Сүйіңіз, сүюге жаралдыңыз!

Сүйіңіз, сүюге жаралдыңыз!
Фото: amur.kz

Адам жүрегі махаббатқа толы әрі солай болуы тиіс. Адам өзін туған ата-анасын жақсы көреді. Бірақ бәрібір оның жанында мәңгілік қалмауы мүмкін. Өзін жаратқанды жақсы көреді. Ол махаббат та көп нәрсеге қауқары жетпеуі ықтимал. Бірге туған бауырларын, достарын жақсы көреді. Күндердің күнінде олар да өз соқпағын салуға аттанады. Ішінен шыққан балапандарын жақсы көреді, оларды да күні келгенде ұясынан ұшырады. Ал сол балаларды өмірге әкелу үшін, жанында мәңгілікке қалуы үшін мәңгілік серігінің орны бір төбе.

Жігіт, сіз сүйіңіз! Үйіңіз жылылыққа, мейірімге толып, нұрланып шыға келеді. Сүйіңіз, ол берген қара судан да тәтті дәм сезесіз. Сүйіңіз, оған деген қамқорлық сізді әлемдегі ең мықты адамдай сезімге бөлейді. Оған деген тасыған махаббат тас жарғызып, тау қопартады, қолыңыздан келмейтін ештеңе жоқтай сезінесіз. Сүйіңіз!

Қызым, сіз сүйіңіз! Оған деген махаббатыңыз ешқандай градуспен, еш процентпен, ешбір қашықтықпен өлшеуге келмейтіндей шексіз болсын. Оның қандай қателігі болса да кешіре аласыз. Қолыңыздан шыққан әр туынды махаббатпен жасалса, қайталанбас шедеврге айналып отырады. Сүйіңіз, суық күн де жылы жаныңызды мұздата алмайды. Ыстық күн де жылы жүрегіңізді жандыра алмайды.

Бір-біріңізді мәңгі сүйіңіздер! Мұны сыңарыңыз секунд сайын сезінетіндей етіңіз. Сезіміңізді қайта-қайта айта беріп, құнды сөздің бағасын жоғалтудың қажеті жоқ. Әр әрекетіңізден өздігінен көрініп тұрсын. Өзіңіз де көре біліңіз. Бағалай біліңіз.

Жалығу... Кемшілігін көру... Басқаға көз салу... Елеусіз қалдыру... Бұл құбылыстар өмірде болуы мүмкін екені санаңызға кіріп те шықпасын. Өз ойыңызбен шақырмаған нәрсе өзі келмейді.

Әсіресе, ешқашан елеусіз қалдырмаңыз. Оның сөзін де, ісін де назардан тыс қалдырмаңыз. Оны тыңдауға сіздің уақытыңыз жоқ, досы өз отбасымен әлек, ата-анасының да мәселесі жетерлік. Сізден артық кімі бар? Кім болуы керек? Мұңайса, қуантыңыз. Күлсе, бірге күліңіз.

Құласа, демеңіз. Мансапта, жолы болмаса қателігін бетіне басатын сізден де басқа адам көп. Барлығы теріс айналса да, сіз қолдау білдіріп, рухын биікке көтеріңіз. Оған сеніміңіз сейілген орнына, күшейе түссін.

Өзіңізді дамытқанда, бірге дамытыңыз. Керекті курстарға бірге қатысыңыз. Қызығушылығына қызығыңыз, таңдауына құрмет білдіріңіз!

Бір-біріңіздің көңіліңізге қаяу салмауға бар күшіңізді салыңыз! Сүйіңіз, сүюге жаралдыңыз!

@. @assel_assanova