Жұбыңыз қызғаншақ болса

Жұбыңыз қызғаншақ болса
Фото: Данияр Жанжуманов, Adilet Rakhmetolla

Ізгі қызғаныш сезімі мен сенімсіздік танытатын қызғанышты ажырата білген жөн. Әр адам өз жұбына деген ықыласы мен қамқорлығын, оған деген сенімділігі мен сүйіспеншілігін өзгеден қызғану арқылы білдіртіп жатады. Алайда кей жұптар қызғанудың шегінен шығып кетіп жатады. Жұбыңыз қызғаншақ болса, қандай шешім қабылдау керек? 

Қызғану сезімі неден шығады? 

Қызғаныштың ең тартымды әрі ізгі түрі жұптар арасындағы мызғымас қарым-қатынас несібесіне жасалады. Өзге біреуден қызғану арқылы қыз немесе жігіт (әсіресе, қыздар) өзінің сүйгеніне деген ықыласының зор екендігін, оған деген сезімінің беріктігін білдіру үшін сыпайы түрде сөзбен, қырсық әрі тартымды қылығымен тиісе бастайды. Бұл жағдайды жұптар арасындағы кіршіксіз ілтипаттың үлгісі деп таныған жөн. Ондайда жұптар махаббатарының беріктігіне, әлбетте, еш шүбә келтірмейді.

Сондай-ақ, жұптар арасында қызғаншақтықтың тұрпайы түрі де болады. Бұл жағдайда қыз немесе жігіт бірін-бірі шектен тыс қызғанып, әр қадамын аңдып, қоңырау шалып тексеріп, әр сөзден ілік іздей бастайды. Мұндай қызғаныш сезімі көп жағдайда жалғыз қалудан қорқу, ішкі комплекс, сенімсіздік, өткен өмірінде болған сәтсіз қарым-қарым қатынастар нәтижесінде туындап жатады. Күмәнмен бойын билеткен ол сәтсіз тәжірибеден кейін екінші рет осындай оқиғаның қайталануынан қорқады. Өткен күннің қараңғы белгілерін қайта сезінуден жасқанады.

Кейде қызғаныш психикалық ауру болады. Қызғаншақ адамдардың 15-20%-ында қызғаншақтық сезімі психоз белгілерімен бірдей болады. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, жоқ нәрсені ойлап тауып, сюжетін өзі құрып, соның жетегінде өмір сүреді. Бүкіл ойын, ақылын, энергиясын соған жұмсайды. Өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу үшін сүйгенінің әр сөзін, әр қадамын аңдумен болады. Құмалақшы, балгерлерден ақшасын да аямайды. Мұндай адам келе-келе депрессияға ұшырауы мүмкін. 

Жұбыңыз қызғаншақ болса... 

Жұбыңыз тым қызғаншақ болса, ымырасыз, оңаша әңгіме айтып, көңіл байланысын орнатыңыз. Оның қызғаншақтығы неге әкеліп соғатындығын түсіндіріп көріңіз.

Оған деген сезіміңізді жиі білдіріп тұрыңыз. Әр сәтте өзін сүйетін адамның адалдығын сезінетін болса, екі ғашық арасындағы көпір де нығая түспек.

Сүйгеніңізбен ашық болыңыз. Оның қызғанышы сіз бір дүниені бұғып, жасырғаныңызда туындай бастайды.

Кешірімді болыңыз. Сіз кешірімді болсаңыз, сүйгеніңіздің сізге деген пейілі арта түседі. 

Сіздің ортада қызғаншақтар көп пе?

Шапағат, 22 жаста:  "Өз сүйгенімді орнымен қызғана білемін. Әр аттап басқан қадамын қадағаламасам да, күн ара шаруасынан, жұмысынан хабардар болып отырамын. Мұны асыра сілтеу дей алмаймын. Біз екеуміз табиғатымыз ұқсас жұппыз деп ойлаймын. Ол да маған тым бас-көз болатындай жағдайда қарамайды. Іздейтін кезде іздеп, маза алмайтын кезде сабыр танытып жүреді. Ол үшін мен сүйгенімді құрметтеймін, әрі бағалаймын". 

Айдын, 21 жаста:  "Табиғатымнан қызғаншақ емеспін. Бірақ қызым өзге біреумен диалогқа түсіп жатса, өзімді ұстай алмай қаламын. Ондай кезде бір ұрсысып татуласып аламыз. Мұны біліп алған ол кейде сол ісін әдейі істеп жатады. Бірақ, оған қарамастан жарасым тапқан жұппыз дей аламын". 

Айгерім, 25 жаста:  "Отағасымен танысқанымызға 5 жыл болып қалды. Осы күнге дейін қатты сөз айтып ренжіткен емес. Ортақ берекеміз үшін барын салып келеді. Оның мейірін бағалаймын, қадірлеймін. Мен де барынша көңілін тауып, арамызды суытпауға тырысамын. Осы күнге дейін өзге біреуден қызғандыратындай ерсілікке барып көрмедім. Оның да ішкі сенімі маған адал. Аса көп қызғанбайды". 

Қалай болғанда да, жұбыңыз қызғаншақ болса, оны позитивке айналдыра біліңіз. Әр қызғаныш сезімін сүйгеніңіздің сізге деген ықыласы мен қамқорлығы деп қабылдаңыз.

Massaget.kz