15 сәуір. Мерекелік үстелді қалай безендіреміз?

15 сәуір. Мерекелік үстелді қалай безендіреміз?

Үйімізге келген қонақтың көңілінен шығу үшін дастарханымыздың жайнап тұрғанын бәріміз де жақсы көреміз. Сол себепті ас мәзірімізді әзірлеп, алдын ала дайындалып жататын жайымыз бар. Алайда уақытымызды тиімді пайдаланып, түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерден керемет безендірулер жасауға болатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Сондықтан біз бүгін ғашықтар күні қарсаңында сіздерге дастарханның сәнін келтіретін бірнеше тамаша туындыларды ұсынғымыз келіп отыр. 

Дастарханымызды жеміс-жидектерсіз елестету қиын. Соның ішінде алма жемісі. Оны суреттегідей әдемі етіп ойып, келген қонағымызға ұсынуға болады. 

Бұл сәбізден жасалған раушан гүлі. Жасалу жолы тым қарапайым. Сәбізді жұқалар турап, 15-20 минут салқын тұзды суға салып қоямыз. Содан соң қағаз бетіне қойып құрғатып, рет-ретімен орналастырып ораймыз. 

Қызанақ пен қиярдың адам денсаулығына пайдасы бәрімізге белгілі. Ал оны дастарханымызға қоюдың да түрлі тәсілдері бар. Біз соның оңай әрі тиімді түрін ұсынып отырмыз. 

Мәзірімізге қиярды гүлдің формасында кесіп, жанына аскөк пен қызанақты уақтап турап қойсақ, дастарханымыздың көркін аша түседі. 

Қонақтарымызға ерекше көңіл-күй сыйлап, сәнді әрі дәмді дастархан басына шақырайық, достар! Ас болсын!

Сурет: Massaget.kz

Ж. Исакаев