Наджие Йылдыз: "Қазақстанды атажұртым деп білемін"

Наджие Йылдыз: "Қазақстанды атажұртым деп білемін"

Наджие Йылдыз, Түркия, Гази университеті, «Әдебиет» факультеті деканының орынбасары,  профессор, доцент:

- Наджие ханым, алдымен жақынырақ танысып алсақ. Өзіңіз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.

- Мен 1958 жылы Ыстамбұл қаласында дүниеге келдім. Мектепті, жоғарғы оқу орнын сол жерде бітірдім. Ыстамбұл университеті, Түркология факультетінің түлегімін. Магистратура мен докторантураны Гази университетінен тәмамдадым. Магистратураны әдебиет пен дін тақырыбында қорғап, доктарантурада «Манас» дастанын түрік тіліне аудардым. Сонымен қатар, «Деде Коркут» (Қорқыт ата), «Оғыз» дастандарын зерттеп, 1995 жылы доктор атандым. 1996 жылы Гази университетінің «Әдебиет» факультетіне жұмысқа орналастым. 2009 жылдан бері «Қазіргі Түркі тілі мен әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі және Әдебиет факультеті деканының орынбасары қызметін атқарып келемін.

- Өзіңіз айтып өткендей, бүгінде Әдебиет факультеті деканының орынбасары қызметіндесіз. Ендеше осы факультеттің тыныс-тіршілігі, жетістігі, оқытушылары туралы айтып берсеңіз.

- Біздің Әдебиет факультетінде 11 бөлім бар. Оған түрік тілі мен әдебиеті, жаңа түркі тілі мен әдебиеті, батыс тілі мен әдебиеті, тарих, философия, әлеуметтану, археология және тағы да басқа бөлімдер жатады. Факультетімізде барша түркі тілдерінің грамматикасын зерттеген танымал ғалым Ахмет Бижан Ержиласун жұмыс істейді. Біздің бөлімді ең алғаш құрған осы кісі болатын.

Жалпы Гази университетінде, оның ішінде Әдебиет факультетінде Түркиядағы атақты профессорлар дәріс оқиды. Қазіргі Әдебиет факультетінің деканы Алтан Чекин түрік тарихын, Османлы тарихын, бір сөзбен айтқанда бүкіл түркі халықтарының тарихын зерттеген ғалым. Сонымен қатар, Казым Кокраман, Нуртан Гөккалып, Казым Сарыкабак секілді көптеген профессорлар мен ғалымдар жұмыс істейді. Гази университеті гуманитарлық білім беру бағыты бойынша Түркияда бірінші, әлемде тоғызыншы орында тұр.

Жаңа түркі тілі мен әдебиеті бөлімінде – қазақ, қырғыз, өзбек, татар, әзірбайжан, түркімен, ұйғыр, башқұрт халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін оқытады. Біздің бөлімде қазақ оқытушы Гүлжанат Құрманғали Ержиласун ханым және Ферхат бей қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.

Студенттерінің ортасында.

- Шығармашылық жолыңызға қарап отырсам «Оғызнама», «Манас» дастандары мен «Қорқыт ата» кітабын зерттеген екенсіз. Бүгінде осындай құнды мұралардың зерттелу деңгейі қаншалықты? Өзіңіздің зерттеуіңізде қандай жаңалықтарға тап болдыңыз?

- «Деде Коркут» (Қорқыт ата), Манас дастанын, «Оғыз» дастанын (Оғызнама) зерттеу барысында дастандағы көп нәрселердің бір-біріне ұқсас екенін байқадым. Ат қоюға байланысты, түс жору, дастандардағы батырлардың дүниеге келіп, ғажайып болып, тез өсіп батыр болуы секілді ұқсастықтар көп. Бұл жағдайлар түркі халықтарындағы барлық дастандарда кездеседі. Біздегі  Деде Коркут қазақ халықтарында Қорқыт ата атымен белгілі. Мұның барлығы бүкіл түркі халықтарының түбі бір, мәдениетіміз бен дәстүріміздің бірдей екеніне тағы бір дәлел. Мен қазіргі уақытта түркі дүниесінің дастандарын зерттеп жатырмын. Осыған орай жақын уақытта Қазақстанда «Түркі халықтарының дастандары» атты кітабым жарыққа шығады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде.

- Қазақстанға келіп университеттерде арнайы лекциялар оқып кетесіз. Сырт көз ретінде Қазақстан туралы не айтасыз?

- Қазақстан мен үшін өте қымбат. Бүкіл түріктердің шыққан жері, алғаш Отаны болған жер - Қазақстан. Менің ең бірінші аталарым Қазақстан жерінен. Қазақстанға барған сайын өз Отаныма барғандай сезімде боламын. Қазақстан қазір қарқынды дамып келе жатыр. Қазақ тілінің жылдан жылға мәртебесі көтеріліп жатқаны мені қатты қуантады. Алғаш 1995-1996 жылдары барғанымда барлық жерде орысша еді, қазір қарасаңыздар көп жерде қазақ тілі қолданылады. Қазақстанның астанасы өте керемет. Жыл сайын көркейіп, дамып келе жатыр. Әрқашан қазақ елінің, қазақ халқының, қазақ тілінің дамуын тілеймін.

- Өзіңіз білесіз, барша түркі халықтарына ортақ Наурыз мейрамы да келіп қалды. Жалпы осы мейрам Түркия елінде қалай тойланады? 

- Түркияда Наурыз мейрамы басқа түркі тілдес халықтарға қарағанда жоғары деңгейде тойланбайды. Бұның бәрі кезіндегі саяси жағдайларға байланысты болып отыр. Османлы заманында ресми мейрам ретінде саналатын еді. Бүгінгі таңда бұл мейрам күнтізбемізде қызылмен белгіленбесе де, бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ мейрамы ретінде ресми түрде бекітілген. Мысалы, бұл жылы Ескішеһир қаласында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды.

- Наурыз мейрамына байланысты бір-екі ауыз тілегіңізді білдіріп жіберсеңіз.

- Барша Қазақ елін жаңа жылымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күні тек қана жақсылық алып келсін. Қазақ пен түрік елдерінің достығы ғұмырлы болсын. Қазақстанның әрқашан биік тұғырдан көрінгенін қалаймын. Алыстағы ағайынның ақ тілегі адал, достық көңілден айтылды деп біліңіздер. Мейрамдарыңызбен!

Сұхбаттасқан: Анкарадан Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Ш. Талап