Наурыздың келгенін ең бірінші қой сезеді

Наурыздың келгенін ең бірінші қой сезеді
Фото: ferma-partner.ru

Наурыз айы – құт-берекенің үйіріліп, табиғат тылсым күйге бөленіп, барлық жер мен көк арасындағы жаратылыстың жаңашылдыққа енетін шағы. Осы кезде қазақ халқы "Әз-Наурыз кірді", "Әз жүрді" деген сөзді жиі қолданады. Шын мәнінде, біз осы сөздердің ғылыми тұрғысына ден қойып, көнекөз қарттардың ғасырдан ғасырға жалғастырған әңгімелеріне құлақ аса бермейміз.

Бұл – Жұмабике Дүйімбайқызы. Биыл мамыр айында 89 жасқа толады. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында туған. Он екі құрсақ көтерген. "Алтын алқа" иегері. Тың игеру жылдарында елге еңбегі сіңген. "Әз" сөзі жайында әжеміздің қызықты әңгімесін жариялауды жөн көрдік.

"Біздің Ойыл өңіріне көктем өз уақытында кіреді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезінде әкем айтып отырушы еді: "Ақпан-Тоқпан аты күн, наурызы кірсе жеті күн", - деп. Қазір ойлап қарасам, оның шешуі былай екен. Ақпан-Тоқпан – ол боранның иесі. Қыс иесі – Зымыстан. Ақпанның соңғы алты күні қосылып наурыздың жетінші күнінде Зымыстан көктемді аманаттап, көктем иесі Қызыр атаға табыстайды екен.  Біздің түсінігімізде жеті саны қашанда киелі. Сол жеті санының алғашқы үш күнінде "Әз" желі соғады. Бұл жел қыстың қытымыр аязын ығыстырып, өткенді әрі ысырып, жаңа мезгілдің лебін әкеледі. Бүкіл тіршілік атауына серпіліс сыйлайды. Оның гуілін тек жұмақтан түсірілген қой сезеді. Бірақ, бұл құбылысты өмірін тек қой бағумен өткізген адамдар да байқаған. Ол үш күнде қойшылар қыстағыдан да бетер қалың киініп шығады. Сонымен қатар, шаш пен тырнақ алуға тыйым салынады. Бұған өте мұқият қарау керек.

Сонау соғыс жылдарында, менің бойжеткен шағымда Бибі есімді құрбым болған. Шашын он күн тарап, бес күн өрген нағыз хас сұлу. Бірде оған әжесінің тырнақ пен шашқа байланысты айтып жатқанын естіген едім. Оны да айта кетейін. "Тырнақ алғанда ұсақтап кесіп, дәл солай кесілген қамыспен бірге жерді тереңірек етіп қазып көму керек. Тырнақ саусақтан бөлек түссе де өсуін тоқтатпайды. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Ал оның өсуін тоқтатып тұратын тек қана қамыс. Кезіндегілер тырнақты, шашты далаға тастаса қарақұс және сауысқан көтеріп кетеді деп қорыққан. Осы екі құс ұясына апарып балапанының астына салса, басының желке жағы қарағұс тұсынан тартып ауырады. "Көктемде көтеріліп ауырады" деген сөз содан қалған. Сауысқан – жылтыраққа құмар құс. Ол дуаланған сақина, сырғаларды да ұясына апарады. Егер адам шашы сонымен араласып жататын болса, дуасы шашқа беріліп, одан шаш иесіне келуі мүмкін деген бұрыннан келе жатқан үрдіс бар. Сондықтан, жаратқаннан берілген өз сұлулығыңды қадір тұтып, денеңнің әр мүшесіне сақтықпен қара".

Міне содан бері қанша жыл өтсе де, өзім әже болсам да, мен данагөй сол әженің берген кеңесін есімнен бір сәтке шығарған емеспін. Енді "әз" бен "наурыз" сөзінің бірге аталуына келер болсақ, "наурыз" деген парсылардан жеткен "жаңа" мағынасындағы сөз. Әз желі бәрін сыпырып жаңаша мезгіл береді. Бабаларымыздың да наурызды жаңа жыл етіп тойлауы бекер емес.

Құжатымда 1929 жылы өмірге келгенім жазылған. Бірақ әкем 1926 жылы дүниеге келгенімді алға тартады. Оныкі де жөн шығар. Себебі, аштық жылының зобалаңы әлі көз алдымда. Есін енді жиған бүлдіршін тағдырым ондай қатты қиындық көрсетпеді. Бізді бастаған Тәзіке Адай руының ішінде "Қызыл жебе" деген басшымыз бар еді. Қазіргі ауыл әкімі секілді. Сондай әділетті, қайсар, жанары өткір, сауатты, өте текті адам. Ауыл еркек кіндіктілердің бәрін аңшылыққа баулыды. Бұл күнгідей қазақ қазақтың жылқысын атып, қойын ұрламайды. Олар қар қалыңдап, аң аулауға қолайсыз уақыт туғанда алғыр 4-5 жігіт құрал-саймандарын сақадай сай етіп сонау Ресей елінің Соль-Илецкке кешкі алагеуімде аттанады. Бір күн өткеннен соң сойылған жылқының етін әкеледі. Таң атқанша еттің бәрін әрбір шаңыраққа таратып шығады. Сонда аштық қанша жерден жайпап бара жатса да аталарымыздың өз ұлтының мал-мүлкіне тимей, ит өлген жердегі өзге ұлттыкіне қол салатынын көріп таңғаламын. Не деген көрегенділік?! Не деген батырлық?! Ал жаз басталысымен көбіне ішетін тамағымыз – шөп-шөңгелер. Бір есімде қалғаны, құмаршық деген кәдімгі қызанақ сияқты дәні бар жусан өсетін. Тезек теруге шыққанда міндетті түрде жұлып әкелеміз. Ұзақ қайнатамыз. Езіліп тарыға айналады. Шіркін-ай, дәмі әлі таңдайымнан кетпейді-ау.

Сөйтіп осы күнге де жеткізді, Жаратқан. Адамның өлшеуші өмірі таусылмайынша, ризық-несібесі де таусылмайды. Барға шүкір, жоққа сабыр ету керек".

Әженің айтқан әр әңгімесінен түртіп алар дүние көп. Өткен ғасырды көзі көрген қарияның айтқандары сол заманды суреттеп тұр. Бұрынғының бұл әңгімелерін естігенде, құдды, таспаға түскен видеоны артқа айналдырып қайтадан көріп отырғандай әсер аласың. Ауыздан ауызға тараған әңгімелер жас буынға айтылып жатыр. Жастардың құнды сөзге құлақ салмауы – өкініш. Осы кемшілікті түземекке, естір құлақ болмаса да, көрер көз бар екенін есеп қылып тек ел аузында жүрген ескінің естеліктерін жазба қылып қалдырдық. 

Қуат Әбілқайыр

А. Қажиев