Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға

Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға
Фото: svetlyachok-vtk.livejournal.com

Мұқағали Мақатаев 
Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға! 
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?! 
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын! 
Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?! 

Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам, 
Бір алтын оның әр тал шашы маған. 
Сағынайын, таусыла сағынайын, 
Сағынышқа жаралған ғашық адам. 

Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге, 
Ақ қанат құсым менің кеткенің бе? 
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып, 
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе? 

Сарғайған сағынышты басып толық 
Бар үміт, бар сенімді шашып болып 
Өтермін сірә да мен бұл өмірден 
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып. 


Қадыр Мырзаәлиев 
Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт, 
Өзіңсің – жасыл уақыт, асыл уақыт, 
Сапарда жүргенімде сарғайып мен, 
Сағынып күте берсең, осы – Бақыт! 

Кім демей, аталғанда досым аты, 
Отырсаң ақылыма қосып ақыл... 
Бір қора жолдас ертіп келгенімде 
Қарсы алсаң күлімсіреп, осы – Бақыт! 

Біреулер жүр ғой сырттан досын атып. 
Қорықпа, күдіктенбе шошыма түк. 
Мен жайлы айтылған бір қаңқу сөзге 
Сенбесең, иланбасаң, осы – Бақыт! 

Жарқырап, жалт-жұлт етіп жасын атып, 
Жасыннан кейін бірақ басым қатып, 
Мас болып келген күні бір сөз айтпай, 
Ертесіне ұмытып кетсең, осы – бақыт!

Ұлықбек Есдәулет 
Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген, 
Сырласқанда арман атты тылсыммен. 
Ту сыртымнан үп еткенде самал жел, 
Елеңдеймін, сен шығар деп күрсінген. 

Ғашық жанның басындағы хал бөлек, 
Ғашық жанды әлдилейтін ән керек. 
Жаңбыр жауса, тырсылынан оянам, 
Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп?! 

Қашан болсын қайғы көрмей жүр аман, 
Мен тағдырдан басқа тілек сұраман. 
Күн астында күмбірлесе күміс су, 
Сенің күлкің естілгендей қуанам. 

Өмір деген өте шығар өткінші, 
Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші. 
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн, 
Көздеріңе ғашық болып өтсінші. 


Есенғали Раушанов 
Махаббат 
«Сарман бойлары сары сабан, 
Сабандай сарғайды санам. 
Сіздер жақтан бір құс келсе, 
Мен мұңайып қарап қалам». - 

Рахиля қыз Қазаннан келген, 
Айтады бір ән азаннан бермен. 
Азаннан бермен қараша аспаны 
Қабақ ашпады сазарған өңмен. 

Жол қамын ойлап жан ағам өлек, 
Сұраймын: «Тағы қалаға ма?» - деп 
Рахиля қыз... созады әнін, 
Сары адыр жатыр сары ала кенеп. 

Сырдария жаққа сыр айта келді, 
Толқындар да оны мұңайта берді. 
Рахиля қыз кетіп қалды ақыр, 
«Сарман бойларын» кім айтады енді?. 

Бір ауыр ұлы басқандай белді, 
Жәудір 
жанардан жас тамбайды енді. 
Жел алып қашқан ақ орамалы 
Аспандай берді, аспандай берді. 

Қарайды күліп табалап аспан, 
Баламын оннан жаңа ғана асқан... 
«Heгe үйленбеді ағам» деп қоям, 
Несін алған-ей қалаға қашқан. 

Өксіктей болып кептеліп бір мұң, 
Өзімнен өзім кектеніп, 
күлдім. 
Үйленді көкем... 
Жеңгемді сол күн, 
Рахиляны ойлап, жек көріп тұрдым. 

Құбақандана құбылып 
бар маң, 
Күз келіп тағы тұр 
ұлып таңнан. 
Рахиляның орамалындай 
Ақша бұлт шыңға ілініп қалған... 

Сол қызды көзге келтірді бау-бақ, 
Күлмейді толқын еркін бір аунап. 
Өкінішті әнге салады көкем, 
Өксігім тежеп мен тұрмын аулақ: 

«Сарман бойлары сары сабан, 
Сабандай сарғайды санам. 
Сіздер жақтан бір құс келсе, 
Мен мұңайып қарап қалам». 


Тыныштықбек Әбдікәкімов 
*** 
Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды... 
Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам матырдым. 
Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп бәтуә, 
Қаламымның ұшында ауылымның оты бар. 

Самайымның тұсынан аққан күнді санадым. 
Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату. 
Азап болса, әрдайым, мен сен үшін тартайын!... 
Бүршік шашып тау жақта, бал ашуда март айы. 

Әр лүпілі ділімнің – мәңгілік мұң тарихы. 
Сен ғанасың еститін, 
Көре алатын! 
Танитын! 
Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн... 
...елесіңнің ернінен қақ жарылар қара ұйқым! 

Қақ жарылып қара ұйқым, ақтарылып ақ Өлең, 
Санамдағы сәскенің сәулесіне бөленем. 
Сәулесіне бөленем санамдағы сәскенің. 
Сені сүю – азадан ада әлемге көшкенім! 

Сені сүю – қуатты қорқынышым, көз ілген. 
Дәл көзінің алдынан, бірге өтемін өзіңмен. 
Мендің нәзік сезімге қанаты ыстық тіл басып, 
жымиюың – маған мың әулиемен ымдасу! 
Сенсіз қалсам, 
дүрлікпе пендешілік тірлікке... 
сыймас, 
іште құдайы күбірлеген – бұл басым. 

Маралтай Райымбекұлы

Махаббат 
Қадірі білмеске арзандай, 
Мен оны жеткізіп айта алман. 
Теңізде жоғалған маржандай, 
Құйындай кездер-ай, шайқалған... 

Қаншама қыздарды ұнаттым, 
Жылаттым... білмеймін себебін. 
Осынау есалаң сұрақтың 
Жауабын сен айтшы, өлеңім. 

Аққұба әдемі бала едің, 
Ақ фартук, ақ бантик байлаған. 
Мен-дағы өзіңдей пәк едім, 
Ақ түстен тұратын айналам. 

Қояды жай ғана күлген боп, 
Біледі ол Абайды, Қасымды. 
Тіпті де көзіне ілген жоқ 
Алты Алаш ардақтар басымды. 

Тағдырға басымды имедім, 
Мені де тәкаппар еттің сен. 
Тым болса бір рет сүймедім, 
Қолыңнан ұстатпай кеттің сен. 

Қойнында сені ойлап түндердің 
«Аһ» ұра бастадым, «аһ» ұра. 
Балауса бейғамдау күндердің 
Сағаты тоқтады қапыда. 
Бақытжан Алдияр 
Сендей ару болмайды, болған емес, 
Ұйқы бермей жүр, Күнiм, сол маған еш. 
Шақырады сен болып түн iшiнде, 
Көз алдыма көлбеңдеп толған елес. 

Сендей ару болмаған, бола алмайды, 
Бұрынғы өткен шайырлар көп алдайды. 
Он сегiзiм қайтадан оралмайды, 
Он сегiзiң от басса оңалмайды... 

Мұхит-мұңның мөлдiрiн iшiп, қанып, 
Жүрегiмнiң жарасы ушықты анық. 
Көк қозыдай күн кештім көкежасық, 
Көгенiне көзiңнiң түсiп қалып. 

Нәркес көздiң, назының нарқы дара, 
Сенсiз ғұмыр алды-мұң, арты-нала. 
Түн iшiнде алар ем тынышыңды, 
Жүрiсiмдi таниды жарты қала. 

Жүрегiмнiң сездiң бе дiр еткенiн? 
Түнектемiн. 
Бұл қалай жүдеткенiң? 
Мына сенiң қасыңда жүзi сынып, 
Жiп есе алмай қалады-ау, Жiбектерiң. 

Түмен қыздың iшiнде тартымдысы ең, 
Дәл осынау бұзбашы қалпыңды сен. 
Қалай берем сөзiңдi «ағай» деген, 
Аяғыма салынып алтын кiсен. 

Қарсы алдымнан құтқармас құрық құрып, 
Ұғып тұрып, халiмдi бiлiп тұрып, 
Үмiттi қып, дүниенi ұмыттырып, 
Қырық түрлi қылығың құнықтырып, 
Өлтiретiн болдың... 

Ақберен Елгезек 
Кісінейді ала жел... 
Сен тозаққа барғың келсе, бара бер. 
Мен жұмаққа қарап тұрмын күлімдеп, 
А, Тәңірім сана бер! 

Үп етеді таусамал, 
Қандай рахат, сағынбау мен аңсамау! 
Өткен шақта қалып қойдың үлбіреп, 
Қалды енді қанша амал? 

Дір етеді тамшылар, 
Мөлдірлікке қалай енді жан шыдар? 
Саған ұқсас мынау сорлы ғаламда, 
Тағы біреу бар шығар? 

Күрсінеді қара түн, 
Сезім қайда бар мазамды алатын? 
Шым-шытырық жолдар қайда сол кезгі, 
Жүрегіңе баратын? 

Ауа жатыр көпіріп, 
Арасында аппақ қар жүр секіріп. 
Мен өзіңді ұмыттым ғой, ұмыттым, 
Ұмытқам жоқ, өтірік! 

Ерлан Жүніс 
Бозбалалық романс 
Бозбала күні сүйгені, 
Жадынан ердің кетсін бе, 
Сәлеметсіз бе, миледи, 
Қалқатай, сәлеметсің бе?! 

Нәби де нәркес, жан нұрлы, 
О, қайдан теңеу таппақпыз?! 
Қызыл гүл – қыз тағдырлы, 
Гүл тағдырлы аппақ қыз! 

Сарғалдақ гүлді сүйгенсің, 
Көктемі ме еді ол ойыңның, 
Алқызыл көйлек кигенсің, 
Жеткені ме еді ол бойыңның. 

Сыйладым ақ гүл – достық па, 
Алқызыл көйлек – қызғаныш? 
Тағдырды ойша қостық па, 
Аштық па жаңа біз ғарыш? 

Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба, 
Сезімге сұлу арбалып, 
Сүйіскен жоқпыз аязда, 
Нөсерде жазғы қалмадық. 

Есейе бердік ашылмай, 
Есейген сайын жабыла. 
Сары, қызыл қосындысындай, 
Бір бояу сіңді жаныңа. 

Сол бір түс маған тым бөтен, 
Бейтаныс етті сені де, 
Сол бір түс маған тым бөтен, 
Бейтаныс етті мені де. 
Уақыт бәрін биледі, 
Бәріне уақыт жетсін бе? 
Сәлеметсіз бе, миледи, 
Қалқатай, сәлеметсің бе?!
Т. Раушанұлы