22 наурыз. Қазақтың ұлттық билері (ІІ бөлім)

22 наурыз. Қазақтың ұлттық билері (ІІ бөлім)

22 наурыз мерекесі қарсаңында қазақтың ұлттық билері туралы әңгімелеуді жалғастырамыз...

«Киіз басу»

Өзінің атынан көрініп тұрғандай бұл биде әйелдердің киіз басу үдерісі көрсетіледі (дәлірек айтқанда, оның кейбір ғана қимылдары көрсетіледі). Би орындаушылар санының жұп болып келуіне дайындалған.

Киімдері:

Биді орындайтын қыздың үстінде жай ақ матадан тігілген көйлек болады. Аяқтарына мәсі киюлері керек. Көйлек сыртынан түсті матадан тігілген жеңсіз қамзол киеді. Оның желектерінде жіңішке оймыштар болу керек. Басында қыздардың қарапайым тақиясы немесе ақ жаулық болады. Жаулықтың ұшы мен бұрымы қамзолдың ішінде қалуы керек.

«Қара жорға» (ерлер биі)

Орындаушылардың саны 4-тен 12-ге дейін немесе одан көп болса да болады. Билеушілердің оң қолдарында қамшы болуы керек. Бұл биді орындағанда жігіттер атқа мінген адамды суреттеп, кеудені көтеріңкі, сол қолды алға созып, тізгін ұстаған сияқты қызу қарқынмен билеуі керек.

Киімдері:

Билеушілердің үстінде барқыттан немесе сәтеннен тігілген қынама бешпент, балағына кесте тігілген шалбар, бешпенттің ішінен ақ көйлек болуы керек. Бастарында маңдайынан түйіндеп байлаған орамал, аяғында етік, белде белбеу болсын.

«Айжан қыз»

Бұл би орындаушының денесі мен қол қимылының иілу қозғалыстарына арналып жасалған. Мұнда қазақ кестесінің элементтері мен әйелдің еңбек процестері түрлі би қозғалыстары арқылы көрсетіледі. Бидің бірінші жартысы жай, бірқалыпты, ал екінші жартысы өте жылдам екпінде орындалып бітеді.

Киімдері:

Бишінің үстінде етегі мен жеңіне 3-4 желпей салынған жұқа ақ жібектен тігілген кең көйлек болуы керек. Бұдан басқа қызыл барқыттан немесе атластан тігілген етегі кең қамзол, басында үкілі тақия, көйлектің ішінен көйлек түсті шалбар, аяқта жеңіл, жайтабан (туфли) аяқ киім, көкірегінде алқа, құлақта сырға болсын.

«Сауыншы жеңгей

Екі биші орындайтын қыздар биі. Жеке бишінің орындауында да болады. Бидің бастапқы кезеңі әнмен жүреді. Бұл биде сауыншы әйелдің  сиыр сауу, атқа мініп шабу процестері суреттеледі.

Киімдері:

Бишінің үстінде қазақтың қос етекті көйлегі болуы керек. Басында жаулығы мен кимешегі немесе ақ орамал, қолында шелек, аяғында етік. Бишінің жеңі түрулі және алдында екі қалтасы бар алжапқыш болсын.

«Маусымжан»

Қазақтың халық әні «Маусымжанға» орындалатын  көпшілік қыздар биі. Би хормен қосылып орындалғанда өте жылдам жүреді. Әннің кіріспесі мен әрбір шумағынан кейін орындалатын музыкаға хор бір орында тұрып, қол соғу, бастарын бұру қимылдарын жасап, түрлі ритмикалық қимылдармен аккомпанимент жасап, биді қыздырып тұрады. Барлық орындаушылардың саны 6-дан 20 адамға дейін бола береді.

Киімдері:

Бишілердің үстінде етегіне екі-үш желпей салынған, жұқа жібектен тігілген қазақтың көйлегі болуы керек. Барқыттан тігілген қамзол, басында үкілі тақия, аяғында жеңіл аяқ киім болсын.

Суреттер:ontustik.gov.kz,asiada.wordpress.com,azh.kz,uralsk-akimat.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева