Наурыз жайлы өлеңдер

Наурыз жайлы өлеңдер
Фото: google.kz

“Көктемнің әр күні жылға азық”, - дейді халық даналығы. Ал көктемнің басы - Наурыз. Осы бір айда сан ғасырдан бері қазақпен бірге жа­сасып келе жатқан Наурыз мейрамы бар. Наурыз көктем басы ғана, жыл басы да. Осы бір табиғаттың тамаша кезі ақындардың назарынан да тыс қалмаған.

Наурыз

Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Наурыз

Біреуім екеу болды - мал қосылды,
Қораға бұзау, лақ, қозы толды.
Ызғарлы суық қыстың кәрі кеміп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай оңды.

 Ұзамай қарда кетер, жаз да болар,
Сай-сала гүрілдесіп суға толар.
Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.

 Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,
Жаңа жыл - бүгінгі күн, жаздың алды.

Бейімбет Майлин

 Наурыз ол – көктемдегі үмітіміз

 Сен ортақ дастарқансың бәрімізге,
Татырған сары уыздың нәрін бізге.
Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз,
Жарылқар берекеміз сары күзде.

 Наурыз – ол емес әсте дырду-думан,
Киік емес қиқулап бір күн туған.
Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп,
Рухани есеюі ұлдың туған.

 Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,
Халықтың бірлігінің мығымдығы.
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.

 Мұзафар Әлімбаев

Наурыз

Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

 Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.

 Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.

 Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.
Күні бойы жылаған қарт пенденің,
Түні бойы мұз тоңды сақалына.

***

 Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.

 Наурыз, наурыз, күн игі!
Күні игі жердің - түрі игі.
Бауыры жылып науат-қар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.

 Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде,
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де - арманда,
Арманда - оны көрген де.
Келіп ем өмір - орманға,
Наурыз айы келгенде.

Мұқағали Мақатаев 

Наурыз

Құлақта алыс
Алпыс жыл бойы қалды ызың.
Жыл басы деген жалғыз күн,
Қадірінді ұқпай
Кетіп ек тәңір танымай,
Адасып қайта
Жолықтың бізге, Наурызым!

Сен қажет болдың біздерге,
Қанағат таппай
Көктемің түгіл күзден де,
Мейірімнен күдер үзгенде.
Күлкісі аздау тірліктен
Қажыған шақта
Біз шықтық сені іздеуге.

Бас ию білмей асылға,
Қатігез болған
Қария түгіл жасың да,
Темір адамдай
Жүрегі салқын ғасырға
Сендей бір мейрам
Қажет те шығар, расында.

Далама әкел ырыс-құт,
Ақ пейіл жандар
Ақ дәмін сыйлар туыстық.
Көктеммен бірге
Пейіліне ұқсас халқымның,
Өзіңмен келсін тыныштық.

Ұмыт боп кетіп қинадың,
Күндік той деп ең
Ғұмыр бойына жиғаның,
Үйреткен сен ең
Үлкенді-кіші сыйлауын,
Анамның тілін,
Бабамның салтын сақтаған
Хош келдің, Ұлы Мейрамым!

 Ақұштап Бақтыгереева

 Наурыз парасаты

Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен,
Бұл кезеңде күн менен түн теңескен.
Сан ғасырлық ата-баба салтына
Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!

 Таулы, таусыз жерімнің,
Өзен, теңіз көлімнің
Жаса ұлы Наурызы
Жаңа жылы елімнің.

 Қуат жиса пәктігің,
Асқақтайды шоқтығың.
Тамыр алмай тарихтан
Мазмұнданбас шаттығың.

 Жүріп жатыр ерлік, ездік жарысы,
Наурыз нағыз сәулелі ойлар қонысы.
Наурыз сайын ағаш егу, гүл егу,
Әр адамның табиғаттық борышы.

 Наурыз парқы – өз санаңды өсіру,
Пенделікті ізгілікке көшіру.
Өткен жылы өкпелесең біреуге
Сол өкпеңді дархандықпен кешіру.

 Мұхтар Шаханов

Кел, Наурызым! 

Кел, наурызым, шық төріме думандат, 
Жұрт қарасын келбетіңе қайран қап. 
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып, 
Халқым да бір жадырасын сайрандап. 

Кел, наурызым, самалыңмен еркелет, 
Қырға шығар, жамағатты жетелеп. 
Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам, 
Наурыз келген, көктем келген екен деп. 

Кел, наурызым, берекелі жыл басым, 
Мәңгілікке замананың құрдасы. 
Жылда мені қуанышқа бөлейсің, 
Ғасырлардың және менің сырласым. 

Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным, 
Сен келгенде қашар менен қайғы-мұң. 
Құдіретің бар жаңғыртатын ғаламды, 
Сондықтан да асқақ сенің айбының. 

Кел, наурызым, көргенің көп көнесің, 
Жия алмаған кездер болды ел есін. 
Бұқпантайлап қарсы алатын өзіңді, 
Кездер болды, ұмытпайсың, білесің. 

Кел, наурызым, ортаймайтын ырысым, 
Тәуелсіздік және өзің тынысым. 
Жалғастырып ұрпақтарды ұрпаққа, 
Аралай бер сәнге бөлеп ел ішін. 

Орынбек Жолдыбай

Сағындым, сені Наурыз!

Қызғалдақтар бүр жарады көк белде, 
Күн менен түн теңелетін көктемде. 
Жаңа жылы еліміздің әз Наурыз, 
Ырзығы мен ырыс ала жеткенде. 

Қыспен бірге көңілсіздік кейін қап, 
Жұртым жүрер Тайқазанын дайындап. 
Содан кейін наурыз көже сән берген, 
Берекелі дастарханы жайылмақ. 

Наурыз көже жеті дәммен тәттірек. 
Езілген құрт – сүт көбейтер ақ тілек. 
Қойдың басы ақсақалға тартылар, 
Үрім-бұтақ, ел мен жерге бақ тілеп! 

Наурыз көже жиған екен даналық. 
Дәмін татып, бір ізгілік алалық. 
Мирас еткен ұрпағымның дәстүрін, 
Қандай ғажап өнегеміз далалық!. 

Алпысбай Шымырбайұлы

Ө. Сансызбай