Фотосессия жасауға ерекше идеялар

Фотосессия жасауға ерекше идеялар
Фото: zhalyn group, photo-expert.kz

Сүйіктіңізді қуантып, оның жүзіне өмірлік күлкіні, бақытты сыйлау үшін сізге ұмытылмас естелік жасау қажет. Ол – фотосессия болмақ. Бірге түскен суреттеріңіз екеуіңізге бірдей ұнауы үшін фотосессияны алдын-ала жоспарлап, белгілі бір уақытты, мезгілді таңдағандарыңыз жөн болады. Уақыт өте келе бұл суреттер отбасылық суретке ұласып өзгерсе де, ең алғашқы бірге түскен сүреттеріңіз жүректе мәңгі жылы орын алып сақталады.

Ең әуелі фотосурет тақырыбы туралы ойланып, соған сай киім мен сыртқы көріністі қамтамасыз ету қажет. Фотосессияда орынның дұрыс таңдалуы мен түрлі аксессуарлар, бұйымдар суретте романтикалық атмосфераны құруға көмектеседі.

Жас жұптардың түсірілімі кез келген шығармашылық идеяны жүзеге асыра алады. Тек шынайы сезімдері мен бір-біріне деген қамқорлығын, жылулықтарын, эмоцияларын шынайы, ашып көрсете алса болғаны. Фотосессия жасаудың ең басты себебі – ұмытылмас есте қаларлық естелік дедік.  Ал, ол үшін бұл күнді белгілі бір атаулы күндерге қоюға болады. Мәселен, ғашықтар күніне, туған күнге, алғашқы танысқан күндеріңізге, т.б.

Табиғат аясында жасалған фотосессия өте сәтті фотосессиялардың бірі. Бірдей киім кисеңіздер тіпті әдемі көрінеді. Бойды еркін ұстап, бір-бірлеріңізге сенімділікпен және жылы жүзбен қарау қажет.

Романтикалық кеш. Мұның түрі өте көп. Өз қалауларыңыз бойынша романтикалық кешкі ас үстінде де фотосессия жасауға болады. Бастысы ер адамда классикалық киім, қызда кешкі сәнді көйлек болғаны дұрыс.

Табиғат аясындағы демалыс. Бұл бүгінгі таңдағы ең көп түсірілетін фотосессия. Ыңғайлы киім мен қажетті дүниелерді қиюластырсаңыз болғаны, әдемі фотосессия шықпақ.

Фотосессияны жылдың кез келген мезгілінде түсіруге болады. Мұнда бастысы сіздің талғамыңыз бен қалауыңызға байланысты. Мәселен, қазақы нақышта немесе өзен-көлдің жағасында, тіпті жануарларды ұстап та түсуге болады.

Сонымен қатар табиғат аясына шығуға уақытыңыз тапшы болса, арнайы фотостудияға барып фотосессия жасауға болады.

Н. Үсенова