "күріп көже", жетісу қазақтары - "тілеу көже", оңтүстік қазақтары "жылу көже" деп те атап жатады.

Наурыз жайлы Мəшһүр Жүсіптің қолжазбасы да ерекше рөл атқарады. Ол өзінің көзі тірісінде бала күнінен бастап көз жұмғанға дейін, Наурыздың қалай өтетінін жазып кеткен, - деді.

Наурыз - балалардың мерекесі болуы керек

Жаңа жылды балалар асыға күтеді. Себебі ол күні сыйлық алып, бір серпіліп қалады. Ал Наурыз мейрамында ше? Балаларға ерекше қуаныш сыйлайтын дүние жасау керек. Мерекенің көркі балалардың қуанышымен ашылады. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамы жайлы сұхбатында:

- Ең әуелі Наурыз балдырғандарға арналуы керек. Наурызда біз бар мейірім-шапағатымызды балғын балапандарымызға арнағанымыз дұрыс.

Жаңа жылға сәби неге үйір? Рождество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі баланың тілін табады. Бір ғана шырша сол күннің шырайын келтіріп, Жаңа жылдың идеологиялық нысанына айналып кетті. Алғашында Жаңа жыл қарсаңында үйге тек қарағай немесе шырша бұтағын орнатқан. Бертін келе бүтін бір ағашты сәндеп қою дәстүрге айналған. Алғашқы жаңажылдық шырша француздық ауданның бірі – Эльзаста орнатылған. Бұл оқиға, шамамен, 1600 жылдары болған екен. Ал енді сол шыршаның айналасында асыр салған ойын баласына Аяз аталар сыйлық сыйлайды, тарту-таралғысын жасайды. Отбасы мүшелерін, үлкендерді де назардан тыс қалдырып көрген емес. Осы тәрізді дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Сөйтіп Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Сол секілді Наурыздың қадір-қасиетін жан-жақты қамти отырып, шын мәнінде мереке жасағымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс, - деген еді.

- Менің ұсынысым – наурызды 7 күн тойлау, наурыз көже əзірлеуді бір ізге түсіру жəне мейрамды халыққа жақындату, əсіресе, балаларға жақындату. Мерекеде ең алдымен, бала қуануы керек. Қазір бала қуанатын мереке қалған жоқ, - деді ақын Қасымхан Бегманов.

Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай да Наурызда балаларға ерекше сый жасап, солар күтетін мейрам болуы тиіс деп ойын айтты.

- Наурыз – балалар мерекесі де болу керек. Наурыз балалардың мерекесіне айналмайынша, өз қалпына келмейді. Жаңа жыл неге балалардың сүйікті мерекесі? Өйткені ол мерекеде балалардың көңілін көтеретін, оларға сыйлық үлестіретін Аяз ата мен Ақшақар бар. Бізде Қызыр ата дайын тұр емес пе?! Соны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Сол арқылы Наурызды балалардың мерекесі қылып, балаларға сый дайындау қажет, - деді.

Әз-Наурыздың шеңберіне бүкіл қазақтың болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәдени, тарихи мұрасын сыйғызуға болады. 

Наурыз мейрамы - ұлттық иммунитетіміздің қалқаны, алынбас қамалы. Жалпыхалықтық деңгейге жеткізіп, насихатын асыруымыз сіз бен бізге байланысты. Наурыз идеясы, наурызға қатысты дәстүрлерді, салт-жораларды, тағамдарды ұлттық брендке айналдырып, тұрмыста қолданысқа енгізу жайын осылай ел болып ойласқан жөн. 

Ө. Сансызбай