Наурыз мейрамы ауыл мен қалада қалай тойланады?

Наурыз мейрамы ауыл мен қалада қалай тойланады?

Наурыз мейрамын түркі халықтары ілгері дәуірден тойлап келе жатыр. Ал елімізде бұл мейрам белгілі бір кезеңде тойланбай да келді. Бірақ қазақ халқы ұлыстың ұлы күнін ұмытқан жоқ. Ұмытылмаған мейрам ұлтымен қайта қауышып, республикалық көлемде тойланып келе жатқанына да 25 жылдан астам уақыт өтті. Ендеше бұл атаулы мейрам бұл күндері елімізде қалай аталып өтіп жүр?

Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа заманғы үлгісі де қалыптасып үлгерді. Дегенмен бүгін ұлыстың ұлы күні қазақтың да, украин, орыс, неміс және Қазақстанды мекен еткен басқа да 130-дай ұлт өкілінің ортақ мерекесіне айналды. Ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Құрылған сахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады. Ұлттық киім киген ұл-қыздар алтыбақан теуіп, мәз-думан болады.

Ертеде қазақ халқы Наурызды көрісуден бастаған. «Қыстан аман-есендікте, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел шықтық», - деп ағайын, туыс-жораға барып көріскен, сәлемдескен. Ер адамдар қос қолдасып, төс қағыстырады, ал әйелдер болса, құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. 

Ал дәл мереке күні бүкіл ауыл ел болып, әсіресе жастар жағы таң шапағатын қарсы алғаннан кейін, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді. Десе де ауыл мен қалада да Наурыз мейрамын тойлаудың өзіндік ерекшеліктері бар.

Ауыл мен қалада мейрамды атап өтудің арасы жер мен көктей деп айта алмайсың. Бірақ, кей ұлттық ойындардың қалада аталып өтілуіне мүмкіндік жоқ. Керісінше, қалада аталып өтілетін жоғары деңгейлі іс-шаралардың ауылды жерде аталуына жағдай келе бермейді. Кей ірі жоғары оқу орындары Наурызды дәл уақытында емес, кейінірек те атап өтіп жатады. Себебі, бұл ұлы мейрамды тойлауға бір айдың өзі аздық етері сөзсіз.

Наурыз мейрамы – ұлттық ас мәзірін дайындаумен, ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырумен, жоғары деңгейде атап өтумен ғана ерекшеленбейді. Кейде Наурыз тойының ең басты ерекшелігін ұмытып бара жатқан сияқты көрінеміз. Наурыз – қамқорлықтың, мейірімнің айы. Бұл мейрамды ізгі тілек, ізетті қамқорлықпен қарсы алу парызымыз. Наурыз мейрамы дегеніміз - ошақтың үш бұтындай болған ұлыстың кем-кетігін толтыру, аш-жалаңашын тойындыру, қамқорлық таныту. Ендеше келіп жеткен Наурыз мейрамы елімізге құт-береке әкелгей! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Cурет: tv.ekaraganda.kz

Ө. Сансызбай