Құлай сүйген ақындар

Құлай сүйген ақындар
Фото: vk.com

Аямайтын күн болып кел – бәрібір,
Аялайтын түн болып кел – бәрібір.
Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспастан қара жерше сүйемін
Жұматай ақын

Белгісіз жан... Ақын атаулының шығармашылығын осы бір белгісіз аруға деген сезім елесі кезіп жүреді. Сол арудың құпияға толы қара көздерін екінші рет көрмесе де... Онымен қыз-жігіт болып, қол ұстасып жүрмесе де... Айлы түнде сейілдеп, сұхбат құрмаса да... "Мәңгі сүйіп өтемін" - деп серттеспесе де... 

Жан сырын ашпай кеткен ару ақын қиялында періштедей пәк күйінде сақталса керек. Иә... Мұндай да махаббат болады екен... 

1. Жұматай - Ләйлә

Жұматайдың махаббаты тым ерекше. Ол өлеңдеріне арқау болған аруды өмірінде тек үш рет қана көрген. Ақын жүрегіне келбеті келісті, меңді сұлу бірден әсер етті. Ол оған ессіз ғашық болды. Жұматайдың поэзиясынан Ләйлә образы осылайша орын алғаны бар.

Біз ақынның жырларын оқи келе мұндай да махаббаттың боларын білдік. Жұматайдың музасына айналған Ләйлә ақынның жарының алыс туысы (аталас нағашы апасының қызы) болып келеді. Жұматай алғаш Ләйләні би кешінде көріп қалған екен. Есіктен кіріп келген сұлуға бірден көзі түскен. Ләйлә да келбетті ақынға кет әрі емес екенін білдіріп, оны биге шақырған. Биге шықпай қойған ақынға Ләйлә орамалын ұсынып, шығып кеткен. Бұл Жұматайдың Ләйләні алғаш көруі еді.

Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім,
Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің
Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,
"Ақын болсам, - деп, - атақты", армандап едім, - деп содан бастап ақын ғашықтық жырларын бұрқыратып жаза бастаған.

2.  Лермонтов - Лопухина

Варвара Александровна Лопухина – орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтовтың өмірлік махаббаты.  Ақын 1831 жылы өзінің Алексей есімді досының қарындасы Варенькамен танысып, оған ғашық болады.

Варенька ауылда өскен, романдарды сүйсіне оқуының арқасында тым қиялшыл, нағыз поэтикалық бойжеткен еді. Қою қара көзді, сары шашты көрікті қыз ақынның жүрегінен өшпес орын алды. Осындай сұлулықтың қасында Лермонтов өзін сұрықсыз адамдай, оғын лайық еместей көретін.

1832 жылы ақын сүйгенінің деңгейіне жетерліктей даму мақсатымен Петербордағы юнкерлер мектебіне оқуға аттанады.

Осы кезде қос ғашықтың арасындағы байланыс үзіліп қалады. Лермонтовтың кеткенін пайдаланып Вареньканың ата-анасы үгіттеді ме, әлде біреулер ақынның қалада өзге қыздарға көңілі ауып жүргенін жеткізді ме, әйтеуір, Варенька сол уақытта өзінен әлдеқайда үлкен кісіге тұрмысқа шығып кетеді.

Мұндай қадамды сүйгенінің опасыздығы деп қабылдаған ақын жігіттің қатты көңілі қалады. Алайда Лермонтов бала махаббатын ұмытқан емес, Лопухина образы оның шығармашылығында үнемі кездесіп отырады.

3.     Данте - Беатриче

Дворян әулетінен шыққан италиялық ақын Данте Алигьери жасынан теология, философия, астрономия, орта ғасырлық схоластика сынды ғылым салаларын зерттеумен шұғылданды. Әлем әдебиетінің жақұты саналатын “Құдіретті комедия”  поэмасының авторы осы Данте.

Бірақ Дантенің есімі оның туындыларынан бұрын, ақын ессіз сүйіп, өмір бойы жырлап өткен Беатричеге деген пәк сезімімен барша жер-жаһанға танымал.

Әр күнін Беатриче деп атырған ақын өз ғашығымен бар болғаны 2 рет ғана тіл қатысып сөйлескен екен. Оны алғаш 9 жасында көрген кезде Беатриче сүп-сүйкімді қыз болды. Кейін есейіп, хас сұлуға айналды. Сөйлеспесе де, Данте оны жиындарда жиі көріп тұратын. Оған сыртынан сүйсінумен болатын. Бірақ, ақ арманы өзгемен отау құрып, мәңгілік сағыныш боп қала берді.

Данте ер жетіп, Флоренцияның саяси өміріне белсенді арала бастады. Көпестердің мүддесін қорғайтын «ақтар» партиясында болды. Күрес нәтижесінде қала дворяндарының партиясы, яғни, «қаралар» ақтарды жеңеді де, Дантені отқа өртеу, дүние мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарады.

Осы себепті, Данте тұрақты мекенінен кетіп, бүкіл Италияны шарлайды. Өмірінің соңғы 6 жылын Ровеннада өткізеді.

Алдынан қандай тағдыр күтіп тұрса да, Данте Беатричені ұмытпады. Санасы мен жүрегін жаулаған жанға жыр арнаумен өмірден өтті.

4. Петрарка - Лаура

Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілі, италиялық ақын Франческо Петрарка мен Лаура есімді арудың арасындағы сезім де – ұлы махаббаттың бір дәлелі.

Петрарка өзі сүйген аруға ешқашан жақын болып көрмесе де, оған деген сүйіспеншілік сезімін өмір бойы аялап өткен. Оның Лаураның өмірі мен өліміне арналған сонеттері, канцондары, балладалары мен мадригалдарының барлығы «Ән кітабы» жинағында жарияланған.

Ақын Лаурамен сәуір айының шуақты күндерінің бірінде Әулие Клара шіркеуінде жолығады. Тағдырдың жазуымен 21 жыл өткеннен кейін, дәл сол күні Лаура өмірден өтеді. Петрарка сүйгенімен тек бірнеше рет жолыққан. Олар тіпті тіл қатысып та көрмеген. Өмір бойы жырлап өткен жүрегінің әміршісі өзгемен отау құрған 11 баланың анасы екен.

Жауапсыз махаббат жас жігіттің жүрегін жегідей жеп, мұндай азапқа төзе алмаған Петрарка жан жарасын жазудың жолын іздеп ел кезіп кетеді.

5. Гете - Гретхен

М.Дубинскийдің әйгілі «Ұлы адамдардың өміріндегі әйелдер» атты кітабындағы деректер мен оқиғаларға негіздеп Нұрғали Ораз жазған әдемі мақаланы назарыңызға ұсынамыз:

Тәңірдің ықыласы түсіп, көзі тірісінде-ақ көл-көсір бақытқа кенелген ақын – Гете! Өзгелер үшін қатал да қайырымсыз тағдыр оған келгенде күле қарап, басынан сипап, үнемі еркелетіп отырған сияқты.

Оның ең алғашқы махаббаты – Гретхен есімді бір сұлу бойжеткен еді. Ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің айтуына қарағанда, ол бозбала Гетенің қиялынан туған поэтикалық бейне болуы да мүмкін. Әйтсе де Гретхен жайында ақынның өзі айтыпты деген мынандай бір қызық әңгіме бар.

Бірде Гете өзі секілді бір топ көңілді жастардың ортасына тап болып, біраз күн сауық-сайран құрыпты. Олар біреудің үйлену тойына, біреудің жаназасына арнап өлең шығарып бер деп қиылған кезде бозбала ақын жаңа достарының көңілін қалдырғысы келмей, табан астында бұрқыратып жазып та жіберген көрінеді. Әрі сол достарының арасындағы Гретхен деген ақ сары қызды ұнатып та қалса керек.

Бір күні Гете түн ішінде үйге қайтуға қатал әкесінен қаймығып, әлгілермен бірге таң атқанша жүреді. Есі кеткенше думандатқан қыз-жігіттердің көзіне ұйқы тығылып, қалғып-мүлги бастағанда Гретхен Гетенің иығына басын сүйеп, ұйықтап кетіпті. Бозбала ақын өзінің сүйіктісін оятып алмайын деп, сол отырған орнында қыбыр етпеген көрінеді.

Ертеңіне екеуі қол алысып, бірін-бірі қимай қоштасады. Өкінішке қарай, бұл олардың алғашқы да ақырғы кездесуі екен. Өйткені, әлденеден сезіктенген полиция бұл топты қамауға алады. Сөйтсе, Гетенің дос болып жүрген қыз-жігіттері көлденең табыс табу үшін жасанды вексельдер жасаумен айналысады екен ғой.

Тергеуде Гретхен «Гетені қашаннан бері білесіз? Онымен қарым-қатынасыңыз қандай?» деген сауалдарға: «Ол әлі бала ғой. Мен оны туған інімдей жақсы көремін» деп жауап беріпті.

Бұл сөзді он бес жасар Гете көңіліне аса ауыр алып қалғанға ұқсайды. Содан қайтып ол Гретхеннің маңына жоламай кетіпті.

А. Оралқызы