Наурыз мейрамын түркі халықтары қалай тойлайды?

Наурыз мейрамын түркі халықтары қалай тойлайды?

Наурыз мерекесі бүкіл адамзат қауымына ортақ болса да әр ел әртүрлі тойлайды. Мұның өзі Наурыз мерекесінің қызыққа толы көрінісін ерекшелей түспек. Наурыз мерекесі мұсылман елдеріне тән болған соң, Әз Наурыздың әр елдегі көрінісіне тоқталсақ.

Түркия. Наурызға байланысты Түркияда мынадай аңыз ба: күштері басым жаудан жеңілген түріктің жараланған жас баласын қаншық қасқыр тауып алып, ғажайып бір жерге әкеледі. «Ергенекөн» деп аталатын осы жерде ол өсіп, өніп, шамамен 400 жылдай өмір сүреді. Сол арада халық санының өсуіне байланысты адамдар басқа өлкеге шығуға жол іздейді. Осы жолда темір ұстасының жол көрсетуімен тауды жарып өтеді. Түріктер үшін наурыз осы оқиғаға сәйкес келеді. Сөйтіп түріктер арасында Жаңа жылдың алғашқы күні болып наурыз тойлана бастады. Түрік әкімдері бұл күннің басталғанын, темір ұстаның құрметіне қыздырылған темірлерді бір-біріне соғумен білдіреді. Бұл дәстүр көшпенді түріктер арасында әлі күнге дейін сақталған.

Наурыз Әнтал (Анадолы) түріктердің арасында 1826 жылға дейін сол кездегі әскери жағдайға байланысты өзгеше тойланады. Түріктердің көктем мерекесі әдет-ғұрыпқа, түрлі сенімдерге толы. Отбасы жиналып үлкен қонақасы беріледі. Мерген жігіттер 6 күн бойы садақпен көздеу, 7-ші күні жамбы атысы секілді өнер көрсетеді.

Әзірбайжан, Әнтал, Балқан, ауған, татар, қырғыз, қазақ, өзбек, түріктер немесе түрікше Ергенекөн мерекесін түрлі салт-жоралғылармен сақтап келеді.

Иран. Наурыз мейрамы жыл сайын Иран күнтізбесі бойынша фарвардан айында, яғни наурызда тойланады. Бүгінде ирандықтар үшін наурыз тек қана тарихи-мәдени жағынан ғана емес, күнтізбеде белгіленген бүкілхалықтық той болып саналады.

Наурыз мерекесінде көшелерде қызыл түсті киінген адамдар мейрам басталғанын хабарлап, өлең-жырлар айтып, би билейді. Бұларды «Аму Ноуруз» немесе «Наурыз ата» деп атайды.

Ирандықтар үшін наурыз – қайырымдылық күні. Себебі байлар кедейлерге қолдарында бар заттарын бөліп береді.

Ал үкімет түрмеде жазасын өтеп жатқандарды босатады немесе жазасын жеңілдетеді.

Тағы бір қызығы, мемлекеттік қызметтегілерге су жаңа ақшалар сыйлыққа беріледі. Иран балаларына да наурыз мерекесі қуанышты күн болып саналады. Ата-аналары ірі қағаз ақшалар мен алтын тиындар, т.б. сыйлықтар сыйлайды. Бұл – ирандықтардан ежелден келе жатқан дәстүрі.

Тәжікстан. Тәжіктер үшін бұл сағына күтетін, орны бөлек мереке. Халық түсінігі бойынша наурыз тек табиғаттың түлеуі емес, адамзаттың асыл қасиеттерінің жаңаруы сияқты. Сол күні бір-біріне деген өкпелерін ұмытып, көріседі. Тәжіктер осы күні ағаш көшеттерін отырғызады, жер өңдеп, егіс жұмыстарын бастайды.

Әр отбасы қонақ күткендей дастархандарын тек өздері өндірген дәнге толтырады. Бидайдың ең алғашқы өскінінен сумалак (сүмелек) дайындайды. Содан кейін С-дан басталатын 7 тағам әзірлеу керек. Оның ішінде самбуса (самса) болады. Көкөніс пен жеміс те дастарханға әкелінеді, ең соңында палау дайындалады.

Қазір де тәжіктер наурызды ұлттық салт-дәстүрлеріне сай тойлап жүр. «Пойга» (бәйге), «гуштангири» (күрес), «бузкаши» (көкпар) ат ойындары көпшіліктің қатысуымен өткізіледі.

Ауғанстан. Ауғандықтар ескіше жыл санауы бойынша наурыздың 22-сінде 1393 жылды аяқтап, 1394 жылдың табалдырығын аттайды.  

Наурыз мейрамында ауғандықтар мүмкіндігінше жаңа киімдерін киіп көшеге шығады. Әр отбасының дастарханында ұлттық тағамдардан «Сабри Пулак», «Саманак», т.б. дайындалады.

Наурыз мерекесіне дейін үш күн ылғалдап бабына келтіріп қойған кептірілген жеті жемістен шырынсу жасайды. Бір-бірлеріне тағамдарын ұсынып, қонаққа шақырады. Жастар көкпар тартады. Олар көкпарды «базкаши» деп атайды.

Ұлттық мереке ең әуелі ағаш көшеттерін отырғызумен басталады. Сонан соң тайлы-таяғымен зират басына барып құран бағыштайды. Шама-шарқынша бір-біріне сыйлық ұсынады. 

Сурет:e-symkent.kz

B. ZHAQSYMBET