22 наурыз. Наурыз тойына арналған мерекелік кеш

22 наурыз. Наурыз тойына арналған мерекелік кеш

Бүгін, яғни, наурыз айының жиырма бірі күні сағат 18 00-де Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған Республикамыздың облыстарынан келген өнер ұжымдарының мерекелік Гала-концерті болып өтті.

Наурыз мейрамын тойлауға асыққан халық сарайға ағылып жатыр.

Сарай залы дәстүрі мен өнерлі перзенттерін қадірлейтін өнерсүйер қауымға лық толды.

Қазақылықтың иісі аңқыған кеш шымылдығын Қызылорда облысынан келген "Дидар" этно-фольклорлық ансамблі ашты.

Құлақтан кіріп бойды алар әуезді әндер мен көңілдің құрышын қандыратын күмбірлі күй асқақтаған мерекелік думаннан мың бұралған бишілер де қалыс қалған жоқ. Көкшетаулық биші қыздардың өнері жұртшылықты мәз-мейрам етті.

Ұлттық мерекені тек қана қазақ жұрты емес, көрші халықтардың өнерпаздарынан құралған ансамбльдер де қызу атап өту үстінде. Алтайдың ай мүйізді ұлдары мен күміс кірпікті қыздарынан құралған "Ладушки" тобы елдің ыстық ықыласына шомылды.

"Жаркент жұлдыздары" тобының жігіттері қаймағы бұзылуға шақ қалған ұлттық билерімізді насихаттауға үлкен үлестерін қосты десе де болады.

Алматы қаласының аманатын арқалап келген "Арт Дала" тобы ұсынған композицияға соғылған шапалақ пен ыстық ниеттің бағасын ештеңемен өлшенбейді.

Бәрін айт та бірін айт, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жыраулардың шашуын көрген де арманда, көрмеген де арманда!

Сондай-ақ, думанды кешке Павлодар облысының «Томирис» би ансамблі мен «Мирас» вокалды тобы, «Әдемі» дуэті, Алматы облысының  «Айжан қыз» халық биі ансамблі, Солтүстік Қазақстан облысының «Арт-Думан» тобы, Ақмола облысының  «Көкшетау», «Он алты қыз»  халық биі ансамблі, «Айнакөл» фольклорлық  ансамблі, «Сұңқар»  квартеті, Алматы қаласының «Айша Бибі» фольклорлық  ансамблі,  «Қоңыр», «Алаш ұлы» топтары  қатысты.

Әнге шөлдеп келген қалың қазақ жұрты Үкілі Ыбырайдың "Қара торғайын", М.Мақатаевтың "Сырын", Майраның әні "Майраны", халық әні "Әдемі қызды", "Шіркін-айды"т.б әндерін бірге қосылып шырқады.

"Жаркент жұлдыздарының" орындауындағы "Астанаға арнау" әнімен мәресіне жеткен концертке қала әкімі И.Тасмағамбетов жолдаған ықылас гүлі тарту етілді.

Күн ұясына батып, Астана түнгі сұлулығын жамыла бастаған шақта көрермендер де мәз-мейрам болып тарасты.

Астанадан арнайы Массагет кз үшін: Айгерім Сматуллаева