Наурыз мерекесі туралы аңыз

Наурыз мерекесі туралы аңыз
Фото: kargoo.gov.kz

Бұл аңыз бәлкім болған, бәлкім болмаған, бірақ жұрт солай дейді. 

Гималай тауын асып, бүкіл дүниежүзінің картасын жасауға аттанған саяхатшы қардан көз аша алмай, етекке түседі. Картасын сызып келеді. Әр жеріне белгі салып, өзінше атау беріп келеді. Ақ қарға оранып жатқан таудың етегіне түсіп, батысқа қарай бет алғаны сол екен, жолай кең жазиралы далаға тап болады. Жері шұрайлы, шөбі майса, көктеніп жатқан қыраттар мен белдерді көріп, көзі тоймаса керек. Қолындағы таяғын таянып, желіп келе жатып бір ауылдың төбесінен түседі. Алыстан ауыл ішінің абыр-сабыр болып жатқанын көріп, жетіп барады. Жеткені сол екен, ән салып, би билеп, жарқ-жұрқ етіп жүрген жұрттың шаттығын, көңілін көріп бұл да мәз болып қалады. 
Ұзақ жүрістен шаршаған қонаққа ауыл адамдары ақ беріп, ет салып күтіп алады. Төрт түліктің етін өмірінде жеп көрмеген адам таң қалыспен, қомағайлана күйсей береді. Сәл отырған соң, қонақ ауыл ақсақалдарына сұрақ қояды: 
– Ненің құрметіне тойлатып жатсыздар? 
– Жаңа жыл! Бүгін бізде жаңа күн! 
– Жаңа жылы несі... Ол қақаған қыстың, қардың гулеп тұрған кезде болмай ма?! Бізде солай. Көк шығып жатқан кезде қандай Жаңа жыл? – деп күлсе керек. Сонда ауыл ақсақалы: 
– Қар не үшін жауатынын білесің бе? 
– Жауатын болған соң жауады ғой. 
– Жоқ, тыңда! Қар әбден ластанып кеткен даланың бір тазартып алу үшін жауады. Ал ол жауып, езіліп, батпандай болып жатқан кезде адамның көңілінде қандай қуаныш болуы мүмкін? Өзі суық әрі салқын кезде адамның ән салып, би билеуге жүрегі тарта ма?! 
– Жалпы оныңыз шын. Сомен... 
– Сомен, қар жауып, мезгілі кеткен кезде, артынан күн жылынып, жер бусанып көктем келеді. Жаңа жылдың бастауы көктемде. Себебі, көктем ақ көрпеге оранып жатқан қардың көбесін сөгіп, бұлағын ағызып, көзін ашып, жерге жылу беріп, көңілдерге шуақ құяды. Бұл «Наурыз» мерекесі, жалпақ тілмен алғанда «Жаңа жыл». 
– Қызық екен. Сіздер қандай халықсыздар? Сонау Гималай асып келе жатырмын. Мұндай мерекенің бар екенін бірінші рет естіп тұрмын. Қазір картамның шетіне жазып қояйын. 
– Біз көшпелі жұртпыз. Біз үшін көктем жаңа жылдың бастауы. Жаңа күннің келуі. Бәлкім көшпелі болғаннан кейін болар, біздің жаңа жылды көктемде қарсы алып, тойлап жататынымыз. Өйткені біз үшін қыста мына үйір-үйір жылқыны, қотан қойларды алып жүру, асырау қиын. Сондықтан біз қыс келсе көшіп, жылы дүниеге ұмтыламыз. 
– Енді түсіндім. Сіздер туралы жазатын боламын. Осы сөзді айтып, саяхатшы қонағымыз батысқа қарай бет алды. Барар жеріне жеткен кезде өздерінің жаңа жылдарына тұспа-тұс келген ол, адамдарға күле қарап отырып, іштей ақсақалдың сөзіне еске ала берді. Ақыры ол өзінің картасынмен қоса кітап жазып шықты. Кіаптың бір бетінде төмендегі жазу қалған: 
«Батысқа келе жатып жолда бір халық көрдім. Қонақжай, ақкөңіл, жігіттері алып, қыздары сұлу екен. Олар жаңа жылды жер гүлдеп, қарайғанда тойлайды. Түсініктерінде жаңа жыл жаңа күннің ғана емес, жылылықтың, сүйіспеншіліктің, махаббаттың белгісі болу керек. Мен таң қалдым және ойландым. Шынымен бәлкім жаңа күннің бастауы көктемде болар. Олардың тілімен айтқан кезде «Норуыз» әлде «Наурыз ба» еді?!» 

М. Ақан