Love story түсіруге ерекше идеялар

Love story түсіруге ерекше идеялар
Фото: Руслан Weddingtv

Love story түсіру дәстүрінің біздің мемлекетке келгеніне көп болмаса да, ол кең таралып үлгерді. Бірақ, бұл таңғалатын жағдай емес. Себебі Love story түсірудің көптеген артықшылығы бар: суреттермен жеке ертегіңізді жасау, ортақ суреттерден тұратын отбасылық архивті бастау немесе толықтыру, бірнеше сағатқа актер және актриса болу мүмкіндігі.

Love story суреттерімен қатар, видео түсіру де сәнге айналды. Оған видео-шақыру, жас-жұбай мен қонақтардан видео-тосынсый, қысқа роликті түсірілім, жастардың дайындаған видеосы жатады. Love story түсіруге (сурет, видео) бірнеше мүмкін сценарийлерді ұсынамыз.

Басқа қалада түсірілім жасау. Love story-ді бірге барғыңыз келіп жүрген қалада (мүмкіндік болса, басқа мемлекетте) түсіруге болады. Ол Астана болуы мүмкін немесе керісінше, балалық шақтарыңызды өткізген жерде болуы да мүмкін. Бастысы, саяхат пен романтика рухын жеткізе алсаңыздар болғаны. Love story түсіру тек суретке немесе видеоға түсіп келу емес. Кейін сол суреттерді қарап отырып, есіңізге жағымды сәттерді түсіре алатындай болуы керек. Сондықтан, бұл жерде суреттерге қарағанда бірге өткізген уақыт маңызды екенін ұмытпаңыз.

Шынымен қалай танысқандарыңызды айту. Love story-дің тікелей аудармасы «махаббат оқиғасы» екенін білеміз, ендеше, жұптың шынымен қалай танысқанын және олардың қарым-қатынасын көрсету табиғи әрі шынайы көрінетіні анық. Оқиға желісі серпінді болуы үшін аздап әзіл мен шығармашылық та қосуға болады. Видеофильмнің басқа кейіпкерлері ретінде туыстарыңыз бен достарыңызды шақырған жөн.

Камераға алғашқы кездесуді, әсеріңізді айтыңыз және достарыңыздан да сіздердің қарым-қатынасыңызды сипаттап берулерін сұраңыз. Нәтижесін көріп, таңғаласыз, өте әсерлі видео шығады.

Сүйікті әнге клип түсіру. Егер екеуіңіздің ортақ сүйікті әндеріңіз болса, оған өз қатысуларыңызбен клип түсіруге болады. Алдымен сюжет ойлап табасыздар. Оның қандай болатыны өз еріктеріңізде болады.

Суреттерден тұратын видео. Егер видео арнайы түсіргіңіз келмесе, оны суреттер жинағынан жасауға болады. Мұндай видео да арнайы сюжеттен тұруы мүмкін. Мысалы, қалай танысқаныңызды суреттерді жылдам өткізіп, көрсетуге болады (мысалы, жоғарыдағы видеоның 0:49 қараңыз). 

Спорттың белсенді түрлері. Қазір адамдардың көпшілігі салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылуда. Дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, ұйқы режимі – бұл тенденция Love story түсіруден де өз орнын тапты. Жұптардың видеоларынан теннис ойнау, жүгіру сияқты спортпен айналысып жатқандарын жиі көреміз.

Қазақша нақышта түсіру. Бұл дегеніміз қазақтың дәстүрлі киімдерін киіп, ағаш үйдің ішінде немесе керемет табиғат аясында видео түсіру. Мұндай видеода сюжет болуы да, болмауы да мүмкін. Ол да жұптардың еркінде болмақ.

А. Жапатова