22 наурыз. Ақсүйек ойыны

22 наурыз. Ақсүйек ойыны

Халқымыздың бойындағы шабыт, дарындылықтан болса керек, 22 наурыз секілді мейрам күндері немесе той-томалақтарда кездескенде ойнайтын ойындары өте көп. Ұлттық мәдениетіміздің тармағы халық ойындарының, оның ішінде ақсүйек ойынының қазақ тарихында алар орны ерекше.

Ақсүйек — ұлттық ойын. Жігіттер мен қыздар жиналып, айлы түнде ашық далада ойнайды. «Ақсүйек» ойнау үшін әдетте, қойдың жілігі немесе жауырыны, жамбасы пайдаланылған. Ойынды жүргізуші ойыншыларды екі топқа бөліп, топ басшылары сайланады. Ең алдымен топ басшылары ойынның кім бастайтынын шешіп алады. Ол үшін топ басшылары жүргізуші ұсынған таяқты кезектесіп ұстайды, кімнің қолы таяқ басына бірінші жетсе, сол бастайды. Сөйтіп, алдын ала әзірленген сүйекке белгі салып алған соң, оны топ басшысы бар күшімен алысырақ лақтырады. Кейде екі топтың мүшелері кезектесіп те лақтырады. Ойынға қатысушылар ақсүйекті іздеп табуы тиіс. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, оны көмбеге жеткізуі тиіс. Ал мұны қарсыластары біліп қойса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Негізгі ереже бойынша, егер де қарсылас топтың мүшесі біліп қойып, жүгіріп жетіп алатын болса, соған беруі тиіс. Сөйтіп жүгіре отырып, әр топ сүйекті көмбеге жеткізуі керек. Сондықтан ақсүйекті тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топ бұрын жеткізсе, сол топ жүлдегер атанады. Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды. Ақсүйек бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер де болған.

Ертеде «Ақсүйек» ойынын той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса-дастандар оқитын болған. Соңында, тықыршып тұрған жастардың ойынына кезек тиеді. Ақан сері Ақтоқтысымен, Абай Әйгеріммен, Біржан Ләйлімен ақсүйек арқылы табысқан деседі.

Ал заманымыздың белгілі композиторы Алтынбек Қоразбаев ұлттық ойын жайлы ән де шығарды: 
Қызыл бешпент үстінде,
Қынама бел шашбаулым.
Алтыбақан тебуге
Сұранайын мақтаулым, шашбаулым.
Ай толықсып аспанда
Туған кезде, шашбаулым.
Ойнаймын деп Ақсүйек
Қуана бер мақтаулым, шашбаулым... 

22 наурыз мейрам күні ақсүйек ойынын ойнауға мүмкіндік туған болса, ойыннан қапы қалмаңыз. Мүмкін сіз де ұлы тұлғалар сияқты сүйіктіңізді кездестірерсіз! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!

 

Сурет мұрағаттан 

a. aaa