22 наурыз. Жеті қазына

22 наурыз. Жеті қазына
Фото: www.youtube.com

Қазақта жеті қазына туралы талас-тартыс, даулы әңгіме көп. Жеті қазынаға не жатады деген сұрауға бірі: "Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық", − десе, енді бірі: "Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік", − деп сайрайды.

Жеті қазына жөнінде мынадай да тұжырым бар:
1) адамның ақылы, ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;
2) денсаулық, яғни дененің саулығы;
3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы;
4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;
5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;
6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;
7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.

Ал, Бауыржан Момышұлы "Жеті қазына" жайында бала-келініне айтқан әңгімесін Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында жүйелеп жазып берген. Қысқаша мәтіні былай:

«Жеті қазына» әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылатылуы − табиғи нәрсе. Ертедегі грек-аңыз әңгімелерінде жиі кездесетін "жеті қазына" өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге де болады. Өйткені мұндай айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Оны былайша таратады.

Біріншісі − Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез − планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені.

Екінші қазына − Күн. Күн − әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күнсіз тіршілік жоқ.

Үшінші қазына − Ай. Ай − әлемнің түнгі нұры. Ай болмаса дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады.

Төртінші қазына − Жер. Жер − барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, ешнәрсе өсіп-өнбес еді.

Бесінші қазына − Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су − таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен.

Алтыншы қазына − От. От − Күннің жердегі ұшқыны. Ертедегі адамдар оттың жылу, жарық беретін, суықтан қорғап, ауру-сырқаудан сақтайтын құдіретін жан-тәнімен түйсініп, түсінген. От бар жерде өмір бар.

Жетінші қазына − Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы. Итті басынан ұрмайды, аяқпен теппейді».

Тағы бір әңгімесінде Бауыржан Момышұлы "жеті қазынаны" былай тізбектеп, түсіндірген:

«Мұны «ер жігіттің жеті қазынасы» деп анықтап айту керек. Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған.
Жүйрік ат − жігіттің қанаты. "Ат − ер қанаты" дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған.
Қыран бүркіт − жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты.
Құмай тазы − сенімі, досқа адал беріктігі.
Берен мылтық − оты, қаһары.
Қақпан − серті, бірсөзді мәттігі.
Алмас кездігі − сұсы, айбыны.
Сұлу әйел − елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол − ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтқаны болуы керек. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді депті бұрынғылар».

@. @assel_assanova