15 сәуір. Махаббат туралы үздік өлеңдер

15 сәуір. Махаббат туралы үздік өлеңдер

Мassaget.kz порталы 15 сәуір - ғашықтар мерекесі қарсаңында махаббат туралы үздік өлеңдерді топтастырды. Бүгінгі заман ақындарының махаббат лирикасын бірге оқиық!

Құштарлық

Сезім нұры жауғанда себелектеп,
Ермен мұңға мас болған ебелектеп.
Қызыл гүлдің жабысып қауызына,
Қонса жалғыз қоңырқай көбелек кеп...
Ол менмін ғой,
Әлдене керек еткен.

Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,
Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.
Бозала таң атқанда бозторғай кеп,
Терезеңе қонақтап шырылдаса,
Ол менмін ғой...
Қайтейін ұғынбасаң.

Тырналарын түн бойы тыраулатқан,
Мұңлы әуенге тұншығып мұнарлы аспан.
Қара жолдың үстінде қайғы құшып,
Жапырақты көрсең сен құлап жатқан...
Ол менмін ғой,
Сені ойлап жылап жатқан!

Қыңыр боран қымсынбай қыңсыласа,
Қыңсыласа,
Бір сәтке тыншымаса.
Сенің алма жүзіңді аяз келіп
Ақырын шымшыласа...
Ол менмін ғой сүюге құштарланған,
Жүрегіңнен бір күні бүршік атам...

Тоқтарәлі Таңжарық

 

Төрт әріп

Шырағымды тұтатып ап жаңбырдан,
Мен өзіңді іздеп жүргем тағдырдан
Төрт әріптен есіміңді құрап ап,
Әр тамшыға суретіңді салдырғам!

Арасында әріптердің көнерген,
Сені іздедім жұмбақталған өлеңнен.
Мұң мен қайғы шаршатқанда жүректі,
Сен көріндің шұғылаға бөленген. 

Тамырымда маза бермей бір ағын, 
Мен өзіңді періштеден сұрадым.
Жолыққанда бұлдырады көзіңнен,
Талай жылдар іздеп жүрген жұмағым.

Кемпірқосақ үстіменен жүгіріп,
Сені іздедім жер мен көктен түңіліп.
Көздеріңе – айнасына ғарыштың,
Құлап кеттім, абайсызда үңіліп.

Әні-міне от шырағым сөнерде,
Тағдырыма басыбайлы көнерде.
Сені таптым, о, алақай! 
Періште,
Жүректегі сезімдерді көмерде.

Түннен шығып, 
Бар жарықтан жасқанған,
Сәлем айттым арайланған жас таңға.
Төрт әріптен құралатын атыңды,
Бар сәулемен жазып қойдым Аспанға! 

Ақберен Елгезек

Сәт

Жұлдыздан жарық жеткенше,
Сағынып үлгердім сені,
Жанымнан тұрып кеткенше,
Сағынып үлгердім сені,
Көбелек қанат қаққанша,
Сағынып үлгердім сені,
Қалалар шамын жаққанша,
Сағынып үлгердім сені,
Бір тамшы тамам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір шырпы жанам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір ойдан қайтам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір сөзді айтам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Құс ұшып қонам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Қу көңіл қалам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Зарыңды тартам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Жүгіңді артам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Перронға шығам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бәрін де ұғам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Сағынбан енді дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
«Махаббат өлді» дегенше,
Өлтіріп кетші мені!

Ерлан Жүніс

***

Өмірдің төтеп сан ағысына,
Күндерім өтті шерге тең.
Бейнеңді байлап қалам ұшына,
Жаныңды үнсіз тербетем.

Бір кезде әппақ үміт болғансың,
Пәк болып түсіп хатқа да.
Жүрекке шық боп тұнып қалғансың,
Туғанда жұлдыз шоқтана.

Білінді бүгін наздың керегі,
Мезгілі өтті сүйектен.
Сен жайлы өлең жазғым келеді,
Ақ көңіл, адал ниетпен.

Мұңайып кетем кимелегенде ой,
Көңілім сырын ашпаса...
Мен сені бәлкім сүймегенде ғой,
Болар ма еді бәрі басқаша.

Қарайды түндер көз алмай менен,
Жаныма айықпас дерт еккен.
Сезімім жайлы жаза алмай келем,
Көз жасым сынды мөлт еткен.

Бағытым болар сөнбеші шырақ,
Ақ сезіміңді кеше гөр.
Ел айтса айтсын, сенбеші бірақ,
Мені ақын боп кеткен десе егер.

Хамит Есаман

Ғашықтық

Сен – өмірімнің өзегісің.
Жанарында жан толқыған
Саған деген сағынышым
дауысымның дірілінде,
Сеземісің?!

Төзімімнің әр қадамы күрсініспен саналған
Мезетте,
Елесіңе құр алданып есіме алсам өткенді,
Қаперімде қабағыңның нұры ойнап,
Кәусар күлкің көңілімді гүлдетіп,
Құлағымнан кетпеді!

Шүкір, деймін,
шүкір, деймін, көкірегіме күй тұнып,
...Сосын, анау аспан жаққа шаттығымды шашқылап,
Әуенімен Құранның әлдилетіп жүректі
жарасым бер, Жаратқан, деп жыладым,
Жалғандағы жарығым!

Маңдайдағы тағдырымыз – Жаратқаның жазуы ─
Жазмышта жұп жүректің жаннан тәтті мұңы бар.
Мен – Сен деген махаббаттың жырымын.
Сұлуым!
Сенің Жаның... Сенің Жаның...
Сенің Жаның аққу ма екен?!
Аққу – болмыс сыңарыңмын,
Ақ қанатын аймалаған дұғалы түн.
Дұғалы түн бұтағында бүрлегенде арманым,
Үмітімнің лүпілімен жапырақ – жаным тыныстап,
Саған ғазал арнадым!

Бауыржан Қарағызұлы

Сурет:  ©Асан Нурымжанов, ©Евгений Кузнецов, ©Тимур Утешбеков, ©Нурбек Жантлеу, ©Нуржан Кыдырбай

Ш. Талап