Жылдық ауа райы болжамы

Жылдық ауа райы болжамы
Фото: www.photogorky.ru

Ертеде сенімді синоптиктер ісі елге жетпей тұрып, ата-бабамыз жан-жануарлар қимылына, табиғат құбылысына қарап ауа райын алдын ала болжағаны баршамызға аян. Құсқанаты, бесқонақ, үркер батуы деген секілді мезгілдік болжамдар ай алдында жасалса, бір жылдық ауа райы болжамы күн мен түн теңелетін 22 наурыз күні жасалады екен.

Бұл туралы журналист, әдебиеттанушы ғалым, профессор Бауыржан Омарұлы «Аруана бауыр дүние» кітабында шымкенттік болжамшы Нұрғабыл Қозыбаевпен сұхбаты негізінде жазылған мақаласында баяндалған.

«Жаңа жылмен қауыштыратын таң төрт түрлі болып атуы мүмкін.

Егер күн көзі бұлттан тасаланып, көгілдірленіп тұрса, ол жыл жаңбырлы болады.

Күн көзі рауандап, әдемі ашық қызыл түске боялса, бұл нағыз молшылықтың кепілі. Ол жылы алабөтен суық, үскірік болуы мүмкін емес. Оқтын-оқтын жаңбыр жауып, жұртшылық ырыздыққа кенеледі.

Егер таң атқан кезде күн бірден ашылып шығып, сәлден соң қызуы бетке ұрса, бұл құрғақшылықтың белгісі дей беріңіз. Осыған сүйенген табиғат тамыршысы жаңбырдың аз жауатынын, қырдағы шөптің тез құрғайтынын айтып, даладағы өрт қаупінен сақтандыра бастайды.

Ал, енді, таң қан қызыл болып атса, ол жыл халық үшін жайсыздау болады. Ақтабан шұбырынды жылы, 1941, 1952 жылдарда таң осылай атқан көрінеді».

22 наурыз күні жаңа жылды ерте тұрып қарсы алып, сіз де таңның атысын бақылап көріңіз.

@. @assel_assanova