Наурыз мейрамы жайлы екі аңыз

Наурыз мейрамы жайлы екі аңыз
Фото: kostanaytany.kz

Наурыз – көне мейрам. Мерекені тойлау бағзы замандардан орын алған. Біздің қазақ үшін Наурыз – Ұлыс күні, жыл басы саналады. Наурызға тән ерекшеліктер бар. Солардың ішінде көңіл аударатыны – бұл күні адамдар пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Үлкендер араларына жік түскен ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм татырып, табыстырады. Сонымен қатар наурыз – думан. Осы күні ән шырқалып, түрлі ұлтық ойындар ойналады. Осындай ұлы мерекені  «Самарқанның көк тасы еріген күн» немесе «Ұлыстың Ұлы күні» деген секілді сөз тіркестерімен баламалап айтамыз. Алайда осы екі сөз тіркесінің өзіндік мағыналары, шығу тарихы бар. Назарларыңызға осы сөздердің айтылу мәнін ұсынамыз.

"Ұлыстың Ұлы күні" деп айтылу жөнінде ел аузында жүрген көптеген аңыздар бар. Сол аңыздардың бірі былай дейді: «Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татыпты. Содан бұл күнді – Ұлыстың Ұлы күні деп жариялайды».

Жыл басы наурызбен қатар айтылатын «Самарқанның көк тасы еріген күн» тұрақты сөз орамының мәніне үңіліп көрмес бұрын, алдымен көк тас тіркесіне тоқтала кетейік. Қазақта үлкен кісі баласынан көңілі қалса, «басыма көк тас қоймай-ақ қой» деп өкпе-ренішін білдіріп жатады. Мұндағы көк тас жай тас емес, асыл тас, лағыл тас. Ғылыми атауы – лазурит. Ертеде қайтыс болған атақты адамдардың басына Самарқаннан арнайы көк тас алдырып қою дәстүрі болған. Бүгінгі күні де зират басына белгі үшін көк тас қойылады. Қойылатын тастар гранит және мәрмәр болып екі топқа бөлінеді. Граниттің қызыл, қара, көк түсі бар. Өзбекстаннан әкелінетін тастың 2 түрі бар. Олар: Самарқанның зарваны және Навоидан әкелінетін газган.

Белгілі этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметовтың жиған-терген, жүйелеген деректеріне сүйенсек, «Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың Ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен» деген аңыз бар.

Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың Ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді ғой» деп наз айтатын болған. 

Н. Үсенова