Оқи отырыңыз

Өзі білмесе де елге ақыл айту – қазақтың қасиетті өнері.

Автор: Оралхан Бөкей

— Редактор бағаны —

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Арнайы жобалар / 22 наурыз 2017 / "Қазақ" газеті және Наурыз мейрамы

"Қазақ" газеті және Наурыз мейрамы

Бүгінгі болмысымыздың бүтін бір бөлігіне айналған Наурыз мерекесі тар жол, тайғақ кешуі көп қилы кезеңнен өткені баршаға мәлім.

Мейрамның 1926 жылға дейін қазақ жерінде тойланып келгені, арада алпыс екі жыл өткен соң қайта аталып өте бастағаны айтылып та, жазылып та жүр. Алайда ілгері заманда да Наурызды үнемі өз деңгейінде мерекелеудің мүмкіндігі бола бермеген сияқты. Елдің басында түскен әртүрлі ахуал, халықтың әралуан көңіл-күйі той тойлаудан аулақтатқаны белгілі. Оның үстіне қалың бұқараны бодандықта ұстаған өктем жұрт өз бағыныштыларын ата салтынан, байырғы дәстүрінен ажыратуға тырысып бақты. Сөйтіп, «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтында айтылады», – деп ұлы Абайдың өзі мән берген ұлыс мерекесі талай теперішті бастан кешті.

Наурыздың ықылым заманнан бері келе жатқан ұғым екені, әр дәуірде сипаты біршама өзгеріп отырғаны туралы деректер жеткілікті. Оның атауы ең көне деген рухани құндылықтарымызда да ұшырасады. Бұл – айтулы мейрамның ғұмырының ұзақтығының дәлелі. Мысалы, қазақ күнтізбесін егжей-тегжейлі зерттеген Мыңбай Ысқақов «наурыз» сөзінің ежелден қазақ тұрмысына сіңіп кеткенін айта келіп, ертеден келе жатқан дастандардың бірі – «Қобыланды батыр» жырының мынадай үзіндісін ұсынады:

Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
……………………………………
Көлден ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын.

Осының өзі де бүкіл түркі халықтарына ортақ Наурыздың талайғы тарихы жөнінде бірқатар тұжырым жасауға жетелейді.

Ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған «Қазақ» газеті де ұлыстың ұлы күнін әркез естен шығарған жоқ. Басылым жыл сайын мүмкіндігіне қарай наурыз айының басында қалың елге сәлем жолдап, газет арқылы көрісіп, танымдық мәлімет беріп тұрды. Алаш жұртына кең танымал газет шығарушылар мен авторлар халықтық ұғыммен астасып кеткен бұл мейрамға баса маңыз берді. Ұлыстың ұлы күнін барша жұртқа кеңінен насихаттай отырып, мерекенің түрлі себеппен еленбей қалып жүргенін де еске салып қоюды ұмытпады. Сол арқылы оны ұлт зердесінен шығармау қажеттігін әбден санаға сіңірді. «Қазақ» газеті алғаш шыққан 1913 жылғы наурыз айындағы басқарма атынан берілген мақалада былай делінеді: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде Наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын қалаш, бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді». Осыған қарап ұлттық ұйысуына ұйтқы болған сол кезеңде де ұлыс күнін мерекелеу дәстүрі өз деңгейінде бола қоймағанын аңғарамыз. «Қазақты» шығарушылар соны еске сала отырып, Наурыздың танымдық маңызын арттыра түсуді мақсат еткен. Мерекенің нақты күнін белгілеу мәселесін жолға қойып, ескі жыл қайыру бойынша 9 наурызда бастауды ел зердесіне жаттатуды көздейді. Осылайша дәлдей түсудің өзіндік себептері де жоқ емес. «Бұл кезде ол ғұрып, қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, ай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгісі, күнде жаңа жыл туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «іс жаңа жылда қайырлы болсын, жаңа бақыт нәсіп болсын», – деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып, шаттықпен өткізеді», – делінеді аталған мақалада.
Осыған орай «Қазақтың» 1914 жылғы 9 наурыздағы 53-нөмірінде «Қыр баласы» деген бүркеншек атпен «Жаңа жыл» деген мақала жазған Әлихан Бөкейхан да өз пікірін білдіреді. Ол Наурыздың нақ осы күні басталуының себебін ғылыми негіздеп түсіндіреді. Мәселенің түп-төркініне үңіліп, бірқатар тарихи деректерді алға тартады. Алаш қайраткерінің тұжырымы «Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-ыншы март болады», – деп түйінделеді. Әлихан осы мақаласында ескі күнтізбе мен жаңа күнтізбенің айырмашылығын да талдап ұғындырады. ХІХ ғасырда екі стильдің арасы 12 тәулікті қамтығанын, бұрынғы 7 наурыздың Еуропада 19 наурызға сәйкес келетінін, ХХ ғасырда жаңа стиль жүйесі бойынша кем дегенде бір тәулік қосылатынын, сондықтан екі стильдің арасы 13 күн болатынын айтады.

Ұлыстың ұлы күнінің наурыздың 9-ында аталатынын негіздеу тек мұнымен ғана шектелмейді. Газеттің осы мейрамға қатысты мақалаларының бәрінде де бұл мәселе қозғалмай қалмайды. «9-ыншы мартта түн мен күн теңеледі. Содан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны – жазға айналғаны. Сондықтан 9-ыншы март жаз басы болып табылады… Сол тоқсанның басы 9-ыншы март болғандықтан, бұл күн «Наурыз», яғни «жаңа күн» деп аталады», – делінеді «Наурыз құтты болсын!» деген мақалада. «Қазақ» газеті осы арқылы Наурызды, одан басқа да рухани құндылықтарды жоқтаушының ролін атқарады.

Әлихан мен Ахмет сынды кемеңгер көшбастаушылары бола тұра, ұлттың бас басылымы қашанда елмен ақылдасып, ойласып отыру дәстүрінен айныған емес. Газет басқармасы өз ұстанымдарын баяндай келіп, мәселені халықтың талқыға салуын сұрайды. Оқырмандардан ойлы пікір, ұтымды ұсыныс күтеді. «Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады? Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз», – деп басылымның оқушыларына ой тастайды, пайдалы кеңес қосуын өтінеді. Белгілі бір маңызды тақырыптың төңірегінде оқырманмен ой бөлісу – «Қазақтың» негізгі ұстанымы. Сөйтіп, олардың баспасөзге ықыласын арттырады, газеттің шын мәнінде халықтың «көзі мен құлағына» айналуына жол ашады. «Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді», – деген құлаққағыс та осындай көзқарастың жемісі.

Ежелгі заманнан бастау алатын, соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған Наурыздың тарихын баяндауға да «Қазақ» газеті жеткілікті көңіл бөлді. Негізгі міндеті – ұлт санасын ояту болып саналатын басылым бұл турасында да өзінің ағартушылық ұстанымынан жаңылмайды. Қазақтың ұлы мерекесінің тамыры тереңде екенін оқырмандарына ұқтырып, оларды танымдық мәліметпен байыта түседі. Наурыз мейрамы жақсылық пен жамандықтың, қыс пен жаздың, суық пен жылының, қайырымдылық пен қатыгездіктің күресінен туған деген Е.Кузминаның байыптамасына келіспеушілігін білдірген этнограф Т.Өмірзақов «бұл турасындағы бабалар түсінігі басқаша екендігі, бірінсіз-бірі болмайтын, үнемі бірін екіншісі алмастырып отыратын тіршіліктің құралым бөлшектерінің үйлесімді бірлігінен біртұтас жаратылыс туғандығы» жөнінде тұжырым жасайды. Бүгінгі осындай зерттеулердің бастау көздерінің бірі ретінде «Қазақ» газетін де атауға тиіспіз.

Әлихан Бөкейхан өз мақаласында әлемдегі елдердің Жаңа жылды тойлау дәстүрін талдап-таразылайды. Соның ішінде бүкіл түркі жұртының ортақ мерекесі – Наурыздың тарихын да ежелгі дәуірден іздейді. Ол әр елдің жалпыхалықтық күнтізбелерге бейімделу тәжірибесіне тоқталып, ұлыс күнінің бастауын арыға жылжытады: «Біздің түрік жұрты сол Халдей заманынан бері моңғолмен бірге жасап, аралас тіршілік етіп келеді. Біздің Жаңа жылдың да шыққан жері осы айтылған екі өзеннің (автордың қолданысында – Іфрат һәм Дижле, Б.О.) өлкесіне барады-ау деймін». Ә.Бөкейханның осы шағын ғана мақаласының танымдық мәліметі мол. Онда әлемдік күнтізбелердің пайда болуы, оны қолдану ерекшеліктері, мән-маңызы, есептеу жүйесі туралы деректер ұсынылған. Ол Вавилонның Халдей деп те аталатынын ескертіп, «Халдей жаңа жылы жазғытұрғы күн мен түн теңелетіннен басталушы еді. Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, Жаңа жылдың басы дейді. Жаңа жылда халық қуанып, бір-біріне гүл, жұмыртқа сыйлаушы еді. Парсы ақыны Хафиз Жаңа жыл мейрамын неше буын қылып мақтайды», – деп өрістетеді.

Ел ішінде Наурыздың тарихына байланысты қисынға келетіні бар, келмейтіні бар, баламалы әңгімелер көп айтылатыны анық. Бірақ кәсіби зерттеушілер салыстыра қарастыру мақсатымен ондай деректерді де әр кезде қаперге алып отырды. Сондай ауызекі мәліметтің бірін қазақ халқының астрономия жайындағы ұғымдарын зерттеген ғалым Хасен Әбішевтің қоржынынан кездестірдік. Ол «Наурыз деген қарақшы екен. Жатқанның жамбасын кескен ұры екен. Өлгеннен соң Наурыздан Құдай құтқарды деп бір қазан көже (не бидай, не тары) құдайы береді. Оны жеті түрлі дәмнен пісіреді (бидай, арпа, сұлы, ет, тары, нан, тұз араластырып). Осыны Даңбай деген 90-ға келіп қайтыс болған шал айтқан еді», – деп халықтық зерденің дерегін ұсынады. Жиырмасыншы ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газеті де ел арасында айтылатын осындай әңгімелерді жүйелеп, бір ізге түсіру мақсатын ұстанған деп топшылауға болады.

Басылым бетінде Наурыздың жай-жапсары туралы келе жатқан жылдың сипатымен байланыстыра жазылған мақалалар да кездеседі. Мысалы, 1915 жылғы наурызды қарсы алуға арналған «Оренбург. 9 март» деген мақалада былай делінеді: «Бүгін – жыл басы Наурыз. Міне, «барыс» кетіп, «қоян» келіп тұр. «Қоян» – халыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт «қоянды» көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес». Мақала авторы одан әрі 1880 жылғы қоянда жұт болып, мал қырылғанын, 1892 жылғы қоянда қазақтар жұтап, бүкіл Ресейде ашаршылық болып, көнек аурудан, обадан адамның көп шығынға ұшырағанын, 1904 жылғы қоянда қазақтың онша жұтай қоймағанын, бірақ Ресей мен Жапония арасында соғыс болғанын, оның салқыны бізге де тигенін айтады. Келіп жатқан мына қоян жылының да қырғын соғыстың үстіне тап келгенін баяндайды. Сөйте тұра, «жаман айтпай – жақсы жоқ» деген ежелгі салтымыз бойынша, алдағы жылдың берекелі әрі жайлы болуына тілек білдіреді.

Сонымен қатар «Қазақтың» бетінде Ж.Жәнібековтің аудармасымен жарияланған М.Расул Заденің мына бір мақаласы назар аудартпай қоймайды. Ол Наурыздың мән-мағынасын тәптіштей отырып, Түркиямен шекарадағы соғыс салдарынан «еркектері туралған, әйелдері бет-бетімен қайда болса сонда қашқан, бала-шағалары тау-тас арасына бытырап кеткен, қысқасы, тұрағы күл-талқан болған» мұсылман халықтарының тағдырына деген аяныш сезімін оятады. «Наурыз. Атынан да белгілі жаңа күн. Бірақ бұл марттың тоғызы біз үшін шынымен жаңа күн болып жетер ме? Қорқынышты соғыстың қанды уақиғалары, ұлт арпалысуының жексұрын кейіптері табиғаттың ең әдемі бір күнін мейрамға арнаған біздің әлемге де аз бәле, аз қайғы келтірген жоқ», – деп ашына отырып, елді сабырға шақырады, бірлікке үндейді. Ұлыстың ұлы күні деп дәріптегенімізбен, мереке тыныштығы бұзылмаған елдің еншісіндегі ғана құндылық екенін еске салады. Мерекенің игілігін қиналған жұртқа, қалжыраған ұлтқа демеу көрсетуге жұмсау жөніндегі ниетін аңғартады. «Мінеки, жуырда мейрам келеді. Білеміз, көп кісі осы күннен мейрам қамын жеп жатса керек. Бірақ мынау ескерілсін. Адамшылық, мұсылмандық һәм ағайындықты сезіп, бауырмалдық қызуымен жанданған бір кісі мұндай қанды жылда, ұлтының, отандасының басына мың түрлі бәле келген бір заманда қалайша шат көңілмен мейрамды қарсы алсын?», – дейді мақала авторы. Оның «Күншығыс мұсылмандарының, әсіресе, Кавказ арты мұсылмандарының ардақты игі мейрамы – Наурыз» алдындағы ұсынысы бірлікті көздеген басылымның мұратымен де үйлесім тауып тұр: «Айтайын деп келе жатқаным, ей бауырлар, … анық бір Наурыз еліміздің салтынан болса, биылғы Наурызға ұстайтын ақшамызды Кәріс һәм Ардаһан соғысында шабылғандарға берейік». Біз бұдан халықтың қамын жеген «Қазақтың» Наурыз арқылы бұл мерекенің діні бір, тілі ұқсас халықтарды біріктірушілік рөлін көрсеткенін байқаймыз.

Ұлт басылымы ара-тұра Наурыз туралы өлең-жырларға да орын беріп тұрды. Дүниені соғыс өрті шарпып, ел қиындыққа ұшырып жатқан кездің өзінде газетті ұйымдастырушылар жұртты мерекелік көңіл-күйден арылтпауды жөн санады. Қазақы қалыпты, табиғи тіршілікті жырлаған төмендегі өлеңнен ұлттық болмысымызды айқын аңғарамыз.

Сәлем бердік, жас Наурыз, жылдың басы!
Жұрттың күткен мінекей ықыласы!
Көжесін қып, күйбеңдеп, басын асып,
Бермек һәркім барынша қонақасы.

Келгеніне құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта, көрісіп кәрі, жасы.
Көңілі түгіл адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп тұр көк тасы.

«Қазақта» жарияланған мақалалардың дені Наурызды қадірлеу, оны дәстүрімізге берік енгізу, өмір салтымызға айналдыру мақсатынан туындайды. «Наурызды мейрам етушілер Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кауказ, Түркістан һәм біздің қазақ жерінде. Бұл заманда Наурызды мейрам етушілер қазақ арасында сиреп бара жатқан сияқты көрінеді. Басқалар тастамай Наурызды мейрам етіп отырғанда, біздің қазақтың тастайтын жөні жоқ-ақ», – дабыл қаққан, «Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық», – деп ұтымды ой тастаған, «Мейрам – ұлттың жеке-жеке болған мүшелерін біріктіріп, бір денедей қылып қосатын бір дәнекер», – деп ұйымшылдыққа үндеген, «Қызықты жақсы мезгілдің басы 9-ыншы март болса, бұл күнді мейрам етпегенде, қандай күнді қазақ мейрам етер?», – деп кесімді пікір айтқан мақалалар әлі күнге дейін құндылығымен ерекшеленеді дер едік.

Қорыта айтқанда, ұлттың көзін ашып, санасын сергіткен «Қазақ» ұлыстың ұлы күні – Наурыздың тарих бедеріндегі өз орнын табуына, тілегі бір туыс халықтардың ортақ мерекесі ретінде жадымызда жатталуына үлкен үлес қосты.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының 
докторы, профессор

Дереккөз: jasqazaq.kz 

289 0
Рейтинг: +1

Фото: jasqazaq.kz
Қосылған күні: 19 наурыз, 10:16
Пікірлер

Бұл жазбаға әлі пікір жазылған жоқ. Бірінші болып пікір білдіріңіз.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

38-параллель
38-параллель

Ел: Оңтүстік Корея Режиссер: Кан Джегю Жылы: 2004 Басты рөлдерде: Чан Дон Ган, Вон Бин Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев

Хён/ Аға/ Brother
Хён/ Аға/ Brother

Ел: Оңтүстік Корея Жыл: 2016 Режиссер: Квон Су Гён  Сценарийін жазған: Ю Ён А  Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев Басты рөлдерде: ДИО (Exo тобының әншісі) мен Чо...

Елес ерткен
Елес ерткен

Түпнұсқа атауы - Sen to Chihiro no kamikakushi Орысша атауы - Унесенные призраками Мемлекет: Жапония Жылы: 2001 Түрі: аниме Режиссері: Хаяо Миядзаки Жанры: шытырман...