Астаналықтар Әлия Әбікенованың әндерін тыңдайды

Астаналықтар Әлия Әбікенованың әндерін тыңдайды

22 наурыз күні "Қазақстан" Орталық концерт залында қазақстандық жас әнші Әлия Әбікенованың жеке концерті өтеді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады. 

"Әлия Әбікенова – өз репертуарына тек фольклорлық әндер жанрын таңдаған орындаушылардың бірі. Оның репертуарындағы белгілі халық әндері заманға сай өңделген. Әнші «Өмірге сауал», «Өкініш тамшылары» тағы басқа композицияларымен көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

«Ән гәккуі» концертіне Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова, «Тарту» тобы, әнші Ләззат Жанаманова, «Терра» би ұжымы қатысады", - делінген таратылған ақпаратта.

Айта кетелік, 22 наурыз мерекесіне байланысты Астана қаласында халықтық серуен, концерттер мен дөңгелек үстел, спектакльдер – барлығы  42 іс-шара жоспарланған. Негізінен қаладағы мерекелік іс-шараның кіндігі  «Қазақ елі» монументі алдындағы алаң мен Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда өтеді.  

22 наурыз күні кеште 18:00-ден 22:00-ге дейін Орталық алаңда Астананың шығармашылық ұжымы мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Ақылбек Жеменей, Қайрат Нұртас, «Алдаспан» тобы, Маржан Арапбаева және басқалар қатысатын жастар би кеші ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамы мерекесі 22.00 сағатта отшашумен аяқталады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: tengrinews.kz

Massaget