22 Наурыз. Киіз үй әлемнің есігі

22 Наурыз. Киіз үй әлемнің есігі

Жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында киіз үйде отырып ақ тілек тілеп, Наурыз көжеден дәм татып, кішіге өнеге көрсету қашаннан келе жатқан ұлттық болмысты айқындайтын бір белгі сияқты. Киіз үй мәдениетінің тарихын арыдан бастауға тура келеді. Тігуге, жығуға және көшіруге қолайлы киіз үй қазақтың кейінгі 2000 жылдан асатын тарихының куәсі сияқты. Киіз үй жабдықтарының кемелділігіне және жағдайының қажетіне қарай керегенің басын қосып, туырлық жауып «итарқа» тіксе, уықтардың басын қосып жерге шаншып, қаламын шаңырақтың ұясына сұғып, есік салмай «Абылайша» тіккен, кереге мен уықтан шаңырақсыз «Жаппа» және екі үйді қосақтап «қосақ үйде» тігеді.

Киіз үйдің сүйегі кереге, уық, шаңырақ, есіктен құралып, бау-басқұрлармен, яғни, басқұр, құр, таңғыш, шалма (иықбау), белдеулер арқылы біріктіріліп таңылады. Оның сыртынан шым ши немесе ақ ши тұтылып, киіз әбзелдермен – туырлық, үзік, түндік, киіз есік сықылдылырмен жабылады. Киіз үйдің қаңқасы желбақан, салма қазық, уық қазықтарымен орнықтырылады. Киіз үйдің жоғарғы бөлігі күмбезше тәрізді болсае төменгі бөлігі шеңбер дөңгелек пішінді болады. Шеңберше бөлігін құрайтын керегелер сұрыпталып, бедерленген тал-теректен, бір-біріне қайшылай сәйкестіріліп, таспамен түйіледі. Қырық басты, елу басты, керегелер бір-біріне сағанағы арқылы кірістіріліп көктеледі. Кереге басының саны шаңырақ көзінің санына қарай белгіленеді. Ал, керегенің санына қарай, киіз үйлер 3-4 қанаттан 30 қанатқа дейін барады. Торкөз немесе желкөз болып торланатын бұл керегелер жиып-жазуға өте қолайлы.

Киіз үйдің ауасы қашан да алмасып тұрады. Тынысы кең, әрі, жарық болады. Киіз үй тігіп отыру жерді тоздырмайды. Өсімдікдерді бүлдірмейді. Қазақ жұрты үшін киіз үйдің шаңырағынан тартып табалдырығына дейін бар мазмұнды қамтыған әлем деуге болады. Ол жатын үй, қонақ күтетін жай, өндіріспен шұғылданатын орын, жас төлдің «күтімханасы», жаз күні айран ұйтып, саба піседі, құрт-май алынады, неке тойының ордасы, әншінің, күйшінің, думанның төрі.

M. Auelkhan