"Алғашқы махаббат" ұғымын қалай түсінесіз?

"Алғашқы махаббат" ұғымын қалай түсінесіз?
Фото: Тайный мир, DR

Қандай ел болмасын оның өнері мен поэзиясында махаббаттан, ғашықтықтан асқан тақырып жоқ. Махаббат − адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі. Махаббат өмірдің мәні, жұпар шашқан гүлі, тамылжыған ән-жыры және адамның ішкі әлеміндегі рухани сезімдерінің көрінісі ретіндегі жай-күйі.   

Махаббат алғашқы сыйластықтан басталады. Бұл сезім екі адамда бірдей пайда болса, оның келешекте дами түсуі, өмір бойы үзілмеуі, сарқылмауы табиғи нәрсе. «Махаббат өмірдің кереметтей көркі» − деп А.В.Луначарский айтып кеткендей, адамның күллі тіршілігі махаббатпен байланысты.

Махаббат сөзінің мағынасы өте кең. Тіпті сүйіспеншілік, ынтызарлық, ғашықтық деген сөздердің баламасы ретінде де айтыла береді. Осы орайда алғашқы сезімнің бастауы болатын «Алғашқы махаббат» ұғымын оқырмандарымыздан сұрап көрген едік. Ендеше, оқи отырыңыз.

Рәзинә Бидайқұл: Мен үшін маxаббат ең киелі ұғым! "Алғашқы маxаббат" адам санасындағы ең бастапқы түсініксіз функциялардың бірі шығар. Тынысың тарылып, екі бетің қызарып, жүрегің алқынып тұратын кез. Адам ғашық болғанда сүйген адамы үшін бәріне дайын. Оған мүмкін емес дүние жоқ. Маxаббат бар жерде адамдар түрлі әрекеттерге барады. Бірі өмірінде жазбаған өлең шығарса, бірі небір құрбандықтарға барып жатады. Ең алғашқы маxаббат ол кіршіксіз сезім! Алғашқы маxаббаттарын кезіктірмеген жан жоқ шығар, сірә?! Ертелі-кеш бір күні кездестіресің. Дүниедегі ең кереметі алғашқы маxаббатыңа үйленіп, отбасы болып, балалы болсаң, нағыз бақыттың бір көрінісі осы деп айтар едім.

Ербол Сыздықов: Әр нәрсенің алғашқысы адамның есінде жақсы сақталады. Оны ұмыттым деу қателік. Солардың бірегейі "алғашқы махаббат". Бұл әр адамның санасында тәттілігімен, алғашқы ынтызарлығымен, ұнатқан адамының қасына жақындап тұрғанның өзінен ләззат алуы және соны үстем көруі. Оны сыртынан ешкімді қасына жақындатпай, жақындаса жарылардай қызғанып, қорғаштауы. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы бала кездегі сыныпта бірге оқитын қызға деген сезім ғой, яғни алғашқы махаббат! Бұл барлық адамда мектеп кезінде болатын жағдай. Баяғыда мұғалім екі-екеуден қол ұстастырып қатармен жүргізуші еді ғой. Сонда сол қыздың қолын ұстап жүру үшін қайта-қайта соның жанына барушы едік. Сол кезде соның қолынан ұстамайынша тұрмаушы едім қатарға! Бұзықтау болған соң ба? Қызық! Жалпы алғашқы махаббат дегенде алғаш есіме оралатын осы дүниелер.

Таңсұлу Үсенова: Алғашқы махаббат деген мен үшін жүректегі жасырын сезімді оятқан, бұрын-соңды болмаған құбылысты тудырған жан. Жүрегіңді алғаш қозғап дір еткізген, сүю дегеннің не екенін сездірген жан деп білемін. Өмір бойы жүрек түкпірінде сақталатын тəтті сезім.

Нұртас Тұрғанбек: "Алғашқы махаббат" ұғымы мен үшін ең шынайы, ең таза, балалықтың балбұл жанған сəтіндегі елеулі естелік.

Жансая Әйменова: Бала махаббат деп айтып жүрген дүние осы алғашқы махаббат секілді. Бұл сезімді көпшілік сол мектеп бітіруге таяған уақытта, яғни жоғарғы сынып оқып жүргенде бастан өткізеді ғой. Өз басымда солай.

Қымбат Слямбекұлы: Бала махаббат, алғашқы махаббат деген бар. Бала махаббат бала кезде болатын ерекше, бейкүнә сезім. Ал алғашқы махаббат адам біршама есейіп ес білген кезде болатын сезім сияқты. Яғни ақылың жетіп, жүрегің сезінген ыстық ғашықтық.

Дулат Исабеков "Ең бақытты түн". Өмірде бой жету бар да, бой жете білу тағы бар ғой. Мұның біріншісі – сен талпын, талпынба, ақылды бол, кеще бол – бәрібір бой жетесің, өсесің. Өзіңнің бой жеткеніңді түсініп, салиқалы болуға тырысасың да, өмірде көрген-білгені көбірек кексе әйелдердің айтқанын ұйып тыңдап, «осы қалай болар екен?» дегендей әр жігіттің тамырын бір басып жар таңдайсың. Ал екіншісі – бейкүнә бойжету. Ол тіпті өзінің өскенін де байқамайды: сәбидей аңқау, сәбидей таза. Бірақ олардың сол кіршіксіз таза жүрегінде ешқандай күш төтеп бере алмайтын махаббат сезімдері өзіне де сезілмей өсіп келе жатады. Ондай қыздар, атай көрмеңіз, ешқашан да жар таңдайын деп ойламайды, бірақ, ғашық болып қалғанын да сезбейді. Бұл бірінші махаббат сәтті болсын, сәтсіз болсын, оның есінде мәңгі сақталады. Ондай тәтті сезімдерді, ол өмірінің соңғы минутына шейін кездестіре алмайды. Олар құлай сүйеді, арманына жетпесе апатқа ұшырайды. Сондықтан олардың махаббаты тек еркелетуді ғана сүйеді.

Н. Үсенова